• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 23 Тамыз, 2021

Алматы – арзан қала

463 рет
көрсетілді

The Economist сарапшылары қалалардағы тауарлар мен қызметтер бағасын салыстыра отырып, әлемдегі қымбат қалалар рейтингін жариялады. Бұл рейтингте Алматы қаласы ең арзан қалалардың бірі ретінде көрсетілді.

133 шаһарға шолу жасалып, ондағы 140 тауар мен қызметтер бағасы салыс­ты­рылған. Оның ішінде азық-түлік, алкоголь, коммуналдық қызмет, киім, жеке гигиена, баспана арендасы, спорт пен денсаулық шығыны, ойын-сауық және транспорт категориялары зерттелген.

Қорытындысында ең қым­бат қала мәртебесін Париж, Цюрих және Гонконг иеленген. Үшеуінің де индексі 103 пайыз­ды құраған. Сонымен қатар үздік он­дықта Сингапур (4), Тель-Авив (5-6), Осака (5-6), Женева (7-8), Нью-Йорк (7-8), Ко­­пенгаген (9-10), Лос-Анджелес (9-10) қа­лалары бар. Ал ең арзан қалалар – Дамаск пен Ташкент. 133 қаланың ішінде Алматы 33 пайыз индекспен 129-орын­ға тұрақтаған. Сөйтіп әлемдегі ең арзан қалалардың бірі ретінде аталып отыр.

Әрине, Қазақстанның өз ішінде Алматы ең қымбат қалалардың бірі саналады. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары себетіндегі 19 пози­ция­ның 12-сі Алматыдағы қымбат тауар­лар қатарына жатады. Басқа қала­лармен салыстырғанда оңтүстік астанада бірінші сортты бидай ұны (29,7 пайыз), бірінші категориялы жұмыртқа (38,4 пайыз) ерекше қымбат. Сонымен қатар мегаполисте коммуналдық қызмет, қоқыс шығару қызметі, ыстық су, электр энергиясы рес­публиканың басқа қала­лары­нан бірнеше есе қымбат.

Energyprom мәліметінше, бала­бақ­ша, шаштараз, фото­қыз­мет, ақылы дәрігер қыз­меті де алматылықтардың қалта­сына едәуір салмақ салып отыр. Тұрмыстық хи­мия мен жеке гигиена заттарын да ар­­зан деп айта алмайсыз. Деген­мен фарма­цев­тикалық препа­рат­тардың өзге қала­ларда­ғы бағадан төмен екені анықталған.