ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ – ЕЛ МҮДДЕСІ
Сондықтан оған сергек қарау қажет
Елімізде тәуелсіздік алған күннен бастап өңірлерді жан-жақты дамыту, жергілікті деңгейде басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру және оны әрі қарай жетілдіре түсу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда.
Еліміздің өңірлерінің географиялық, табиғи-климаттық, демографиялық жағдайлары әртүрлі. Осыған байланысты олардың әлеуметтік-экономикалық дамуы да әртүрлі деңгейде болып отыр.
Мемлекет басшысының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында “өңірлердің дамуы – елдің дамуы, елдің экономикалық дамуы – өңірлердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты, жаңа өңірлік саясат – 2020 Стратегиялық жоспарының аса маңызды бөлігі екендігі” баса айтылды.
Президент Жолдауында жаңа өңірлік саясатқа басымдық берілді, ол өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайының үйлесімді және тиімді дамуын қамтамасыз етуі керек. Ал, өңірлерде мемлекеттік саясатты жан-жақты түсіндіру мен оның тиімді іске асуын қамтамасыз ету оңай шаруа болмайтыны анық.
Өңірлерді дамытуда депутаттық сауалдардың алатын орны ерекше.
Депутаттық сауал – депутаттың мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына, олар басқарып отырған органның немесе лауазымды тұлғаның құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде негізделген түсініктеме беруін немесе өз көзқарасын баяндауын ресми сұраған талабы, яғни сауалдар депутаттардың өңірлердегі шешімін таппай жатқан проблемаларды, сайлаушылардың мұң-мұқтажын, ұсыныс- пікірлерін билік алдына көтеріп, олардың халыққа тиімді шешімдер қабылдануына ықпал ететін құралы. Бұл – еліміздегі демократиялық үрдістердің дамуының көрінісі.
Сондықтан да, Парламент Сенатының жанынан құрылған “Өңір” депутаттық тобы Парламент Сенаты депутаттарының 2009 жылы өңірлік даму мәселелері бойынша көтерілген депутаттық сауалдардың мемлекеттік органдарда қаралуы нәтижелері туралы мәселені арнайы қарады.
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша депутаттық сауалдарды талдаудың мақсаты сауалдардың өңірлерді дамытудағы рөлі мен ықпалын анықтап, оның тиімділігін көтеру болып табылады.
Осыған байланысты талдаудың міндеттері мыналар болды:
- 2009 жылы Сенат депутаттарының сауалдарының жалпы сипаттамасы мен “Өңір” депутаттық тобы мүшелерінің депутаттық сауалдары және олардың өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы мен тиімділігі;
- депутаттардың сауалдарын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының қарау нәтижелерін зерттеу;
- депутаттардың мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына сауал жолдау құқығының, құқықтық негіздерін іске асыруды жетілдіру;
- депутаттық сауалдармен жұмыс істеуді жақсартуға бағытталған тұжырымдар мен ұсыныстарды қалыптастыру.
Жүргізілген талдау барысында депутаттық сауалдарды мемлекеттік органдардың қарауы “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының талаптарына сәйкес келетіндігі анықталды.
2009 жылы Сенат депутаттары мемлекеттік органдарға 169 депутаттық сауал жолдаған. Олардың ішінде, 137 сауал немесе жалпы сауалдар санының 81 пайызы өңірлік даму мәселелері бойынша жолданған. Өз сауалдарында депутаттар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуының перспективалық мәселелерін, сондай-ақ шешуі орталық мемлекеттік органдарға байланысты ағымдық сипаттағы өзекті проблемаларды көтерген. “Өңір” депутаттық тобы мүшелерінің қатысуымен 142 депутаттық сауал, яғни олардың жалпы санының 84 пайызы жасалды.
Депутаттық сауалдардың көпшілігі – 137-сі (81 пайыз) Премьер-Министрге, 26-сы (15 пайыз) Үкімет мүшелеріне, 1 пайызы Ұлттық банктің төрағасына, 2 пайызы Бас прокурорға, 1 пайызы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына жолданды.
Мемлекеттік органдардың депутаттық сауалдарды қарау нәтижелеріне сандық талдау 2009 жылы жария етілген 169 депутаттық сауалдың ішінде қанағаттандырылған депутаттық сауалдың саны 78 (46 пайыз) құрайтынын, 21 сауал (12 пайыз) жартылай қанағаттандырылғанын, 37 сауал (22 пайыз) қанағаттандырылмағандығын, 10 сауал (6 пайыз) кейінге қалдырылғанын, 23 сауал (14 пайыз) қаралу үстінде екенін көрсетті. 136 сауал (80 пайыз) толық қаралып қанағаттандырылды, жартылай қанағаттандырылды немесе қанағаттандырылмады, 33 депутаттық сауал (20 пайыз) одан әрі бақылауды қажет етеді (кейінге қалдырылды немесе қаралып жатыр). 11 депутаттық сауалдарға жауап (6 пайыз) заңмен белгіленген мерзімі өткеннен кейін берілді.
Депутаттық сауалдарды қарау нәтижелері бойынша сауалдардың неғұрлым қанағаттандырылғандары мәдениет, тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану, денсаулық сақтау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету, білім беру, көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу және пайдалануға беру мәселелеріне қатысты сауалдар болды.
Жартылай қанағаттандырылған депутаттық сауалдардың басым бөлігі коммуналдық меншік және жер қатынастарын реттеу мәселелеріне арналған.
