Орталық коммуникациялар қызметінде Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов пен ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаралы қаңтар оқиғалары кезінде жасалған қылмыстарды тергеу және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау іс-шараларына қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Бас прокуратура өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда арнайы прокурорлар жетекшілік ететін ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздік және терроризм актілері бойынша 181 істі тергеп жатыр. Сотқа дейін тергеп-тексеру саны 3 096-ға жеткен. Бұл істердің басым бөлігі меншікке қарсы, бұзақылық және қаруды жымқыру қылмыстарына қатысты.
Қылмыстық кодекс бойынша азаматтарға күш қолдану, бизнес объектілері және жеке мүлікті қирату, билік өкіліне қарулы қарсылық көрсету бойынша да тергеу істері бар екенін айтқан Е.Қилымжанов кейбір адамдардың іс-әрекеттері халық арасында үрей мен қорқыныш туғызып, мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатуды мақсат еткенін мәлімдеді. «Сол үшін олар мемлекеттік биліктің символы ретінде әкімдік ғимараттарына, сондай-ақ күштік құрылым объектілеріне шабуыл жасады. Сондықтан осындай іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің 255-бабына сәйкес терроризм актілері ретінде сараланады», деді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алудың негізгі мақсаты атыс қаруын иемдену болған. Ал қаңтар оқиғалары кезінде Алматы облысының полиция департаментінен 53 автомат, 367 тапанша, 1 гранатомет, сондай-ақ 23 мыңнан астам оқ-дәрі ұрланған. Мәселен, бір ғана Жамбыл облысында 209 автомат, 134 тапанша, 11 гранатомет, бір пулемет және 40 мыңға жуық оқ-дәрі қолды болған.
«Алматы резиденциясында қиратулардан кейін 130 қару мен оқ-дәрілердің жетіспеушілігі анықталды, оның ішінде 80 граната, 17 тапанша, 11 автомат, 21 гранатомет және снайпер мылтығы бар. Сондай-ақ 10 аңшылық дүкен тоналып, ол жерлерден 1 629 мылтық ұрланды. Жалпы алғанда, осы оқиғалар кезінде үш мыңнан астам қару ұрланған. Қолды болған қарудың тек үштен бірі немесе 967-сі ғана табылды. Ал 2 мыңнан астамы, соның ішінде гранаталар, пулеметтер, мылтықтар, тапаншалар мен гранатомет әлі де қылмыскерлердің қолында», деді Е.Қилымжанов.
Ол сондай-ақ осы жылдың 16 ақпанында Бас прокуратура, ІІМ, ҰҚК және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеген барлық қылмыстық істер бойынша 741 күдікті сот санкциясымен қамауға алынғанын да хабарлады. Олардың ішінде бұрын сотталған 113 күдікті, тыйым салынған экстремистік ұйымның 42 қатысушысы және ұйымдасқан қылмыстық топтың 35 өкілі бар. Брифингте Бас прокуратура өкілі қамауға алынғандардың жеке басына қатысты мәліметтер тыңғылықты зерттелгенін, олардың Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты портреттері жасалғанын да айтты.
«Ұсталғандардың басым бөлігінің жоғары білімі мен тұрақты жұмысы жоқ. Сондай-ақ олардың дені 30 жасқа дейінгі жастар. Алматы қаласында анонимді сауалнама жүргізу барысында әрбір үшінші қиратушы осы жағдайды пайдаланып, бөтеннің мүлкін ұрлау арқылы пайда табуды көздегенін мойындады», деген Е.Қилымжанов қазіргі таңда прокуратура органдары мен азаматтық ұйымдар өкілдерінің тізе қосып жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Олар қамауға алынғандар мен ұсталғандардың жағдайын күнделікті тексеріп, бүгінге дейін қолданған бұлтартпау шараларын жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізуде.
«Жеке бастарын, денсаулық жағдайын және өзге де материалдарды ескере отырып, 157 адамға қолданылған қамауға алу шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепіл, үйқамақ және жеке кепілгерлікке ауыстырылды», деді спикер. Алайда ол бұл деректердің алдағы уақытта өзгеруі мүмкін екенін айтты. Себебі аймақтарда бұлтартпау шараларын қайта қарау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Сонымен қатар прокурорлар жаппай тәртіпсіздікке қатысы жоқ 103 адамды уақытша ұстау изоляторынан шығарған.
Ал ІІМ Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов тергеу изоляторларына түсетін адамдардың міндетті түрде медициналық қараудан өтетінін мәлімдеді. Дене жарақаттары анықталған жағдайда бейнетүсірілім жасалып, жедел медициналық көмек көрсетілетінін мәлімдеген полиция полковнигі: «Жарақат алуға қатысты әрбір факті прокуратура органдарына хабарланады. Мекеме жағдайында білікті медициналық көмек көрсету мүмкін болмағанда, олар азаматтық денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізіледі және арнайы күзетілетін палаталарда ем қабылдайды», деді. С.Әділов барлық тергеу әрекеттері арнайы жабдықталған бейнебақылау камералары орнатылған мекемелерде жүргізілетінін де атап өтті.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2565 қылмыстық іс бар болса, олар бойынша 271 адам күзетпен ұсталған. Ұстау және бұлтартпау шарасын таңдау туралы барлық шешімдер қылмыстық-процестік заң талаптарына қатаң сәйкес әрі міндетті түрде прокуратурамен келісу бойынша және сот санкциясымен келісе отырып қабылданады. Сонымен қатар ұлттық алдын алу тетігі мен қоғамдық бақылау комиссияларының өкілдері барлық арнайы мекемелерге кедергісіз кіре алады. Мекемелердің барлық тұрғын, коммуналдық-тұрмыстық үй-жайлары қоғамдық өкілдердің қатысуымен комиссиялық тексеруден өткізілуде.
С.Әділовтің сөзінше, ұсталған адамдарға қатысты заңсыз іс-әрекеттер туралы әрбір өтініш бойынша Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті тексеру жүргізеді. «Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің билікті асыра пайдаланғаны туралы 59 өтініш қаралды. Олар бойынша қылмыстық істер қозғалып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке берілді. 18 өтініш бойынша азаматтардан түсінік алынып, бейнежазбаларды зерттей отырып, мұқият қызметтік тексеру жүргізілді, билікті асыра қолдану фактілері расталған жоқ», деді ІІМ өкілі.
ІІМ-нің мәлімдеуінше, қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 274-бабы – көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша 13 қылмыстық іс тіркелген. Осы бапқа қатысты екі адам қамауға, тағы екеуі үй қамаққа алынған.