Қаңтарда болған бүлік кесірінен елдегі 12 мың банкоматқа 2 млрд теңге көлемінде шығын келген. Алматыда қирап қалған мың банкоматтың барлығы үш банкке – Halyk Bank (389 дана), Kaspi Bank (381) және ForteBank-ке (194) тиесілі екен.
Ұлттық банк дерегінше, 2021 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша Қазақстанда 12,5 мың банкомат бар. Бір жылда құрылғылар саны бесеуге азайған. Ал соңғы бес жылда 2,8 мың данаға немесе 29,3 пайызға көбейген. Бұл ретте, бес жыл бұрын Cash-In функциясы бар банкоматтар үлесі небәрі 16,4 пайызды құраса, 2021 жылдың қыркүйегінде 45,5 пайызға (5,7 мың) жеткен.
Finprom-ның жазуынша, банкоматтардың басым бөлігі Алматы қаласында (2,4 мың) орналасса, 1 мың банкомат елордада, тағы 1 мыңы Қарағанды облысында және Түркістан облысы мен Шымкентте де осыншама қаражат құрылғысы бар екен. 2022 жылдың 18 қаңтарындағы екінші деңгейлі банктердің сайтындағы ресми ақпарға сүйенсек, елдегі банкоматтар жүйесінде 10,1 мың дана банкомат бар. Банкоматтар көптігі бойынша Halyk Bank (3,7 мың) көш бастаса, одан кейінгі орындарда Kaspi bank (2 мың) пен Jusan (979) тұр.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегі бойынша, ел аумағында 1 823 бизнес субъектісі зардап шексе, соның 1 573-і Алматыда орналасқан. Жаппай ереуіл кезінде қаржы секторындағы 86 субъекті де бүлінген. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдын ала есептелген шығын көлемі 4,1 млрд теңге екенін айтады. Соның 1,6 млрд теңгесі – банкоматтардың бүлінуі және одан қаржы ұрлануынан болған шығын. Залал келген банкоматтардан бұзақылар 507 млн теңгені ұрлап кетіпті. Жиынтық шығын сомасының 99 пайызы Алматыға тиесілі.