Бұл туралы Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев «Ашық диалог» сұхбатының кезекті санында айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Мемлекет басшысы Олимпиадаға қатысты өз пікірін білдірді. Олимпиада командасының нәтижесі еліміздің спорттық әлеуетіне сәйкес келмейді. Менің ойымша, бұл пікірмен бәрі келіседі», деді Абаев сұхбат барысында.
Оның айтуына қарағанда, мұндай жағдайда біреуді жұмыстан шығарып, қалыптасқан жүйені қайта құру арқылы елдің көңілін тыныштандыруға болады. Бірақ ол жүйелі кемшіліктерді шешпеуі мүмкін.
«Қазір алдымызда тұрған міндет – қателіктермен жұмыс істеп, осы саладағы барлық процестерді талдау керек. Айтпақшы, Президент негізгі бағдарды нұсқады. Бұл – бұқаралық және балалар спортын дамыту. Осы бағытқа түсуіміз керек. Яғни, ең бастысы – ауылдарда қаладағыдай спорттық инфрақұрылым қалыптастырып, мүмкіндігінше балаларды тегін спорт секцияларына көбірек тарту. Әрине, білікті жаттықтырушылар мен нұсқаушыларды даярлау қажет», деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол Олмпиада қорытындысы бойынша үлкен талдау жасалып, ревизиялық жұмыс жүргізілетінін айтты. Күзде Президент спорт бойынша үлкен кеңес өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.