Жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Міне, осы басымдықты Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру аясында негізгі деп айқындады. Ол Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының, елімізде әзірленіп жатқан жаңа заңның бастапқы негізі болды.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында қоғамды «жарқын болашаққа бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге» шақырды. Бұл ретте мемлекеттің және ұлт өмірінің нормасы патриотизм мен дәстүр рухы, бірлік пен сайыскерлік рухы болуы тиіс. Әрбір адам осы жасампаз рух оның өмірінің бір бөлігі болуы үшін қолынан келгеннің барлығын жасауы тиіс.
Күшті кәсіби армиясыз қуатты Қазақстан бола алмайды. 2014 жылғы Қарулы Күштердің жауынгерлік ұраны «Кәсіпқой – Армия негізі!» болып жарияланды. Оның негізінде уақыт талабына және мемлекеттің әскери құрамдасын дамыту жүйесіндегі жаңа өзгерістерге сәйкес келетін аса терең мағыналы рухани мән жатыр.
2013 жылы Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыру қызметіндегі басты назар жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуді жандандыруға, Отан қорғаушының оң беделін қалыптастыруға, әскери мамандықтың беделін арттыруға және әскери қызметті негіздеуге аударылды.
2013-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі республикалық бағдарламаның шеңберінде әскерге шақыру жасына дейінгі және армия жастары арасында «Ерлік сабақтары», «Жас армияшы күні», «Ашық есік күндері» нысанында әскери-патриоттық сипаттағы ауқымды іс-шаралар кешені ұйымдастырылды.
Еліміздің барлық облыс орталықтарында Қарулы Күштер қатарына жаңадан шақырылғандарды салтанатты шығарып салулар шеңберінде танымал тұлғаларды, ардагерлерді, спортшыларды және өңірлер жұртшылығын тартумен «Әскерге шақырылушы күндері» өткізілді.
Отан қорғаушы күнін мерекелеу кезеңінде қалалардың алаңдары мен көшелерінде жауынгерлік техника мен қару-жарақ көрсетілді, соғыс жылдарының әндері мен марштарын орындаумен концерттер, «Сарбаз ботқасы», «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз», «Патриот» акциялары, «Отан қорғаушы күні», «Армия балалар көзімен» конкурстары, әскерилендірілген ойындар, эстафеталар мен кростар өткізілді.
Осы күндері еліміздің көптеген қалаларында азаматтар көшелерде орнатылған мониторлар арқылы онлайн режімінде «Отар» 40-шы әскери базасындағы Жоғарғы Бас қолбасшы қатысқан Жауынгерлік парадты тамашалады. Тек бірінші күннің өзінде телеарналар 100-ден астам сюжет көрсетті, газеттер мен ақпарат агенттіктерінде Жауынгерлік парад туралы шамамен 300-дей материал жарияланды.
Жастарды патриоттық тәрбиелеудің және азаматтық қоғамда армияның беделін арттырудың тиімді үлгілерінің бірі Қорғаныс министрлігі ақпараттық-насихат тобының Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясының іске асырылу барысын түсіндірумен ел өңірлеріне шығулары болып табылды. Ақпараттық-насихат тобының жұмысы барысында ел өңірлерінде әкімдіктер басшыларымен жастарды әлеуметтік қолдауда өзара іс-қимыл жасау және оны жетілдіру мәселелері бойынша жұмыс кездесулері болды, Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблі әртістерінің күшімен әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері және азаматтық тұрғындар үшін концерттер берілді.
Сонымен бірге, әскерге шақырылған өңірлердің тумасы болып табылатын қызметтік міндеттерін адал орындаған әскери қызметшілерді салтанатты марапаттаулар жүзеге асырылды. Осы іс-шаралардың барлығы БАҚ-тарда ауқымды түрде жарияланды.
Сонымен, 2013 жылғы 3 шілде мен 28 тамыз кезеңінде кәсібилендіру және азаматтарды әскери қызметке тарту жөніндегі үгіт-насихат жұмысы үдерісін кеңейту мақсатында әскери оқу орындары жанындағы әскери кафедралар студенттерінің арасында байқау-конкурс өткізілді.