Сонымен қатар, жер қатынастарын реттеу, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мен коммуналдық меншік мәселелері бойынша сауалдардың басым көпшілігі қанағаттандырылмаған. Және де коммуналдық меншік мәселелері бойынша қанағаттандырылған сауалдарға қарағанда қанағаттандырылмаған сауалдар көп екенін көрсетеді.
Бұл осы аталған салаларда әлі де шешімін таппай жатқан мәселелердің бар екендігін айғақтайды.
Кейінге қалдырылған депутаттық сауалдардың неғұрлым көп саны жылу және электр желілерін салу және пайдалануға беру мәселелеріне арналған.
Қаралу үстінде тұрған депутаттық сауалдар табиғат қорғау іс-шаралары, табиғат пайдалану, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті және инвестициялық климатты дамытуға арналған мәселелер болып отыр.
Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты ең көп депутаттық сауалдар Алматы қаласы мен Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарының еншісінде.
Депутаттық сауалдарда көтерілген мәселелер Үкімет тарапынан ыждағаттылықпен зерделеніп, көптеген ұсыныстар қолдау тауып, іске асырылуда.
Депутаттар мен Үкімет мүшелерінің бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде 2009 жылы өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен миллиардтаған теңге қаржы бөлініп, жаңа жобалар іске асырылып, жүздеген әлеуметтік, коммуналдық объектілер, ауыз су жүйелері, электр желілері жаңадан салынып, “Жол картасы - 2009” бағдарламасы бойынша мыңдаған нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Депутаттық сауалдарға жауаптардың сапасы негізінен заң талаптарына сай толыққанды болып келеді. Алайда, жетілдіруді қажет ететін бірқатар мәселелер де бар. Мысалы, депутаттық сауалдар бойынша мемлекеттік органдар қолданатын шаралар тиімділігінің жетіспеушілігі. Мысалы, Сенат депутаттарының 2009 жылы жанар-жағармай бағасын арзандатуға бағытталған шаралар қолдану туралы сауалдары Үкімет тарапынан толық шешімін таппады. Қолданылған шаралардың жеткіліксіз болуына байланысты бұл мәселе 2009 жылғы 13 қарашада Мемлекет басшысымен “тікелей желі” уақытында жария етілді және содан кейін ғана оң шешімін тапты. Осы сияқты республикадағы көктемгі-егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу кәсіпкерлікті дамыту үшін берілетін несие пайызын төмендету туралы, тағы басқа депутаттық сауалдар да өз шешімдерін толық таппай келеді.
Депутаттық сауалдарға берілген аралық жауаптарды талдау сауалдар бойынша одан әрі түпкілікті ақпарат беруге бақылау жасаудың жай-күйі де жетілдіруді қажет ететіндігін көрсетіп отыр.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың түпкілікті жауаптарынсыз сауалдардың бақылаудан алып тасталатын жағдайлары да орын алуда. Мысалы, “рапсты экспортқа өткізуге рұқсат беру туралы” депутаттық сауал бойынша Үкімет майлы дақылдар экспортына тыйым салуды алып тастауды көздейтін қаулы жобасын енгізді деген хабарлама жасаумен ғана шектелеген. Алайда, Үкіметтің осы мәселе бойынша түпкілікті шешімі туралы ақпарат берілмеген.
Осыған байланысты қолданылған шаралардың нәтижелері туралы хабарламаны депутаттық сауалға түпкілікті жауап деп есептеу қажет. Мұндай жауап неғұрлым кеш мерзімге созылатын жағдайларда, депутаттық сауалдарға жауаптар осыған тиісті бақылауды қамтамасыз ете отырып, қолданылған шаралардың нәтижелері туралы қосымша хабарланады деп көрсету қажет.
Жекелеген сала санаттары бойынша депутаттық сауалдарды талдау сауалдардың ең көп саны аграрлық сектор, көліктік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу және пайдалану; білім беру, денсаулық сақтау; әлеуметтік көмек көрсету және халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мәселелері бойынша жасалғанын анықтады. Сондықтан, алдағы уақытта аталған санаттар бойынша, салалық министрліктердің қатысуымен Парламенттік тыңдаулар мен дөңгелек үстелдер өткізу қажет деп ойлаймыз.
Депутаттық сауалдар жолдануы мүмкін лауазымды адамдар тобына байланысты құқықтық аспектілерді талдау мыналарды көрсетті. “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабына сәйкес депутаттық сауал мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына депутаттың талабы дегенді білдіреді. Сондай-ақ, осы бапта депутаттық сауалдар жолдана алатын мемлекеттік органдар лауазымды тұлғаларының тобы айқындалған. Алайда, 1995 жылы осы Конституциялық заң қабылданған кезден бастап, лауазымды тұлғалары аталған тізбеге енбей қалған бірқатар мемлекеттік органдар құрылды. Олар: Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы), Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі.
Осыған байланысты “Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Конституциялық заңға депутаттық сауалдар жолданатын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тобын кеңейту бөлігінде тиісті өзгерістер енгізген орынды болады деп санаймыз.
Өңірлік даму мәселелері бойынша Сенат депутаттарының 2009 жылғы депутаттық сауалдары мемлекет органдарында қаралу нәтижелері мемлекеттік және орыс тілдерінде басылып, талдау кітапша болып шығарылып, тиісті мемлекеттік органдарға таратылды.
Депутаттық сауалдарды мемлекеттік органдарда қаралу нәтижелерін талдау Парламент Сенатында бірінші рет жүргізіліп отыр. Келешекте осындай талдау жыл сайын өзінің жалғасын табады деп ойлаймын.
Сондықтан, депутаттық сауалдарға сергек жауапкершілікпен қарау – лауазымды тұлғаларға сын.
Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты.