Қазіргі таңда еліміздегі жоғары білім беру саласы түбегейлі өзгерістерді бастан кешіп жатыр. Заман талабына сай болуды мұрат еткен бұл реформаның түпкі мақсаты «Жаңа Қазақстанның» мүддесіне қызмет ететін жас буынның бойына нәтижелі білім мен өнегелі тәрбиенің дәнін сіңіру болса керек. Бүгінде сапалы маман даярлауға ден қойған мемлекет талаптың үдесінен шықпайтын оқу орындарын қысқартып, есесіне дәстүрге бай білім ошақтарының дамуына барынша қолдау білдіріп отыр. Осы ретте саланы реформалаудың кейбір қырлары академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы-ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан ДУЛАТБЕКОВПЕН арада болған әңгімеде ашыла түсті деген үміттеміз.
– Нұрлан Орынбасарұлы, сіздің білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы жинақтаған бай тәжірибеңіз бар, бүгінде еліміздегі беделді университеттің бірін басқарып отырсыз. Қазіргі заманғы жоғары білім беру үшін не маңызды және оның дамуында қандай трендтер басымдыққа ие деп санайсыз?
– Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесі білім беру саласындағы стратегиялық құжаттармен айқындалған міндеттер негізінде дамуда. Біз еліміздегі заманауи трендтерді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мақсаттарымызға кезең-кезеңмен жоспарлы түрде ілгерілеп келеміз. Бұл жерде Қазақстанның білім беру ортасын интернационалдандыруды, университеттеріміздің әлемдік қоғамдастықтағы танымалдық деңгейін арттыруды айтып отырмын. Бұл негізінен ғылымды қажет ететін технологиялардың тапсырыс берушілері санатындағы университеттердің өңірлерді дамытудағы рөлін күшейтумен байланысты. Қоғам бізден «өмір бойы оқу» қағидасы мен «күміс» университеттер идеясын іске асыруға байланысты жаңа әлеуметтік жобаларды күтеді. Бұл үрдіс университеттің үшінші миссиясымен байланысты. Қазір жоғары оқу орындарын басқару жүйесі де түбегейлі өзгеріп келеді. Жаңа менеджментті, тың формация басшыларын талап ететін корпоративтік басқару моделі енгізіп жатыр. Бұл ретте еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, кадрлық сабақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін институционалдық жадыны сақтауды естен шығармау қажет. Институционалдық жадыны сақтай отырып, мен жұмыс барысында басқарудың заманауи принциптерін қолданамын. Менің маңайымда жаңа жобаларды табысты жүзеге асырып келе жатқан болашағы зор жас менеджерлер көп.
– Сіз университеттің өңірлерді дамытудағы рөлі туралы айттыңыз. Осыны тарқата айтсаңыз екен. Мұның мәні неде?
– Ең алдымен, бұл – ғалымдардың өндірістік сектормен тиімді коллаборациясы және соның нәтижесінде ғылымды қажетсінетін технологияларды дамыту. Бұл бағытта Білім және ғылым министрлігі нақты қадамдар жасап, қуатты өңірлік университеттер базасында академиялық басымдық орталықтарын құру жөніндегі жобаны ұсынды. Бөкетов университеті осы перспективалық жобаның қатысушысы. Біз өңірде баламалы энергетика, фармацевтика, инновациялық агротехнологияларға байланысты салаларды дамытуды жоспарлап отырмыз. Біздің жоспарларымызға экономиканың осы салалары үшін мамандар даярлаудың инновациялық білім беру бағдарламаларын ашу да кіреді. Сонымен қатар университеттер өңірдің әлеуметтік жобаларына да өз үлестерін қоса алады. Мысалы, халықты жұмыспен қамту, кадрларды қайта даярлау, қарт адамдарды «күміс» университеттер форматында оқыту бағдарламаларына қатыса алады.
– Университеттердегі жаңа менеджменттің ерекшелігі неде?
