• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2014

Түсіністік түбі – тыныштық

391 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние

ЕЛ БІРЛІГІ – БЕЙБІТШІЛІК

Әрине, бұл күндері Украинада болып жатқан саяси жағдай украин халқымен бірге біздерді, барлық қазақстандықтарды да алаңдатуда. Күнделікті теледидардан көріп, интернет арқылы оқып, қарап, біліп отырмыз. Бүкіл әлемде, оның ішінде, әсіресе, Украинада болып жатқан оқи­ғалар қазір ешкімді де бейтарап қалдырмайды ғой деп ойлай­мын.Украина көшелеріндегі, алаң­дарындағы қақтығыстарды, қира­ған, бүлінген ғимараттарды көріп, жаның ауырады. Қарама-қайшы­лықтардың шиеленісуіне бұдан әрі жол бермеу үшін бейбіт шешім арқылы ғана тыныштық орнайтыны сөзсіз. Біздің тілек: бауырлас елдің басына түскен қазіргі күндер артта қа­лып, жақсы күндер келсін. Украина бұрын­ғыдай елдік мақсаттар жолына түссін. Елдің бірлігі, ел ішінің тыныштығы ауадай қажет екенін осындайда шынайы сезінесің. Киевте басталған бұл дүрбелең енді Қырым автономиялық республикасына дейін жетті. Соңы қандай зардаптарға соқтырар деп бүкіл ел-жұрт алаңдаулы. Біздің бұрынғы одақтас республикаларда ешқандай қантөгіс, алауыздық, түсінбеушілік болмаса екен дейсің. Облыстағы Ассамблеямызда да түрлі ұлт өкілдері бас қосып, ел­дік мақсат-мүдде жолында ең­бек етудеміз. Елдік дегеннен шы­ғады, Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев халыққа Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясын көтерді. Бүгінгі алма­ғайып заманда мұндай ата-баба арманына Отанымыздағы барлық ұлттар мен ұлыстардың достығы, татулығы, бірлігі арқылы ғана қол жеткізе алатынымызды бек түсінуге тиіспіз. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы осы орайда елі­міз­дегі әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан бүтіндей бір ғылыми инс­титут ретінде тыныштықтың, дос­тықтың кепіліне айналып үлгерді. Қазақстан басшысының бастамасымен құрылған әлемде баламасы жоқ бұл қоғамдық институттың ұлы ұлттық идея – «Мәңгілік Елге» қол жеткізуде де орасан зор аралық рөл атқаратыны анық. Жалпы, қазақ халқы қиын күн­дерде де әртүрлі ұлт өкілдерін бауырына басты. Біз де осы Мәң­гілік Ел аясында ұл-қыз өсіріп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыра берейік. Бірлігі жарас­қан «Мәңгілік Елдің» бір бөлшегіне айналайық. Украина елінде тұрақтылықтың, тыныш­тықтың орнауын­ қалаймыз. Виталий СВИНЦИЦКИЙ, «Полония» поляк этномәдени бірлестігінің төрағасы. Павлодар облысы.  

