ЖЕҢІСПЕН ҚҰРДАС АҚЫН СЕРІКБАЙ ОСПАНОВТЫҢ ЖЫР КЕШІ ОСЫЛАЙ АТАЛДЫ
Белгілі ақын Серікбай Оспановтың жыр кеші болып өтті. Жеңіспен құрдас ақын биыл 65 жасқа толды. Ол оқырмандарымен бұл кездесуін “Жан аңсаған жалғыз сөз” деп атады.
– Соғыс жылдары ауылда жұрттың майдан жаққа құлағын тосып, сарыла күткені, аңсап, армандағаны “Жеңіс!” деген жалғыз сөз еді. Қансыраған халқымызға осы “Жеңіс” деген бір ауыз сөз қуат болған жылы өмірге біздер келген екенбіз. 1945 жылы туғандар майданнан мүгедек, ақсақ-тоқсақ боп келгендердің балалары. Менің әкемнің де соғыстан бір қолы жоқ болып оралды. Өзі ағаштан түйін түйген шебер еді. Менің бала кезімде бір қолымен домбыра жасады. Оны жалғыз қолымен тарта алмай, тек қарап отыратын. Бұрын домбыра тартқан адамға мұнан артық қасірет бар ма?–дейді ақын.
Бала кездегі осы суреттің барлығы да кейін ақын қаламынан өлең болып төгілді.
“Қалдырғысы келді ме екен ол мұра,
Домбыра тарту әлде арманы
болды ма?
Жалғыз қол боп оралып
әкем майданнан,
Қарағайдан жасап берді домбыра”,– деп жазды ол. Майданнан қолсыз, мүгедек болып келген әке баласына үй тұрғызып, астына машина алып бере алмады, тек өнерін мұра етіп қалдырды.
Осы кеште Серікбай Оспановтың негізінен соғыс тақырыбына арналған өлеңдерін І.Омаров атындағы облыстық драма театрының әртістері оқыды. Ақын поэзиясындағы лирикалық кейіпкер баяндаған сұрапыл жылдар суреті алыста қалса да, санада жаңғырып тұрады. Сонымен бірге Серікбай Оспановтың сөзіне жазылған әсем әндер кеш ажарын аша түсті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
ҚОСТАНАЙ.