Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингке еліміздің Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров қатысып, ведомство алдында тұрған мақсат-міндеттерге тоқталды.
Брифингте сөз алған Н.Қаппаров Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 30 дамыған мемлекет санатына қосылу мақсаттарына жетудің жолдары айқындалғанына тоқтала келе, осы ауқымды құжатта белгіленген міндеттерді орындау бағытында жалпыұлттық жоспардың қабылданғанын атап өтті. «Бұл жоспар аясында біздің министрлікке бірқатар тапсырмалар берілген-тұғын. Біріншіден, көлікті жанармайдың экологиялық таза түрлеріне көшіру, елімізде электромобильдер өндірісін ашуға мүмкіндіктер тудыру және соған қажетті инфрақұрылым қалыптастыру бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Әрине, бұл мәселелерді қарастыру тапсырмасы бізбен бірге бірқатар орталық және жергілікті атқарушы органдарға да жүктелді. Осыған орай, арнайы құрылатын ведомстволық жұмыс тобы бұл бағыттағы проблемаларды шешу жолдарын қарастырады», деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда елдегі автокөліктердің 80 пайызы 10 жылдан астам мерзімде қолданыста болған. Мәселен, бүгінде ірі қалалардағы жекеменшік көліктердің үлес салмағы 70 пайызды құрайды екен. Бұл орайда, ведомство басшысы автокөлік парктерін жаңарту және көліктің экологиялық таза түрлерін дамыту шараларын белгілеп, ескі көліктерді кәдеге жарату және пайдалануға ынталандыру бағдарламасы әзірленіп жатқанын жеткізді.
Сондай-ақ, Н.Қаппаров еліміздегі жанармай сапасының еуропалық деңгейден төмен екендігін де жасырмады. Мұның себебін ол жергілікті мұнай зауыттарының өндірістік жабдықтарының ескіргендігімен және бөлшек-сауда орындарында стандарттардың орындалмай келе жатқандығымен байланыстырды. «Біз өндірілетін жанармай сапасын жоғарылату, жаңа стандарттарды әзірлеу шараларын қарастырмақпыз. Қазіргі жолдар инфрақұрылым мен электромобильдерді қолдануға мүмкіндік бермейді. Газ тасымалдау инфрақұрылымы да дамымаған. Соның салдарынан, көлік саласында көгілдір отынды қолдану мүмкіндігі төмен. Сондықтан, газ, электр қуаты және басқа да баламалы қуат көздерімен жүретін автокөліктер үшін инфрақұрылымды құрып, дамытамыз. Сондай-ақ, көліктерді таза қуат көздеріне ауыстыру бойынша мемлекеттік қолдау көрсету шаралары қарастырылады», деді бұл мәселе турасында министр.
Осылай дей келе, Н. Қаппаров бұл жұмыстар аясында бірқатар заңға өзгерістер енгізу, көлік ағымдары мен инфрақұрылымын басқару жүйесін жетілдіру арқылы осы сектордағы энергия тиімділік пен ресурстардың үнемділігін арттыру, көлік саласындағы парниктік газдардың шығарылымын есептеу сапасын жоғарылату шараларын қарастыру мәселелері жоспарда тұрғанын атап өтті. Егер, аталған кешенді шаралар жоспары қабылданатын болса, кейін ол еліміздің бір ірі қаласында қанатқақты жоба түрінде жүзеге асырылмақ көрінеді.
Бұл күні Н.Қаппаровтың назарынан Елбасы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарда ведомствоға тапсырылған тағы бір маңызды міндет – Назарбаев Университеті аясында болашақ энергияны зерттеу және енгізу институтын құру мәселесі де сырт қалмады. «Бұл орталық энергетиканың ұзақмерзімді даму перспективаларын түсініп, бұл жолдағы тәуекелдерді ескеріп, еліміздің энергетикалық орнықтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Орталықты Назарбаев Университетінің жанында бірнеше жыл қызмет атқарып келе жатқан Энергетикалық зерттеулер орталығы негізінде құруға болар еді. Себебі, бұл орталықтың материалдық-техникалық базасы, зертханалары, кадрлары, сондай-ақ, есімдері әлемге танымал шетелдік ғалымдарды тартудың жүзеге асқан тетіктері бар. Құрылатын институт адамзатқа белгісіз мүлдем жаңа қуат көздерін ашумен немесе жаңартылатын энергия көздерін ары қарай дамытумен қолданыстағы технологияларды жетілдіру жолдарын іздеп, сондай-ақ, энергияны өндіру, сақтау және тасымалдау мәселелерін шешумен айналыса алар еді», деді министр.
Брифинг соңында Н. Қаппаров Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінің мамандары Елбасы Жолдауында белгіленген осындай нақты және маңызды тапсырмаларды орындау үшін бар ынта-жігерлерін жұмсап, жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».