Әскери бөлімдер мен мекемелердің базасында өткізілген көптеген әскери-патриоттық іс-шараларға қатысқан Парламент депутаттары – запастағы генералдар М.Қ.Алтынбаевтың, Б.Е.Ертаевтың, А.Б.Тасболатовтың, Жас армияшылар бірлестіктері республикалық штабының төрағасы әділет полковнигі Н.М.Нұрахметовтің, сондай-ақ, ардагерлер және жастар ұйымдары, «Нұр Отан» партиясы және оның «Жас Отан» жастар қанаты өкілдерінің белсенді ұстанымын атап өту керек.
Қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыруда дәстүрлі «Жас ұлан» республикалық армия әндерінің фестивалі оң рөл атқарды. Өткен жылы есеп бойынша он бесінші мерейтойлық фестиваль алғаш рет Астана қаласында Гала-концертпен өткізілді.
Әскери-патриоттық жұмыстарды жүргізу Қарулы Күштердің әскери бөлімдері мен мекемелеріне ресми түрде бекітіліп берілген жалпы білім беретін мектептер мен балалар үйлеріне шефтік көмек көрсетуден де көрінеді. Осы жылы еліміздің жоғары оқу орындарын қоса ала отырып, шефтік байланыстарды елеулі түрде кеңейту жоспарлануда.
Қазіргі уақытта мемлекеттің ақпараттық өрісінде армияның оң беделін қалыптастырудың негізгі факторы болып табылатын БАҚ тарапынан Қарулы Күштердің тіршілік әрекетіне қызығушылық елеулі түрде арттырылды. БАҚ-пен серіктестік байланыстарын нығайту саласында белгіленген оң үрдістер туралы атап өту қажет, оң ақпаратпен алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру бойынша байланыстар саны елеулі түрде көбейді. Брифингтер мен баспасөз мәслихаттарын өткізу, баспасөз релиздерін, фото және бейнематериалдарды тарату сияқты ынтымақтастық нысандары кеңінен дамуда. Әскери бөлімдер мен бөлімшелерге шығумен баспасөз турларын ұйымдастыру анағұрлым тиімді болып табылды.
Одан басқа, ағымдағы жұмысты ұйымдастыру кезінде әскери басшылықтың негізгі назары Қарулы Күштер қызметінің толық спектрін көрсетуге аударылды, ал ақпарат беру әскерлердің күнделікті тіршілік әрекетінің барлық аспектілерін көрсету арқылы тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Сонымен, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұсынған деректер бойынша, Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жылдың қорытындылары бойынша ақпаратты жариялау саласындағы барлық негізгі ұстанымдар жөнінен басқа әлеуетті құрылымдардың баспасөз қызметтері арасында үздіктердің бірі ретінде атап өтілді.
Теледидарда және радиода қазақстандық патриотизм сезімін тәрбиелеуге, Қарулы Күштер туралы оң қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған арнайы бағдарламаларды, әлеуметтік роликтер мен жарнамалық бейнематериалдарды орналастыру ақпараттық-насихат жұмысының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Барлығы 2013 жылдан бастап телеарналарда 1000-нан астам жаңалықтар сюжеті көрсетілді, баспасөз беттерінде 800-ден астам Қарулы Күштер туралы материал жарияланды. Әр демалыс күндері сайын «Хабар» және «Қазақстан» телеарналарында «Айбын», «Ақсауыт», «Дела армейские» атты әскери-патриоттық бағдарламалар көрсетілуде. Кезекті бағдарламаларды дайындауда көмек көрсететін орындардағы әскери командирлердің сіңірген еңбегі зор. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Мегаполис» республикалық газеттері, «Сарбаз», «Айбын», «Батыр», «Оборонный вестник» және басқа да әскери баспасөз басылымдары әскери кәсіп тақырыптарын белсенді түрде жариялайды.
