Ел билігі индустрияландыру бағдарламасын дер кезінде қабылдамағанда, Қазақстан экономикасының соңғы он жылда орын алған дағдарыстар мен дүрбелеңдерге төтеп беруі неғайбыл еді. Өңдеу өнеркәсібіне ден қойып, индустриялық саясатты дұрыс қалыптастыра білгеннің нәтижесінде әлемдік экономика айдынындағы кемеміз шайқалмай, еркін жүзіп келеді.
Өрлеудің жолы өңдеу екенін жете ұғынғандықтан, мемлекеттің қолдау шараларының негізгі бөлігі индустрияландыруға бағытталды. Тиісінше, бұл секторға біздегі бизнестің де ынтасы ауды. Соның нәтижесінде индустрияландыру бағдарламасы басталған 10 жылда өндірістің жалпы құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 32,3 пайыздан 44,6 пайызға дейін артты. Еңбек өнімділігі 1,7 есе өсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнім құрылымындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі (13,1 пайыз) алғаш рет тау-кен өндіру (12,2 пайыз) секторынан асып түсті. Мұндай өсімге металлургия өнеркәсібі, машина жасау, азық-түлік өндірісі, құрылыс материалдары бағытындағы оң нәтижелер әсер етті. Бұл индустрияландыру саясатының 10 жылдық жемісі екені айтпаса да түсінікті.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, индустрияландыру бағдарламасы қолға алынған 10 жылдың ішінде 9,1 трлн теңгеге 1,5 мыңнан астам жоба іске қосылған. Мұның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әсері де айқын байқалып отыр. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібінің құрылымы өзгерді. Екіншіден, 200 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды. Үшіншіден, өңірлердің инфрақұрылымына қан жүгірді. Төртіншіден, біздің елде бұрын-соңды өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрінің өндірісі жолға қойылды. Бесіншіден, сыртқы нарықтардағы бәсекелестігіміз нығайды. Мәселен, бір ғана титан құймалары мен титан қорытпалары өндірісін алайық. Бұлар негізінен шетелдік нарыққа ғана бағытталған. Соның нәтижесінде бүгінде әлемдік титан нарығының 11 пайызы Қазақстанның еншісіне тиіп отыр.
Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы күрделі жағдайлармен тұспа-тұс басталғанын аңғарамыз. Ол кезде шикізаттық сектор «салтанат құрып», энергия тапшылығы мен көлік инфрақұрылымының кемдігі қос бүйірден қыса түскенін жақсы білеміз. Отандық кәсіпорындар технологиялық тұрғыдан артта қалып, толық жүктемемен жұмыс істемейтін. Өңдеу саласының үлесі 10 пайызға жетер-жетпес жағдайда еді. Міне, сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «индустриялық даму – жаңа онжылдықтағы жаңа мүмкіндік» екенін мәлімдеді.
Мемлекеттік бағдарлама экономиканың барлық саласына соны серпін әкелді. Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы елдің дағдарысқа қарсы бағдарламасына айналды. Экономиканы әртараптандыруға басымдық берілді. Соның нәтижесінде ғана 2010-2014 жылдары өңдеу өнеркәсібінің қарқынын ішкі жалпы өнімнің 10 пайызы деңгейінде сақтап қалуға мүмкіндік туды. Индустрияландырудың бірінші кезеңі елді сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталды. Атап айтқанда, 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолы, 1 700 шақырым темір жол салынып, қалпына келтірілді. Электр энергиясының тапшылығына қатысты мәселе шешімін тапты. Арнайы экономикалық аймақтар үшін инженерлік коммуникациялар жүргізу қолға алынды. Кең жолақты интернет желілері салынды. Ел бойынша логистикалық орталықтар құрыла бастады.
Индустрияландырудың екінші кезеңінде химия, мұнай-химия өндірістері құрылып, мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртылды. Автомобиль кластері қалыптасты. Отандық кәсіпорындар алтын өндірудің толық циклін игерді. Әлемдік авиацияға арналған титан құймаларын өндіру басталды. Мыс индустриясында бірнеше заманауи зауыт ашылды. Индустрияландырудың нәтижесі мұнай бағасы күрт төмендеген тұста, 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы фактордың біріне айналды.
