• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2010

“ДАРИҒА-ЖҮРЕК” ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

1107 рет
көрсетілді

Талдықорғанда ақиық ақын Мұ­қа­­ғали Мақатаевтың өлеңіне жазыл­ған әндерді орындаушы­лардың “Да­ри­ға жүрек” атты бай­қауы өтті. Облыс басшысының бастамасымен өткен бұл байқауға Алматы мен Семей қала­ларынан және Жамбыл, Қараған­ды, Алматы облыстарынан келген жиырмадан астам үміткер қатысты. “Дариға жүрек” ән байқауында облыс басшысы Серік Үмбетов сөз сөйледі. “Ақынын ардақтаған ел аз­бай­ды” деп бастаған Серік Әбікен­ұлы Мұқағалидың өлеңдегі биік өресі жайлы орамды ойын ортаға салды. Мұқағалидың тау қойнауын­да жатқан шағын Қарасаз ауылы­ның ғана емес, иісі қазақ баласы­ның мақтанышына айналған алып тұлға екенін атап өтті. Талдықор­ған­ның төрінде басталған ән мен жыр кешінің ақынның 80 жылдық ме­рей­тойында Қарасаз ауылында рес­пуб­ликалық деңгейде қорытын­дыла­натынын жеткізіп, байқауға қатысу­шы үміткерлерге сәттілік тіледі. Байқау шымылдығын ең алды­мен осы шараға арнайы келген қо­нақ­тар бастады. Сахна төрінен эстра­­да әншісі Меруерт Түсіпбаева өнер көрсетсе, келесі кезекте Қазақ­стан­­ның халық әртісі Нұрғали Нүсіп­­жанов әннен шашу шашты. Бұдан кейін ел алдына шыққан “Мұқа­ғали” журналының бас редак­торы, ақын Батық Мәжитұлы Мұқағали­дың 80 жылдық мерей­тойын бір жыл бұрын облыс орталығынан осындай жоғары деңгейде бастаған облыс әкіміне алғысын білдірді. Сонымен бір күн бойы саз си­қы­­­рына бөлеген “Дариға жүрек” ән бай­қауы да өз мәресіне жетті. Бір айта кететін жәйт, екінші айна­лымға өтпеген әншілер де Алғыс хат пен 30 мың теңгеден сыйақы алып қайт­ты. Жүлде қоры 50 мың теңгені құраған ынталан­дыру сыйлығы жеті әншіге табыс етілді. Ал 75 мың теңгеден үш үшінші орынды Қанат, Айткүл Құдай­бер­геновтер, Сандуғаш Стам­ға­зиева және Алматыдан кел­ген байқаудың ең жас үміткері, он үш жасар Карина Алқожаевалар иеленді. Жүлделі екінші орынды Жамбыл облы­сынан келген Фариза Досболова мен алматылық Гүлден Жұмабай қанжығаларына байлады. Бірінші орынды иеленген Алма­ты облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншісі Есенгелді Рзаға қомақты ақшалай сыйлық бе­ріл­се, “Дариға жүрек” ән бай­қауы­ның бас жүлдесін тек қана қыз­дар­дан құрылған Жетісу мем­лекеттік уни­вер­ситетінің “Мөлдір” ансамблі иеленіп, өнерпаз ұжым 300 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапат­талды. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.