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні Қорғаныс министрлігі мемлекеттік органдар арасында бірінші болып Интернет ТВ – «korganys.kz» жаңа мультимедиалық сайтының тұсаукесері жасалды. Интернет ТВ – бұл заманауи мультимедиалық веб-портал, ол Қазақстан армиясы туралы бейнесюжеттерді, бейнероликтерді орналастыруға арналған.
Ағымдағы жылғы көктемде телекөрермендер 30 сериалы «Офицер абыройы» (орыс тіліндегі нұсқасы «Честь офицера») көркем сериалдың премьерасын тамашалайтын болады. Бұл отандық тұңғыш әскери сериал Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілді. «Офицер абыройы» қазіргі Қазақстан армиясының тыныс-тіршілігінен толық әрі шынайы мағлұмат береді. Сериалдың басты идеясы – Отанға деген сүйіспеншілік және Отанды қорғау болып табылады.
2013 жылғы шілдеде «Особое задание» бірегей әскери тележобасының 3-ші маусымы басталды. XIII Еуразиялық форумда (Мәскеу қ.) «Особое задание» тележобасы «Жаңа армия – Бейбіт армия» номинациясында ТМД елдерінің 25 жобасы арасында үздік деп танылды. Бүгінгі күні «Особое задание» – Қазақстандағы жалғыз әскери реалити-шоу.
Әскери-патриоттық тәрбиелеу блогын одан әрі дамыту мен жетілдірудің жаңа жолдарын іздеу проблемасы күн тәртібіне бірнеше рет қойылған болатын. Осы мәселелер мынадай соңғы іс-шараларды өткізу барысында анағұрлым кең және толық талқыланған болатын:
- 2013 оқу жылының қорытындылары бойынша Қорғаныс министрлігі алқасының отырысы (2013 жылғы 25 қараша);
- Қарулы Күштер тәрбие жұмыстары органдарының лауазымды адамдарымен оқу-әдістемелік жиындар (2013 жылғы 26-27 қараша);
- Қазақстан Республикасының әскери басқару және қылмыстық қудалау органдары үйлестіру кеңесінің отырысы (2013 жылғы 29 қараша);
- Бас әскери прокуратура, Әскери-техникалық мектеп, Білім және ғылым министрлігі, мемлекеттің әскери әлеуетті құрылымдары өкілдерінің қатысуымен Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген жұмыс кеңесі (2013 жылғы 11 желтоқсан).
Сонымен, осы кеңестің қорытындылары бойынша Қорғаныс министрлігі, жас армияшылар бірлестіктерінің республикалық штабы мен әкімдіктер арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумның жобасы дайындалды. Оны біз осы жылдың басында жасасуды жоспарлап отырмыз.
Біріншіден, бұл ел Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-шы сессиясында берген Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі базасында Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу орталықтарын құру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталды. Қазіргі уақытта басшылық Әскери-техникалық мектеп директорлары – Әскери-патриоттық тәрбиелеу орталықтарының бастықтары, сондай-ақ, олардың әскери-патриоттық тәрбиелеу жөніндегі көмекшілері лауазымдарын енгізу туралы мәселені пысықтауда.
Екіншіден, өңірлерде оң сипатқа ие болған әскери-патриоттық блоктың барлық іс-шаралары ағымдағы жылы міндетті түрде жалғасатын болады.
Осы жылы Қазақ радиосымен және «Қазақстан» телеарнасымен бірлесіп, «Әскери әндер» жаңа музыкалық жобасын іске асыру бойынша жұмыс өрістетілді. Жобаның мақсаты әскери-патриоттық тақырыпқа арналған жаңа туындыларды шығару және әскери әндерді танымал ету болып табылады. Финалдық Гала-концертті Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырып өткізу жоспарлануда.
Бүгінгі күні қазақстандық патриотизм – бұл біздің көпұлтты қоғамымыздың өркендеуінің негізі екенін әрқайсымыз түсінеміз.
Мұхамеджан ТАЛАСОВ,
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, полковник.