Семейдегі тарихи орынның бірі – әйгілі Түйемойнақ аралы. Ол қай заманда да халықтың еркін сәттеріндегі басқосу орны болып келген. Алаш арыстарының да бірқатар салиқалы кездесулері мен сауықты сәттері осы аралда өткендігі кешегі күннің парақтарында жазулы тұр.
Ертіс өзенінің бойындағы бұл аралға 2004 жылы Рекреационды аймақ мәртебесі берілді. Яғни, бұл атау халықтың саяхат және демалыс шараларын ұйымдастыруға арналған алаң дегенді білдіреді. Ресми атау иеленген сәтте мұнда 2001 жылы Семей ядролық полигонының құрбандарына арналып салынған «Өлімнен де күшті» монументі ғана тұрды. Монументке жалғас сынақ алаңы белгіленген Қазақстан картасының көрінісі орнатылып, алаңға көшеттер отырғызылды. Электр жарығы тартылып, төңірек көгалдандырылды.
Семейдегі осы аралдың Рекреационды аймақ мәртебесіне сай абаттандырылып, жаңа сипаттағы алып мемориалдық кешенге айналғаны – 2011 жыл. Олай болатын себебі, аралға атқарушы билік арнайы көңіл бөліп, күрделі жөндеу жұмыстарымен бірге, бірнеше мәрмәр нысандар орнатты. Заманауи тастардан өрілген еңселі қақпа бой көтеріп, асфальт төселген көлік тұрағы пайда болды. Алаңның орта тұсына Қазақстан Президентінің 1991 жылы Семей полигонын жабу туралы Жарлығы ойып жазылған мәрмәр кітап орнықты. Оған іргелес маңда «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымының үшбұрышты белгісі қойылды. Сонымен бірге, жаңадан салынған «Бейбітшілік» стеласы шаңырақ пен қарлығашты тік көтеріп төңірекке тың мазмұн ала келді. Бұл көріністер 2011 -2013 жылдар «Ядролық қарусыз әлем» бастамасы аясында дәл осы жерде өткен Халықаралық форумға жиналғандардың жақсы пікірлерін тудырды. Мәртебелі меймандар Семейді Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл орталығы ретінде қабылдайтындығын ашық жеткізіп жатты. Олай болатыны – ядролық қарусыз әлемді қолдаушылардың халықаралық форумын жыл сайын 29 тамызда Семейде өткізу дәстүрге айналды.
Мұндай ірі ауқымдағы шара тізгінін әлем үшін бір түкпірдегі Семейге бұру – оңайлықпен бітпеген жұмыс екендігі мәлім. Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту бастамасы БҰҰ-ның қолдауына ие болғаннан бергі аралықта тәуелсіз еліміздің игі қадамдарын алпауыт мемлекеттер құптап келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев батыл шешімдер жасау арқылы Ядролық қарудан бас тарта отырып, Семей полигонына әлем назарын аудартты. Оның зардабы мен келешектегі тағдыры бүкіл адамзатқа ортақ екендігіне ден қойдырды. Әлем тыныштығы, адамзат қауіпсіздігімен ұштасқан ұлы мұрат жолында жұмыстар ұдайы жалғасып отырды. 2006 жылы Семей қаласында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарт жасалды. Бебітшілікті бетке алған мақсат 2009 жылы тағы бір зор асудан асты. Бұл жылы Қазақстан басшысы Семейде өткен халықаралық форумда 29 тамызды – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау жөнінде үндеу жасап, оны Біріккен Ұлттар Ұйымында қарауды ұсынды. Айтулы бастама халықаралық деңгейде қызу қолдау тапты.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның 2010 жылы Курчатов пен Семей қалаларына келіп-қайтқаны әлеуметтік-саяси маңызы жоғары оқиға болды. Мұндай мысалдарды әлі де жалғастыра түсуге болады. Бірақ, мәселе онда емес. Айтайық дегеніміз, дүниежүзілік маңызға ие болған ядролық қарусыз әлемді қолдау шаралары одан әрі жалғасқан сайын Семей қаласы да беделді сапарлардың нысанасына айнала түседі. Бұл атқарушы билікке осы бағыт аясында бұрынғыдан да кеңірек ойлауға негіз болғандай. Олай дейтініміз, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Түйемойнақ аралында «Бейбітшілік мұражайы» атауымен келесі кешенді салу жөніндегі бастамасы өңір халқының еңсесін одан әрі көтеріп тастады. Алып шар пішіндес ғимаратты салуға тәуекел жасаған Бердібек Мәшбекұлының бұл ниетін қоғамдық ұйымдар Елбасымыздың ерен еңбегін бағалаудың, халықаралық маңызға ие болған бастамасын ел болып қолдай білудің үздік үлгісі ретінде бағалауда.
«Бейбітшілік мұражайы» салынып біткен кезде «Ядролық қарусыз әлем» идеясының шынайы символына айналатын ғимарат болып шыға келетініне күмән жоқ. Ол қандай болатынын да айта кетейік. Алақандағы әлем композициясын білдіретін және хрусталь сынды шыны материалдан салынатын ғимарат биіктігі – 35, ені 24 метр. Қос алақанға қонған хрусталь – шар нұсқа «Әлемді аялай білейік» деген ұғымның ұранын құрылыс тілімен жеткізбек. Ол құрылысқа тіл бітсе: «Жер шарының тағдыры адамдардың қолында, сондықтан бүкіл планета қауіпсіздігі – баршаның перзенттік парызы» дегенді жайып салатындай. Аялы алақандағы алып шар-мұражай 5 қабаттан тұрады. Ішкі ерекшелігі – екінші қабатта түрлі техникалық жабдықтар орын алса, үшінші қабатта «1949 -1991 жылдардағы Семей полигоны» деген тақырыптағы мұрағат құжаттары мен суретшілер туындылары қойылып және 3Д форматтағы кинозал орналасады. Төртінші қабатта көрме және 200 адамдық мәжіліс залдары болады. Бесінші қабатта табиғи қысқы бақ болмақ.
Мазмұны бөлек мұндай ғимарат өңірімізде бой көтеріп жатса, кім қуанбасын. Әлемнің жетпістен астам мемлекетінен парламент басшылары мен депутаттар, үкімет мүшелері, беделді халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер, БАҚ өкілдері, танымал саясаткерлер мен ғалымдар қатысқан кезекті халықаралық форум кезінде осы «Бейбітшілік мұражайы» құрылысының құты-капсуласы жерге орнатылды.
Болат СІЛӘМБЕКОВ,
денсаулық сақтау саласының ардагері.
Советқазы ИБРАЕВ,
Семей мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы.