АКЦИЯСЫ ОҢДЫ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ
Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен өткен жылы “Туған жер – алтын бесігім” акциясы өмірге келіп, ол көпшіліктен тиісті бағасын алған болатын. Жақында осынау өміршең бастама жалғасын тауып, оны мемлекеттік қызметкерлер бастап кеткен еді. Осылайша облыстық прокуратура, ішкі істер және кедендік бақылау департаменттерінің қызметкерлері аталмыш акция бойынша өз өнерлерін ортаға салды.
Екі сағат бойы құқық қорғау органдарының қызметкерлері жиналғандарды ән мен күйге бөледі. Кедендік бақылау департаментінің қызметкері Қайрат Базаров “Туған жер” атты өлеңін тамылжытып шырқаса, ішкі істер департаментінің 45 адамнан тұратын хоры әскери-патриоттық әндердің бірінен кейін бірін орындады. Ал облыстық прокуратураның офицері Дархан Козуб “Алға, қазақ жігіттері” әнін орындаған кезде жиналғандар ризашылықпен қол соқты. Қалалық МАИ бастығының орынбасары Еркін Әнуарбеков шырқаған “Алғашқы махаббат” әніне, облыстық прокуратураның “Көз тимесін” КТК құрама командасының өнеріне көпшілік риза болды.
Акцияға облыс әкімі Б.Сапарбаев, облыстық прокуратура, кедендік бақылау, ішкі істер департаменттерінің басшылары Қ.Төлегенов, Ұ.Жаңабаев, Қ.Қасымов қатысты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
ӨСКЕМЕН.