ТАТУЛЫҚ – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ

«Бақытқа қайда бара жатырсың дегенде, бірлікке барамын» деген халық даналығы текке айтылмаса керек. Ұлтым – украин, Отаным – Қазақстан, түтін түтетіп, бала өсіріп, еңбек етіп, дос пен туыс тауып, берекеге молыққан елімде отырып, алыста жатқан тарихи отанымдағы қиыншылыққа жаным ауырады. Алтын басты, ежелгі орда – Киевтің от-жалыннан ыс шалған ғимараттарын көру, талай тарихтың куәсі Киев көшелерінің қанға боялуы бас жібін ұстатпас, божысынан тартып тоқтатпас әсіре саясатқа ұрынудың салдары екені күмәнсіз. Жоқ, алдымен – экономика, сосын барып саясат деген менің елімнің ұстанған бағытының дұрыстығы тағы да жан сарайыма шуақ сәулесін шаша түседі. Иә, осындайда Қазақстан басшысы­ның әу бастан-ақ халық бірлігін, этнос­аралық достық мәселесін алғашқы орындардың біріне қойып, сол бағыттағы өміршең бастамалары мен игі істері арқылы еліміздің ертеңін еңселендіруге жан аямай тер төгіп келе жатқаны жаныңды жылытады, жылытып қана қоймай, жадыратады. «Мәңгілік Елді» мұрат тұтуда осы жолдан бір сәт ауытқымай, саясаттың жел сөзіне еріп желкілдей бермеу қажеттігі бүгінгі де, келер ұрпаққа да айтылар өсиет сөз, алға ұстар шамшырақ болуға тиіс. Өмірім Отаныммен байланысты, одан алысқа демалысқа кетсем де сағына оралып, шекара сызығынан өтіп, Қазақстаныма кіргенде тынысым кеңіп сала береді. Мақсатымызға жетейікші. Бір «Мәңгілік Ел» Қазақстан болғанда, екінші бір абат ел Украина болса екен деп перзенттік пейілмен тілек тілеймін. Елдің амандығына, жұртыңның тыныштығына еш нәрсе жетпейді. Украина, тезірек қалпыңа орал, сенің алысқа шашыраған дәнің, несібесін алыстан терген, сол жерде өсіп-өніп бақытын тапқан перзентің ертеңіңнің жарқын болғанын қалайды. Наталья РУДОЙ, «Оберег» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.  

ЕЛМЕН ЕСЕПТЕСКЕННІҢ ЕСЕСІ КЕТПЕС

Әрине, Украинадағы бүгінгі ахуал ілгерішіл көзқарастағы барша адамды алаңдатады. Мұндағы келіспеушіліктер тараптардың өркениет биігінен көріне отырып, өзара түсіністік негізінде бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы шешілуі керек еді. Бұл жерде жағдай мүлдем басқаша сипатта дамыды. Қарсы тұрушылықтар кезінде қаза тапқан және жараланған адамдарды, сонымен қатар, бір-біріне өшпенділікпен қарсы тұрған топтарды көргенде, бейбітшілік пен ынтымақта, түсіністікте әрі қоғамдық келісімде ғұмыр кешкенің бәрінен де қымбат, бәрінен де артық екенін айқын сезінеді екенсің. Құдайға шүкір, бізде ондай жоқ. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Біздің халқымыз Мемлекет басшысының шешімдерін толық мақұлдайды. Қазақстан Пре­зи­дентінің «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық идеясын да бүкіл қа­зақ­стандықтар жан-жақты қолдап отыр. Өйткені, бұл идея – қазақтың ата-бабаларының бағзы замандардан бергі асыл арманы. Сондықтан, бір елде бір үйдің балаларындай тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Қазақстанның барша азаматы бұл ұлттық идеяны қолдайтынын да заңдылық деп түсінемін. Өйткені, біз бір елміз, бір халықпыз, оның үстіне «Мәңгілік Ел» идеясы халықтың ертеңін еңселі етуге бағытталған шешімдермен үйлесім тапқан. Жалпы, қазақтың «Бір­л­ік бар жерде тірлік бар», «Ырыс алды – ынтымақ» деген даналықтары қан­шалықты орынды екендігін осындайда бүкіл жан дүниеңмен сезінгендей боласың. Қазақстандықтар да бірлі­гіне ешқашан сызат түсірген жоқ. Оған, тағы да қайталап айтайын, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың дұ­рыс саясаты, Қазақстанды қайтсем өркениет биігіне көтеремін, қалай істесем халқымды жақсы тұрмысқа жеткіземін деген ұлан-ғайыр еңбегі, жан аямай төккен тері бірінші кезекте алғышарт жасап отыр. Гагик МАРТИРОСЯН, Қазақстан армяндарының «Ван» этномәдени бірлестігінің төрағасы.