Бұл туралы бүгін еліміздің бірқатар азаматын мемлекеттік наградамен марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қадірлі қауым! Ардақты ағайын! Ең алдымен баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл тарихы терең төл мерекеміз. Әз-Наурыз табиғатты түлетіп, тіршілікке нәр береді. Жаңару мен жаңғыруға үндейді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ ол халыққа жасаған Жолдауында «Жаңа Қазақстанды» құруға жол ашатын маңызды бастамалар ұсынғанын айтты.
«Мұның бәрі елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы. Біздің мақсатымыз – тиімді мемлекет және әділ қоғам құру. Сондай-ақ халқымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту. Ең бастысы – қастерлі тәуелсіздігімізді қорғап, Қазақстанды мықты мемлекетке айналдыру», деді Президент.