Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Палата отырысын сөз сөйлеп ашқан Төраға Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңызына ерекше тоқталды.
Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Палата отырысын сөз сөйлеп ашқан Төраға Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының маңызына ерекше тоқталды.
– Біз бәріміз ел өміріндегі аса маңызды саяси әрі шын мәніндегі тарихи оқиға – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының куәсі болдық, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Бұл Жолдау 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді стратегияны орындауға бағытталған кешенді бағдарлама болып табылады. Жолдау – қалыптасқан мемлекеттің серпінді дамуының негізгі тетіктерін, әлеуметтік-экономикалық өрлеу жолын жан-жақты нақтылайтын тарихи құжат. Ең бастысы, Президент еліміздің орнықты дамуына негізделген іс жүзіндегі ұлттық идея және мемлекеттік идеология болып табылатын Мәңгілік Ел тұжырымдамасын негіздеп берді. Халқымыздың арман-мүддесін айшықтау, әл-ауқатын арттыру және келер ұрпақтың қамын ойлау – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясатының алтын арқауы. Олай болса, палата алдында тиісті заңдарды уақтылы әрі сапалы қабылдау міндеті тұр. Белгіленген стратегиялық мақсаттар Парламент пен Үкіметтен бірлесіп жоғары жауапкершілікпен қоян-қолтық жұмыс істеуді талап етеді.
Бұдан кейін сенаторлар күн тәртібіндегі мәселелерді қарады. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы табыс пен капиталға қосарланған салық салуды болдырмауға қатысты хаттамаға өзгерістерді көздейтін заң жобасы қабылданды. Хаттама 2010 жылғы 3 қыркүйекте Астана қаласында жасалған. Екі ел заңнамаларында көзделген өзгерістерге сәйкес, хаттамамен «Қазақстан», «резидент» деген терминдерге, сондай-ақ, конвенцияның «Өзара келісу рәсімдері», «Ақпарат алмасу» деген жекелеген баптарына өзгерістер енгізіледі. Қаржы министрінің міндетін атқарушы Руслан Дәленовтің айтуынша, бұл өзгерістер уағдаласушы мемлекеттердің салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және салықтан жалтаруды болдырмауға әрі осы салада ақпарат алмасуды тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта құру және даму банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметіне қатысты келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Келісімде банктің еліміз аумағында пайдаланатын мәртебесі, иммунитеттері, артықшылықтары және алып қоюларын растау және айқындау мақсаттары қарастырылады. Сонымен бірге, иммунитеттерден бас тарту және банкті құру туралы оған дейін бар артықшылықтарға қосымша артықшылықтар беру жағдайларын нақтылайды. Мұндай артықшылықтар мен иммунитеттерге банк мұрағаттарына және оған тиесілі барлық құжаттарға немесе орналасқан жеріне, нысанына қарамастан, өзі ұстаушы болып табылатын құжаттарға қол сұғылмаушылық жатады.
Бұл ретте банк өзінің ресми қызметінің шегінде Қазақстан аумағында сот ісін жүргізудің кез келген нысанынан иммунитетке ие болатынын айта кеткен жөн. Банк пен оның активтері, мүлкі, табысы, мәмілелері, операциялары мен пайдасы тікелей салық салудан, кез келген алымдар мен аударымдардан босатылады. Аталған халықаралық қаржы институтының қызметкерлері зейнетақымен қамсыздандыру және медициналық сақтандыру жүйесі саласындағы, валюталық шектеулерден босату туралы артықшылықтарды да пайдалана алады. Әйтсе де, мұндай артықшылықтар Қазақстан азаматы болып табылатын банк қызметкерлеріне жүрмейді.
Бұдан басқа, палата кеше «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасына бастамашы болған бір топ депутаттың бірі сенатор Людмила Полторабатько енгізіліп жатқан өзгерістерге түсінік бере кетті. Жалпы, 2013 жылы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 55 мыңнан астам қорғау туралы ұйғарым шығарылса, заң күшіне енгелі бері олардың саны 143 мыңнан асқан. Депутаттың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы тағы бір маңызды шара құқық бұзушылық әрекеттеріне байланысты оларды сот қаулысымен 3-тен 12 айға дейінгі профилактикалық есепке алу. Белгілі болғанындай, соңғы 7 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстар саны 1611-ден 684-ке дейін төмендеген. Әсіресе, кісі өлімі 588-ден 218-ге дейін азайған. Баяндамашы мұның әлі де жоғары көрсеткіш екенін атады.
Заң жобасында соттардың шешімін әдейі орындамайтындарға жауапкершілік енгізіліп отыр. Жапа шеккендерді әлеуметтік көмек алатын, қиын жағдайға тап болғандар санатына жатқызу жағы да назарға алыныпты. Бұрын қолданылып келген айыппұлдың орнына әкімшілік қамау ұсынылған. Заңдық құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адам мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбірленушінің бір ғимаратта бірге тұруына тыйым салу да көрініс тапқан. Бұл ретте жәбірленушінің басқа уақытша балама тұрғын жайы болуы керектігіне баса назар аударылып отыр.
Талқылау барысында сөз алған сенатор Бірғаным Әйтімова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары ең бірінші мемлекет тарапынан көмек алуы керектігін алға тартты. Депутаттың пайымынша, талқыға түскен заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтағы барлық проблемаларды шеше алмайды. Дегенмен, мұнда қордаланған проблемаларды тарқатуға кезекті қадам жасалып отыр. Жапа шеккендерге жергілікті көмек көрсету ұйымдары тарапынан қолдау жасауға болатыны, алайда ондай ұйымдар кейбір өңірлерде мүлдем жоқ екені және жергілікті органдар сенім телефондарының үздіксіз қызметін шешу керектігі де қаперге салынды.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетін қайта атау да шешімін тапты. Енді бұл комитет «Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті» деп аталатын болды. Комитет төрағасы Ақан Бижанов оның өзгертілуі Елбасының әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылу туралы міндетімен байланысты деп түсіндірді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».