• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2014

Көпен ӘМІРБЕК: Күлкі – күштілер қаруы

1671 рет
көрсетілді

Сүйінші! Сүйінші! Атақты «Ара» журналы қанат қағып, қайта шығатын болды. «Сатира – қаһарлы қару, оны қолдан түсіруге болмайды» деген тұжырымды ту етіп ұстаған әлеумет қуанышты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту үшін бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін кеңінен пайдалану – уақыт талабы екенін атап өтті. Ендеше, әр сөзі мірдің оғындай «қаһарлы қару» қажет-ақ. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясының қызу қолдауымен қайта туған «Ара» журналына редактор болып бекітілген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сықақшы Көпен ӘМІРБЕКПЕН сұхбаттастық. – Тұтастай алсақ жүз жыл­дық тарихы бар «Араның» қайта шығатынын естіген жұрт елеңдеп қалды. Жабылып қалған журналды қайта шығару үшін біраз тер төккеніңізді білеміз. Жаңа пішінде шыққалы жатқан басылымның ендігі бағыты қандай болмақ? – Әңгімені әріден қозғайын. Бес қа­руын бойына асынған басылым «тар жол, тайғақ кешуді» басынан әбден өткерді! Сонау 1915 жылы «Садақ» деген­ ат­­пен шыға бастады да үш жылдан соң жа­былып қал­ды. Редакторы – Бе­йім­­бет­ Май­лин болатын. Сосын 1925 жы­лы Жүсіпбек Аймауытовтың редак­­тор­лы­ғымен «Шаншар» деген жаңа атау­ды иеленіп, қай­та жаңғырды. Бірақ ше­ті­неген сәби­дей болды. Тағы да жа­былды. Аума­лы-төкпелі 1932 жылы Ілияс Жан­­сүгіров «Балға» деген атпен жал­ғыз санын шығарған соң, тағы тоқтады. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс, нәубет кезеңдерінен кейін қоғамға есіп сөйлемей, кесіп сөйлейтін басы­лым қажет болды да 1956 жылы «Ара» журналының кіндігі кесілді. Бас редак­торлыққа сөз зергері Ғабең, Ғабит Мү­сі­репов келді. Түрлі-түсті бояумен безен­дірілген сатиралық журналдың бағыт-бағдары алғаш­қы бетте айғайлап тұр­ды. «Ара» өз сөзін: Ұшқалы тұрған «Арамын», Алдарыңа барамын. Қисық, Қыңыр, Қырсауды Талқыға сүйреп саламын. Жексұрын, Жылпос, Тоңмойын, Төрешілді табамын, Табамын да шағамын! – деп бастады. Берекені де, келекені де қатар ұстанған беделді басылым Асқар Тоқмағамбетов, Мыңбай Рәшев, Оспанәлі Иманәлиев, Жүсіп Алтайбаев, Шона Смаханұлы, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубә­кіров, Сейіт Кенжеахметов, Қажытай Ілияс­ұлы секілді сайдың тасындай сати­рик­терді төңірегіне топтастырып, қазақ әдебиетінің қарыштап дамуына қо­мақ­ты үлесін қосты. Апайтөс алпауыт­тар­дың бәрі «Арадан» аяғын тартатын. Сескенетін. – Осының себебі неде? – «Еш­теңеден қорықпайтын адамның өзі күлкі болудан қаймы­­­ғады» ғой. «Ара» – ара болады, шақ­қан жері жара болады», деді Ос­­пан­­­­­­­­хан ағамыз. Ғасыр мен ғасыр­дың тоғысына таман нарық қыс­пағына түскен басылым тағы да тапырақтап, тоқтап қалды. Сол тұста «Ара» жабылғаны – қазақ сатирасының қара жамылғаны» деп Қалтай ағамыздың қабыр­ғасы қайысты. Бірлі-жарым сықақ­шылар тізе қосып, тікенек тілді журналға жан бітіреміз деп жанталасып-ақ бағып еді, одан көңіл көншітетіндей нәтиже шыға қоймады. Міне, осы. – Енді сұраққа ойыссаңыз. – Баяғы бабаларымыздың мысалдап айтқан мысқыл өлеңі бар еді ғой. Қарға келіп қарқ етіп, Қалқып ішіп ол кетті. Көбелек келіп күмп етіп, Көлкіп ішіп ол кетті. Сауысқан келіп саңқ етіп, Сарқып ішіп ол кетті. Ойлап қарасаң, қазіргі заман­ның қарға, көбелек, сауыс­қандарын меңзе­гендей. Жем­қор­лық деген жегі құрттың тұқы­мын тұздай құртатын жол қайсы? Құқық қорғаушылардың құрығына түсіп, абақтыға айдалып жатқандар аз ба? Басқасы басқа, әрісі облыс әкімі мен генералдар, берісі министрдің орынбасарлары мен ауыл әкімдеріне шейін қамалып жатса не шара? Атам қазақ «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады» дейді. Сорақылыққа барған сондайларды сынайық. Мінейік. Жұрт білсін. Күлсін. Замананың кеселі әжуамен емделсін. Бүгінгі жастардың түйсігіне де «жемейтін адам жердің астында» дегендей теріс түсінік сіңіп бара жатқаны жасырын емес. Керісінше, жемейтін, пара алмайтын адам күлкіге айналып бара жатқандай. Бір мысал әңгіме. Жұмыртқаны жаңа ғана жарып шыққан сары уыз балапан жарық дүниеге көзін ашып қараса, бір шіркей тұр екен. Қылқ еткізіп жұтып қояды. Дәніккеннен құнық­қан жаман, ұясынан ұзаңқырап мойнын созса, беті бедірейіп, ек-үш тал мұрты едірейіп қарсы алдында