– Университетті басқару жүйесі түбегейлі өзгерді. Ол әлемдік тәжірибеде жақсы танылған корпоративтік сипатқа ие болды. Университеттерде білім беруді цифрландыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, тәуекелдерді басқару үшін жауапты қызметтер пайда болады. Университет қоғамдастығында академиялық адалдық мәдениеті, цифрлы мәдениет, талант-менеджмент нығаюда, университет тыныс-тіршілігінің процестері барынша ашық бола түсуде. Жобалық менеджмент дамуда. Университеттік орта «Болашақ» бағдарламасының түлектерімен толықтырылып, олар білім беруді басқару мен инновация енгізудің жаңа тәсілдерін көрсетуге тиіс.
Мемлекетіміздің адами капиталды дамытуға деген ұмтылысын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан ғалымдарының ғылыми қызметін қаржыландыру едәуір артты, жас ғалымдарға, оның ішінде постдокторантура бағдарламасы бойынша оқуға гранттар көбірек бөлінуде. Бұл университеттердің ғылыми әлеуетін айтарлықтай нығайтады деп санаймын. Мысалы, өткен жылдан бастап біздің университетте зерттеулер, оның ішінде өңірлік бағыттағы зерттеулер жүргізу үшін ішкі гранттар жүйесі табысты қолданылып келеді.
– Қазіргі университеттің жастарды тәрбиелеудегі рөлі қандай?
– Білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістерге қарамастан, университеттегі тәрбие жұмысы тоқтамайды және бірінші кезектегі маңызды сипатын жоғалтпайды. Біз әлі де оқу процесін тәрбиеден бөліп отырған жоқпыз. Тағы бір айта кететін нәрсе, студенттерді тәрбиелеу бағдарламасы волонтерлік қызмет пен кәсіпкерлікке байланысты жаңа мазмұнмен толықтырылады. Бүгінде волонтерлік қозғалыстар, клубтар, кәсіпкерлік орталықтар, студенттік стартаптар белсенділікке ие болып отыр. Қазіргі әлемнің сын-қатерлерін бастан кешіре отырып, біз қоғам үшін үйреншікті құндылықтар жүйесін сақтаудың барлық маңызын түсінеміз. Бұл – мейірімділік, парасаттылық, толеранттылық, тарихи құндылықтарға деген құрмет. Көптеген университет студенттерге жеке даму бағдарламаларын, кәсіпкерлік оқу курстарын, шығармашылық клубтарды ұсынады. Мен ректор ретінде университетте студенттерге бірнеше әлеуметтік және мәдени жобалар ұсындым. Олар Қазақстанның киелі жерлеріне, елорданың көрікті орындарына, Қарағанды облысының тарихи музейлеріне тегін бару мүмкіндігіне ие болды. Осының барлығы жастардың патриоттық сезімін оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтады.
– Жақында Республикалық ректорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Сыдықов тарихы терең, беделді жоғары оқу орындарына «Ұлттық университет» мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл идеяға қалай қарайсыз?
– Әрине, қолдаймын. Бұл – біздің академиялық қоғамдастықта бұрыннан қозғалып жүрген өте жақсы идея. Бұл мәселені талқылауға және оны жоғары деңгейдегі бастама ретінде ілгерілетуге дайынбыз. Елімізде бұрыннан халықтық деп тануға лайық және отандық білім брендтеріне айналған университеттер бар деп санаймын. Және бұл тек елордалық университеттер емес. Біздің өңірде тарихы бай, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан, бірқатар танымал тұлға шоғырын тәрбиелеген университеттер бар. Бұл университеттердің заманауи әлеуеті олардың ұлттық және әлемдік рейтингтерге енуіне, кәсіби қоғамдастықтың жоғары бағасын алуына, маңызды халықаралық байланыстар орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл университеттер өңірлік деңгейде ғана емес, ұлттық деңгейде де бәсекеге қабілетті. Бұл идеяның іске асуы үшін университеттердің бәсекеге қабілеттілігін бағалаудың әділ әрі ашық тетігі қажет.
– Білім және ғылым министрлігі елімізде онлайн оқытуды дамыту қажеттілігі туралы белгілі бір ұстанымға келіп отыр. Сіздің ойыңызша, пандемиядан кейінгі әлемде оқытудың мұндай форматы қажет пе?