Темір жол машинасын жасау кластерін құрудың нәтижесінде электровоздар, жолаушыларға арналған вагондар, темір жол осьтері мен дөңгелектері, рельсті бекітудің пластикалық элементтері, бағыттамалы бұрмалар өндірісі жолға қойылды. Отандық зауыттар ТМД аумағында баламасы жоқ әрі жоғары жылдамдықты магистральдарға арналған ұзындығы 120 метрлік рельстерді шығаруға кірісті.
Еліміз ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз ете бастады. Он жыл ішінде қолданыстағы цемент зауыттары жаңғыртылды әрі цемент өндіретін заманауи кәсіпорындар пайдалануға берілді. Олар құрылыс нысандарындағы қажеттілікті толығымен қанағаттандырып отыр. Бүгінде елімізде 15 заманауи цемент зауыты жұмыс істейді. Оннан астам жаңа үй құрылысы комбинаты, сондай-ақ асфальт-бетон зауыттары іске қосылды. Тамақ өнеркәсібі де жаңаша серпін алды. Елде 30-дан астам құс фабрикасы салынып, жаңғыртылды. Бірнеше өңірде ірі май-тоң май кешендері мен кондитерлік өнімдер шығаратын зауыттар қайта жаңарды.
Қысқасы, индустрияландыру жылдарында экспортқа шығатын тың шикізаттық емес тауардың 100-ден астам түрі қалыптасты. Олар бойынша экспорттың көлемі 183 млрд долларды құрады. 2010
жылдан бастап негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,6 есе ұлғайды. Мәселен, 2010 жылы 413,1 млрд теңге құйылса, 2020 жылы 1 077,7 млрд теңге салынды. 2010-2020 жылдар аралығында экономикаға 248 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бүгінде құйылған қаржының әрбір алтыншы доллары өңдеу секторына тиесілі. Қазақстанда жасалған өнімдерді әлемнің 120-дан астам елі тұтынып отыр.
– Индустрияландыру жобалары елдің дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Айталық, 2010 жылы өңдеу өнеркәсібі бюджетті 450 млрд теңгемен толықтырды. Сол жолы тек сауда саласына ғана жол берді – 668 млрд теңге. 2019 жылы бұл сома 1 трлн 477 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл экономиканың негізгі үш секторы – ауыл шаруашылығы, сауда және көлік секторының салық аударымдарымен тең. 2010-2020 жылдары іске қосылған кәсіпорындар өңдеу өнеркәсібіндегі 4,8 трлн теңгенің өнімін өндірді, – дейді QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Бопазов.
Былтыр индустрияландырудың үшінші кезеңі басталды. Ондағы негізгі екпін ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өңдеу өнеркәсібін дамытуға жасалып отыр. Яғни мемлекет бірінші кезекте терең өңделетін тауар шығаратын кәсіпорындарды қолдамақ. Бұл экономиканы әртараптандыруға, шикізат экспортына деген тәуелділікті азайтуға, сондай-ақ қосылған құны жоғары өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тиісінше, болашақта экспорт құрылымын да толық өзгертуге жол ашады деп күтілуде.
– Үкімет қолға алған шаралар қайта өңдеудің жаңа бағыттарын дамытуға, сондай-ақ өнеркәсіпті ынталандыру мен қолдау тетіктерін жетілдіруге шоғырландырылмақ. Алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша біз қолдау және ынталандыру жүйелерінің нәтижесіне талдау жүргіздік. Олар салалар мен өндірістерді неғұрлым тиімді қамту үшін оңтайландырылады, – дейді М.Бопазов.
Осы орайда әлемдік пандемияның теріс әсерін ескермеуге болмайды. Себебі индустрияландырудың үшінші кезеңі коронадағдарыс кезінде басталды. Индустрияландырудың бұған дейінгі екі бесжылдығы да дәл осындай алмағайып кезеңде қолға алынып, өз нәтижесін берген еді. Демек, бұл жолы да өңдеуші өнеркәсіп жүрістен жаңылдырмас деп ойдаймыз. Мұны сарапшылар да айтып жүр. Өңдеу өнеркәсібін дамытудың сапалы жаңа траекториясына шығу үшінші бесжылдықтағы жобаларды табысты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.