• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 20 Желтоқсан, 2021

Елеусінов – әлем чемпионы!

1212 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында елорда төрінде еліміздің ең мықты деген былғары қолғап шеберлерінің қатысуымен кәсіпқой бокс кеші өтті. Даңқты балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің атындағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде ұйымдастырылған кештің басты айқасында Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов IBO тұжырымының белдігін сарапқа салды.

Басты айқасқа дейін бірнеше қазақ­стандық боксшы шаршы алаңға көтеріліп, спорт сарайына жиналған жанкүйерлер мен теледидар арқылы тақым қысып отыр­ған көрерменге тартысты жекпе-жек ұсын­ды.

Бокс кешінің шымылдығын отандасымыз Елхан Табынбаев (2-0, 1 КО) ашып берді. Әзербайжан өкілі Эльмар Абдул­лаевпен қолғап түйістірген Елхан төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Кәсіпқой бокстағы карьерасын жеңіліспен бастаған жерлесіміз осылайша қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді. Табынбаевтан соң рингке шыққан бірінші жартылай орта салмақтағы қазақстандық Ақниет Әлімбай да 19 жастағы өзбек­стандық қарсыласы Зайнобиддин Со­би­ровтан төрт раунд қорытындысы бо­йын­ша ұпай санымен басым түсті.

Үшінші болып шаршы алаңға көте­рілген Асқат Жантұрсынов (5-0, 4 КО) жерлестерінің жеңісті жолын жалғай алмады. Кәсіпқой бокстағы тырнақалды жекпе-жегін өткізген әзербайжандық бокс­шы Сурат Гараев алты раундтың қо­ры­тындысы бойынша төрешілердің ше­шімімен жеңіске жетті.

Кезінде 75 кило салмақта ел чемпионы атанып, ұлттық құрама сапында бір­қатар байрақты бәсекеде ел намысын қор­ғаған Сапарбай Айдаров да кешегі бокс кешінде өзінің алтыншы кездесуін өткізіп, қарсыласын еш күмәнсіз жеңді. Екінші орта салмақта жұдырықтасатын ол украиналық Андрей Шеметовпен (6-1-1, 4 КО) кездесті. Алты раундқа жоспарланған айқас Айдаровтың пайдасына аяқталды. Сонымен қатар Дәулет Дәукенов те өзбек­стандық қарсыласын ұпай санымен қапы қалдырды.

Бокс кешіндегі алғашқы нокдаун ал­тыншы жұптың жекпе-жегінде тір­келді. Қазақстандық Айдар Шәрібаев (8-1, 7 КО) ресейлік Шохрух Абдиевті (9-2-1, 3 КО) үшінші раундта екі мәрте есең­гірет­кенімен, екі боксшы да толық алты раунд жұдырықтасып шықты. Нәти­же­сін­де, Шәрібаев ұпай санымен басым түсті.

Тәуелсіздік күніне арналған бокс кешінде қыздар да шаршы алаңда өз өнерл­ерін ортаға салды. Ұлттық құра­мадағы дау-дамайға байланысты кәсіпқой боксқа ауысуға мәжбүр болған Ангелина Лукас дебют жекпе-жегінде жеңіске жетті. Украиналық дебютант Светлана Василевскаямен жұдырықтасқан ол төрт раундтың қорытындысы бойынша төре­шілердің шешімімен үздік деп танылды.

Бір қызығы, бокс кеші аяқталмай жатып-ақ Лукас-Василевская айқасы осы кештің үздік жекпе-жегі деп танылып, екеуіне 5 мың АҚШ доллары көлемінде қаржылай сыйақы табысталды.

