Елімізде алғаш рет Ұлттық вакциналау күнтізбесіне сәйкес балалар вакциналары туралы барлық қажетті ақпарат жинақталған бірыңғай ресми ресурс іске қосылды.
БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетімен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен (ҚР ДСМ ҚДСҰО), АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылық қолдауымен балалардың жоспарлы вакциналауы туралы ресми ақпарат пен медициналық зерттеулердің нәтижелері жинақталған сайт әзірленді. Бірнеше ай бойы MedSupport дәрігерлері мен ғалымдар тобы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп қажетті деректерді іріктеп, ата-аналар мен Қазақстандағы иммундау тақырыбына қызығушылық танытатын адамдар үшін EGU.kz сайтының құрылымы, интерфейсі және контентін барынша қолайлы ету бойынша жұмыс атқарды.
Ақпараттық ресурста Ұлттық вакциналау күнтізбесіне енгізілген әр вакцинаның толық сипаттамасы бар. Сайтқа кірген кез келген адам вакцина қорғайтын инфекциялармен танысып, қарсы көрсетілімдер мен ықтимал жанама әсерлер туралы оқи алады. Сайттың іске қосылуымен әрбір қазақстандық ата-ана аутизм және ҚПҚ вакцинасы туралы мифтің қалай пайда болғаны, неліктен балалар екпелерінде сынап жоқ екендігі, сондай-ақ инъекция орнын сулауға болатыны әлде болмайтыны жайлы біле алады. Сондай-ақ вакциналау туралы алыпқашпа әңгімелердің толық тізімі мен оны әшкерлейтін сенімді ақпаратқа көз жеткізеді.
«Вакциналау мәселелері көпшілік пен бұқаралық ақпарат құралдарын жиі алаңдатады. EGU.kz сайтының негізгі міндеті – вакциналар туралы толық және сенімді ақпарат беру және республикада вакциналау жұмыстарын ұйымдастыру. Бұл платформа вакциналау саласындағы тәжірибелі мамандар және ғалымдар мен халықтың арасындағы ашық және шынайы диалогқа арналған. Осы арқылы әркім өзін толғандырған сұрақтарға кәсіби және ғылыми негізделген жауап ала алады», деді Санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова.
«Вакциналау – ата-аналар үшін балаларын жұқпалы аурулардың ауыр зардаптарынан қорғаудың жалғыз, тиімді және баламасы жоқ әдіс. EGU.kz сайтында сіз вакциналау туралы дұрыс, дәлелді және негізделген ақпаратты ала аласыз», деді Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.
Ресми ресурста Вакциналау күнтізбесі, Вакциналау орталықтары, Вакциналар мен аурулар, мифтер, Сұрақтар мен жауаптар сияқты айдарлар бар. EGU.kz сайтында ата-аналар вакциналардың түрлері туралы ақпаратқа қол жеткізіп, оның қауіпсіздігін тексерудің барлық кезеңі және өздерін мазалайтын мәселелерге жауап таба алады. Сайт сонымен қатар вакциналау тарихына қысқаша шолу жасайды және вакцинамен басқарылатын бірқатар жұқпалы ауруларды жеңу жолындағы адамзаттың алғашқы қадамдарын сипаттайды. Алдағы уақытта аталған ресурс балаларды жоспарлы вакциналау туралы өзекті статистикалық деректермен толықтырылады.
«Вакциналарды ойлап шығару – медицинаның ең үлкен жетістігі. Бұл – өзіңізді және балаңызды денсаулыққа қайтымсыз зиян келтіретін, кейде өліммен аяқталатын қорқынышты аурулардан қорғаудың ең тиімді және кейде жалғыз жолы. ХХІ ғасырда кейбір ата-аналар балаларын вакциналаудың тиімділігі мен қажеттілігіне қатысты әлі де күмәндануда. Дұрыс және ақпараттандырылған таңдау жасауға көмектесу үшін ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірге бұрын Қазақстанда болмаған бірегей сайт әзірледі. Ұлттық вакциналау күнтізбесіне кіретін вакциналар туралы барлық ақпаратты табу оңай және жеңіл. Бұл сайт ата-аналарға баласын вакциналау туралы маңызды шешім қабылдауда пайдалы құрал болады деп сенемін», деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.
Сайт тұрғылықты жерге ең жақын вакциналау орталығын табуға мүмкіндік беретін картамен жабдықталған. Балаңызға жоспарлы егуді ұмытып кетпеу үшін ата-аналар электронды күнтізбеге вакцинаны уақытында қою қажеттілігі туралы ескерту функциясын қолдана алады.
«Біз осы жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. EGU.KZ сайты қазақстандық сәбилердің қауіпсіз және саламатты балалық шағы үшін ата-аналардың таптырмас көмекшісі болады!» деп түсіндірді Medsupport ұжымы.
Сайт ЮНИСЕФ Қазақстан мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің иммундау жүйесін күшейту жөніндегі бірлескен бағдарламасы шеңберінде әзірленген.
«Иммундау өмірді ғана құтқарып қоймайды, сондай-ақ балаларға, әйелдерге және отбасыларға өркендеуге мүмкіндік береді. Бұл маңызды веб-сайтта берілген ақпарат адамдарға вакцина арқылы алдын алатын аурулардың қаупінен қорғануға көмектеседі. Нәтижесінде, балалар мектепте болып, ата-аналар өз отбасына қамқорлық жасап, қолдау көрсету арқылы өз қоғамдастығы мен елінің экономикалық өсуіне ықпал ете алады», дейді USAID/Орталық Азия миссиясы директорының міндетін атқарушы Питер Янг.