– Пандемия қазақстандық білім беру үшін нағыз сын-тегеурінге айналды. Бірден айтайын, жоғары мектеп қашықтан оқыту технологияларын қолданудағы тәжірибесі арқылы бұл сыннан сүрінген жоқ. Бұл жағдайда орта білім беру әлдеқайда қиындықтарға тап болды. Шын мәнінде, біз баға жетпес тәжірибе жинақтадық, алдағы уақытта оны арттырып, оқытудың балама түрі ретінде пайдалану қажет. Сонымен қатар біз бұдан елеулі артықшылықтарға ие болмақпыз. Ең бастысы, онлайн-байланыс форматындағы мүмкіндіктерімізді арттыра беруіміз керек. Қонақ дәрістерін оқу, студенттердің академиялық ұтқырлығы, ғылыми форумдар өткізу және басқа да мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық географиясын айтарлықтай кеңейттік. Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің ұстанымын қолдаймын және жоғары оқу орындарында онлайн оқыту үшін жаңа регламентті енгізу туралы шешімді уақтылы шешім деп санаймын. Қазір онлайн оқыту бағдарламаларын ашқысы келетін жоғары оқу орындарын лицензиялау шарттары туралы тиісті нормативтік база әзірленіп жатыр.
– Нұрлан Орынбасарұлы, академиялық және қоғамдық қызметте жүріп баға жетпес тәжірибе жинақтадыңыз, университет оқытушысы, облыстық мәслихат хатшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты болып жұмыс істедіңіз. Әрине, әр кезеңде белгілі бір сын-қатерлерге төтеп беріп, тағдырлар сынға түсетін шешімдер қабылдауыңызға тура келді. Қазақстандағы белді университеттердің бірінің ректоры ретінде бүгінгі таңда қандай сын-қатерлерді еңсеріп отырсыздар?
– Өте дұрыс айтасыз. Менің бүкіл кәсіби өмірім – ымырашылдықты іздеу, жауапкершілік жүгін сезіне түсу, қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс. Мен кім болып жұмыс істесем де, қандай күйде болсам да әрқашан әріптестік үшін ашық болдым, студенттерге, сайлаушыларға, әріптестеріме көмектесуге тырыстым. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры болғанымда өзімді өзгертуге тырысқан жоқпын. Кез келген қиындықтарға қарсы тұруға дайынмын. Мен үшін кез келген сын-қатерді еңсеру университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырумен байланысты. Бұл трендте болу, университеттің адами капиталын дамыту, білім беру ортасына инвестициялау дегенді білдіреді. Сонымен бірге ғылыми жұмыспен белсенді айналысу да аса маңызды.
Мен кез келген басшының жетістігінің кілті адамға, оның мүдделері мен үміттеріне бағдарлану екеніне сенімдімін. Сондықтан студенттердің оқу жағдайларын, оқытушылар мен қызметкерлердің жұмысын жақсарту бірінші кезектегі міндеттер болды. Бұл жалақыны көтеру, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру, ғалымдарды, шығармашыл студенттерді қолдау, инфрақұрылым мен оқу-зертханалық базаны жақсарту. Мақсатты жұмыстың нәтижесінде бір жыл ішінде жоғары оқу орындарының QS әлемдік рейтингісінде ілгеріледік, инновациялық бағдарламаларды аштық, БҒМ «Қуатты өңірлік университеттер» конкурсында жеңіске жеттік, контингентті 13 мың білім алушыға дейін ұлғайттық. Халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленген лауазымдардың жаңа жіктеуіші енгізілді. Профессор-оқытушылар құрамы докторлар, ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері есебінен нығайтылды. Әскери кафедраның ашылуы біз үшін сөзсіз жетістік болды. Университеттің спорттық инфрақұрылымын жаңғыртуға да көп көңіл бөлінді.
Алдымызда студенттік кампусты, академиялық басымдық орталығын дамыту, эндаумент-қор құру, білім беру ортасын цифрландыру, колледж ашу бойынша үлкен жоспарлар тұр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған жаңа дәуір өңірлік университеттерден өзінің зияткерлік, әлеуметтік және жасампаздық рөлін нығайту бойынша батыл іс-қимылды талап етеді. Отандық білім берудің үздік дәстүрлерін жалғастыра отырып, біздің университет өңірлік даму саласында кең ауқымды өзгерістердің көшбасшысы және қозғаушы күші болуға дайын.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»