Дәурен Елеусінов осы бокс кешінің негізгі жекпе-жектерімен қоса, мерзімінен бұрын аяқталған кездесулер сериясын да бастап берді. Кәсіпқой бокста 12-ші кездесуін өткізген Елеусіновтердің үлкені әзербайжандық Әли Маммадовты (13-4, 3 КО) үш раунд бойы ауыр соққының астына алып, қарсыласын бас көтертпеді. Әзербайжандықтың жекпе-жекті әрі қарай жалғастырса өміріне қауіп төнетінін ес­кер­ген төреші айқасты мерзімінен бұ­рын тоқтатуға мәжбүр болды.

Дәуреннен кейін шаршы алаңға шыққан Жанқош Тұраров (24-0, 17 КО) қарсыласын небәрі 45 секундта сұлатып салды. Мысырдан келген Абдумон Саид (22-1-1, 11 КО) отандасымызға бір минут та қарсылық көрсете алмады. Жанқоштың сол қолымен іштен ұрған ауыр соққысынан кейін қарсыласы екі бүктеліп, орнынан тұра алмай қалды. Сөйтіп, 10 раундқа жоспарланған бәсеке бірінші раундтың бірінші минуты аяқталмай жатып өз мәресіне жетті.

Бокс кеші аясында екінші жеңіл сал­мақтағы Ержан Залилов (12-3-2, 6 KO) пен Ескендір Харсан араға 20 жыл салып Қазақстан чемпионы атағын сарапқа салды. Екі боксшы алғашқы раунд­ты тең дәрежеде өткізгенімен, бар мәселе екінші раундтың соңында ше­шілді. Бокс­шылардың үзіліске шы­ғуына 30 секунд қалғанда Залиловтің сол қо­лымен жасаған соққысы Ескендірді ауыр нокаутқа жіберді. Соққының ауыр бол­ғаны соншалықты Харсан ұзақ уақыт өзіне келе алмай, ринг ортасынан тұра алмай жатты. Дәрігерлердің көмегінен кейін ғана боксшы өзіне келіп, әрі қарай оны ауру­ханаға алып кетті.

Ауыр салмақтағы боксшымыз Иван Дычко да (10-0, 10 КО) мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Кәсіпқой бокста 11-ші айқасын өткізген ол ресейлік Александр Устиновпен (36-5-1, 27 КО) кездесіп, тех­никалық нокаутпен басым түсті. Дыч­коның сериялы соққыларынан кейін ресейлік боксшының бапкерлері шаршы алаңға орамал лақтырып, шәкіртінің жеңілгенін мойындады. Осылайша, Иван Дычко 11-ші айқасын да ерте аяқтады.

Дычконың жарқын жеңісінен кейін жанкүйерлер көптен күткен Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) пен аргентиналық Хуан Эрнан Леао (15-1, 4 КО) IBO тұжы­рымының алтын белбеуін сарапқа салған негізгі жекпе-жек басталды.

Данияр бірінші минуттан белсенді қимылдап, шаршы алаңның қожайыны кім екенін бірден аңғартты. Екінші раундта қарқынын арттырған Елеусінов Оңтүстік Америкадан келген қарсыласын екі рет есеңгіретіп алды. Бірақ тез ес жиып үлгерген Леао кездесуді әрі қарай жал­ғастыруға дайын екенін айтты. Кейінгі үш минутта да аргентиналық тағы бір рет нокдаунға түсті.

Хуан Эрнан Леао алғашқы үш раундта үш мәрте нокдаун алғанына қарамастан толық 12 раунд жұдырықтасып шықты. Кейінгі раундтарда Елеусінов те қарсы­ласына еш амал-айла жасай алмады. 12 раундтың қорытындысы бойынша төре­шілер жеңісті бірауыздан Елеусіновке беріп, қазақ боксшысы жартылай орта салмақта IBO чемпионы атанды.

Осылайша, Данияр Елеусінов толық­қанды бес чемпиондық белбеудің біреуін иеленген бесінші қазақстандық бокс­шының қатарына қосылды. Мұның алдында IBO тұжырымының чемпиондық белдігін Василий Жиров, Геннадий Головкин, Жанат Жақиянов пен Бейбіт Шүменов жеңіп алған еді.