30 мамырдан бастап жұртшылық көңілінен шыққан заманалық “Тұлпар” пойызы Көкшетау мен Алматының арасын жалғастыратын болды. Бұл туралы “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ Ақмола жол бөлімшесінің директоры Вячеслав Миронов хабарлады.
Бұл астаналық облыс тұрғындарын айрықша қуанышқа бөлеген оқиға болмақ. Өйткені, бұрын оңтүстік астанаға жету оңайға түспейтін. Көкшетаудан түнгі 3-те аттанатын №16 “Петропавл-Алматы” жүрдек пойызы жолаушыларға қолайсыздық туғызатынын былай қойғанда, ол Алматыға алып баратын жалғыз көлік еді.
— Енді бұл проблема оң шешімін табады, — дейді В.Миронов. Жерлестеріміз жиырма вагоннан тұратын, барлық қолайлы жағдайлар қарастырылған “Тұлпар” пойызымен Алматыға небары 15 сағатта жетіп барады. Ал, №16 жүрдек пойызы бұл қашықтыққа екі есе артық уақыт жұмсайтын.
Ақмола темір жол бөлімшесінің бастығы жолаушыларға арналған тағы бір жаңалықты жеткізді. Алдағы кезде Алматы бағытына қосымша екі пойыз жүретіні жоспарланыпты.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.