қара мысық тұр екен. Ол мұны ап деп «асап» қояды. Балапандай қанат қаққан қазір­гі жастардың сана-сезі­мін қалып­тастыруда, менің түсі­ну­ім­ше, са­тираның рөлі орасан. Тә­лімдік, тәрбиелік маңызы зор. «Үйт­тік, бүйттік!» немесе «Ана­ны іс­те­гелі жатырмыз!» деп айт­қан жат­тан­ды жауыр сөздердің жас­­тар­дың қауашағына кіре қоюы екіта­лай. Сондықтан, журналды қайта шыға­райық, қолдан келгенше дертке дәру етейік деп еліміздің бас партиясына жү­гіндім. «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының бірінші орынбасары Бауыр­жан Байбек оралымды ойларды байыппен қабылдап, «Ара» журналының оқырмандармен қайта қауышуына мұрындық болса, неге қуанбасқа? – Сөзіңізді бөлейін, сіз са­тириксіз. «Нұр Отан» партия­сымен қоян-қол­тық арала­сып, жұмыла жұмыс істе­гелі тұрсыз. Сатира мен саясат­ты са­бақ­тастырып, қалай үйлестір­мек­шісіз? – Дәл осы мен айтқан мәсе­леде сатираның да, елді ойла­ған шын саясаттың да мақса­ты бір. Еліміздің жарқын бола­ша­ғын жасау үшін ақ тер, көк тер болып аянбай қажыр-қайратымызды жұмсауымыз керек. Әркім қолынан келгенше. «Нұр Отан» партиясының Саяси доктринасында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу баршаның және әр адамның міндеті. Ол біздің мемлекеттігімізді жегідей жейді, сондықтан біз онымен ымырасыздықпен күресе білуі­міз керек» делінген, егер жаңы­лыспасам. Осы жолда менің қолымнан келетіні – сатира. Біле-білсеңіз күлкі – күштілер қаруы. Әлжуаз болып әлсіреп жатқан әлеуметтік мәселелердің түйткілін сатираның тілімен көрсетіп, тіресетін жерде тірессек, күресетін жерде күрессек, несі сөкет. Ең бастысы, бізді бірік­тірген – ел мүддесі. Жаңа жыл қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Сая­си доктринасын тал­қылауға Бауыржан Байбек зиялы қауым өкілдерін шақырды. Қатыстым. Ой бөлістім. «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырыстарына да барып, бар-жоқты бағамдап жүрдім. Айтары бар азаматтардың шыр-пыры шығып сөйлеген сөздеріне құлақ түрдім. Қысқа күндегі қырық қылмыстың түр-түрін естігенде түсіңнен шошисың. Мен неге үндемеймін деп ойландым. Сонда сатира мен саясаттың мақсат-мүддесі бір екеніне көзім жетті. Ең алдымен, партиялық азаматтардың шынайылығын байқадым. Олардың қажыр-қайратына, аға буын алқаласа тау қопарып, тас көтеретініне сендім. Ұлт мүддесі мен ел болашағының бұл азаматтар үшін үлкен мағынаға ие екенін түсіндім. Жемқорлықпен күресетін «Ара» сияқты журнал­дың сыбайластықтан, жершіл­діктен, түйені түгімен жұтып жіберетін жалмауыздықтан тынысы тарылып бара жатқан бүгінгі қоғамға ауадай қажет болып тұрғанын сездім. Сөйтіп, біраз уақыт толғанып «Нұр Отан» партиясына ұсыныс айттым. Партия басшылығы менің ұсынысымды бірден қолдай кетті. – Сіздің «Ара» журналында 1973 жылдан бастап ұзақ жыл еңбек етке­ніңізді білеміз. Совет заманында да жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты сынаған фельетондар жайлы бір-екі мысал айта кетпейсіз бе? – Қайсібірін айтайын. Біздің қазіргі жағдайымызға параллель ретінде келтірген жөн шығар. Сексенінші жылдардың басында Алматыда тікелей Мәскеуге бағынатын түсті металлургия министрлігі болды. Сол ұжымда жұмыс істейтін бір жанашыр азамат «Араға» арыз жолдады. Тексеріп, ақ-қарасын анықтасақ біздің министрлік «Пәленбай кен орындарын аштық!» деп Мәскеуге өтірік мәлімет берген. Қағаз жүзінде қалған жалған ақпаратқа сенген жоғарыдағы дөкейлер 370 мың сыйлық беріп, майшелпекке батырған. Бұл үлкен ақша еді. Құдай-ау, сол кезде «Ара» редакторының айлығы 190 сом болатын. Фельетон шыққаннан кейін министр, оның екі орынбасары, сондай-ақ құзырындағы басқарманың біраз бастықтары орындарынан сыпырылды. Ол кездерде де «сүйеушің мықты болса, сүйек жұт – қақал­майсың» дей­тіндердің де төбесі көрініп тұратын. «Жоғарыға» арқа сүйеген бір министр өзі­нің былық-шылығы туралы жазыл­ған фельетонды оқи сала бас редакторға тікелей телефон шалып «До вас доберусь!» деп қоқан-лоққы жасағаны есімнен кетпейді. Оған редактор не десін? «Поторопитесь» депті. – Айдарынан жел ескен «Ара» журналы оқырманға қашан жол тартпақ? – Әуелі «Айқын» газетінің ішінен айына екі рет сегіз бет болып шыға бастайды. Күш алып күлкінің туын көтерген соң өз алдына отау тігіп, енші алатын күн де алыс емес-ау. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ.