Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын зәулім залда отырып, өз аузынан естіген жандардың бірі ретінде үлкен тебіреніс құшағында болғанымды жасыра алмаймын. Елбасы ғылым-білімге деген қолдаудың күшейіп, бұған бөлінетін қаржының барынша көбейетінін жария етті. Нақтылап айтқанда, таяу жылдары ғылымды қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің кемінде 3 пайызына дейін жетеді. Осыған орай, Жолдауда 80-нен астам инновациялық идеялар тегіннен-тегін айтылған жоқ. Сондықтан да болар, Жолдауға шетел ғалымдары мен сарапшылары да баса көңіл бөлуде.
Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын зәулім залда отырып, өз аузынан естіген жандардың бірі ретінде үлкен тебіреніс құшағында болғанымды жасыра алмаймын. Елбасы ғылым-білімге деген қолдаудың күшейіп, бұған бөлінетін қаржының барынша көбейетінін жария етті. Нақтылап айтқанда, таяу жылдары ғылымды қаржыландыру ішкі жалпы өнімнің кемінде 3 пайызына дейін жетеді. Осыған орай, Жолдауда 80-нен астам инновациялық идеялар тегіннен-тегін айтылған жоқ. Сондықтан да болар, Жолдауға шетел ғалымдары мен сарапшылары да баса көңіл бөлуде.
Бұл бағдарламалық құжатта жоғары және арнаулы оқу орындарының алдына заман талабына сай тың да жаңа міндеттер қойылып отыр. Міне, бұл негізінен алғанда оқыту үдерісіне заманауи әдістеме мен технологияны енгізуге, оқытушы-педагогикалық құрамның сапасын жақсартуға, біліктілікті растайтын тәуелсіз жүйені құруға, талапты шәкірттер үшін білімге қолжетімділік аясын кеңейтуге, тағы да басқа өзекті мәселелерге келіп саяды. Осы орайда, Елбасы тек білім беріп қана қоймай, алған білімін әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана білуге икемделу қажеттігін нақтылай түсті. Демек, бұл – білімгерлерге деген талапты күшейте түсу деген сөз.
Жоғары оқу орнының негізгі мақсаты – терең білімді, іс-тәжірибесін жүзеге асыруға қабілетті білікті маман даярлау. Киелі топырақта бой көтерген білім ордасы Италияның Болон университетінде үдерістің негізі болып қаланған университеттердің Ұлы хартиясына қол қою арқылы білім берудің әлемдік кеңістігіне қосылды. Болон декларациясының талаптарына сәйкес құрылымға бірсыпыра өзгерістер енгізіліп, жаңа стратегиялық бағыттар белгіленді.
Студенттің білім деңгейі оқытушының біліктілігіне тікелей байланысты. Студенттің білімі таяз болса, бұл ұстаз ісінің нәтижесі төмендігін көрсетеді. Сондықтан да оқытушыға деген талапты күшейту басты назарда. Білім беру саласында жалпақшешейлікке, босаңдыққа жол беруге болмайды. Оқу орнының халықаралық мәртебесіне сай биік талап тұрғысында болуды парыз деп санаймыз. Осы ретте, бірқатар оқытушыларды біліктілікті арттыру бағдарламасымен Оксфорд, Кембридж, т.б. оқу орындарына ғылыми тағылымдамадан өтуге жіберу қолға алынды.
Дәл қазір біз университетіміздің әлемдік деңгейдегі озық білім ордаларының қатарынан орын алуына алғышарттар жасауды алдыңғы орынға қойып отырмыз. Осы шараларды жүзеге асыра алғанда ғана білім ордасында дайындалатын мамандардың оқу жоспарларын еуропалық стандарттарға сәйкестендіруге, академиялық дәрежелердің халықаралық деңгейде мойындалуына, кредиттік технология бойынша сынақтардың бірлік жүйесін енгізу арқылы академиялық ұтқырлықты қамтамасыз етуге, қос дипломдық білім бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік туады.
Университетте қазіргі кезде 29 ұлттың өкілін қамтитын 10 мыңға жуық жас білім алуда. Оның ішінде түркітілдес 15 мемлекеттен келген 1200-дей студент пен тыңдаушы бар. Студенттер негізінен қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілдерінде оқытылады. Сондай-ақ, барлығы 54 мамандық бойынша білім алуға мүмкіндік болса, 30 мамандық бойынша магистратура, 3 мамандық бойынша резидентура және 11 мамандық бойынша докторантура (PhD) ашылған.
Қазіргі таңда университетте ғылымды сала-сала бойынша дамытуға айқын бағыт алынып отыр. Солардың бір-екеуін тілге тиек ете кетейік. Айталық, медицина саласы бойынша мамандар Еуропа стандарттарына сәйкес дайындалады. Ғылымға иек артқан тәжірибелі ғалым-мамандар жетерлік. Түрік Республикасының бірнеше оқу орнымен келісімшарт түзілген. Медицина мамандықтарында білім алатын студенттер үшін Шымкент және Түркістан қалаларында екі клиника оқу базасы ретінде пайдаланылуда.
Ойымызды түйіндеп айтар болсақ, инновациялық зерттеу жұмыстарымен халықаралық деңгейге көтерілу – негізгі мақсаттарымыздың бірі. Тәуелсіз еліміздің шын мәнінде алдыңғы қатарлы білім ордасы атану жолында бар мүмкіндікті пайдаланамыз. Бұл дегеніңіз, халықаралық стандарттар негізінде сапалы білім алып, жарқын болашаққа нық қадам жасайтын рухы биік, білімді, сапалы ұлттық кадрлар тәрбиелеуге батыл қадам болмақ. «Қазақстан жолы – 2050» алдымызға тартып отырған ұлы мақсат-мүдде биігінен көріну – бүгінгі уақыт талабы.
Уәлихан АБДИБЕКОВ,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің
президенті, профессор.