• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Референдум 15 Мамыр, 2022

Референдум – демократия құралы

809 рет
көрсетілді

Республикалық референдумның маңызы мен ерекшелігі Amanat партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды.

Жиынға қатысушылар барлық құжаттардың қайнар көзі – Ата Заңның үштен біріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі отырғанынан қазақстандықтар қаншалықты хабардар, бұл саяси науқан несімен маңызды деген сұрақтар төңі­регінде ой-пікірлерін ортаға салды.

Кеңес мүшелері жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өткізудің маңыздылығына тоқталды. Оның басты мақсаты – нақты саяси бәсекелестік үшін жағдай жасау, халықтың елді басқаруға қатысуын арттыру, қазақстандықтардың құқықтарын қорғаудың конституциялық тетіктерін күшейту. «Бұл – Екінші респуб­ли­каның қалыптасуы мен дамуына дер ке­зін­де жасалған қадам деп санайды жиынға қатысушылар. Түзетулерге сәйкес Парламенттің рөлі күшейтілетінін, сондай-ақ басқарудың жаңа жүйесіне нақты көшу бекітілетінін атап өту маңызды.

Тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Бүркітбай Аяған Ата Заңға өзге­рістер мен толықтырулар енгізу тап қазіргі уақыт талабына сай деп есептейді.

«Ата Заңға өзгерту енгізу – өте маңызды мәселе. Қоғамда оның не қажеті бар деген де сөздер айтылып қалып жатыр. АҚШ Конституциясының қабылданғанына 300 жыл болды. Бірақ соған қарамастан олар басты заңға өзгерістер енгізіп отырады. Яғни, біздің Ата Заңымызға өзгерістер мен толық­тырулар енгізуіміз де қазіргі уақыт­тың талаптарына сай. Бұл мәселеге өте үлкен саяси оқиға деп қарауымыз керек. Конституцияға өзгерістер енгізу арқылы біз жаңа қоғам қалыптастырамыз. «Тек мемлекет шешеді», «тек мемлекет біледі» деген парадигманы қойған жөн. Қоғамның өзі оянып, әрбір қазақстандық өзін осы елдің құрушысы, негізін белгілеуші ретінде сезінгені дұрыс», деді Б.Аяған.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириевтің ойы да тарихшының сөзімен астасып жатыр.

«Қоғам – Қазақстанның азаматтары осы елдің қожайыны екенін сезінуі керек. Тек қана мемлекет құрушы ұлт емес, осы елдің иесі екенін түйсінуі қажет. Ол үшін халықтан сұрап, онымен санасу керек. Әркім өз пікірін білдіруге құқылы. Сол үшін бұл референдум өте маңызды. Бір өкініштісі, қалада ілініп тұрған бір-екі билборд болмаса, халықтың одан хабары жоқ сияқты. Не өзгеріп жатыр, не үшін өзгертіп жатыр, бұл Қазақстан азамат­тарының өмірін жақсартуға бағыт­талған дүние ме, келешекте бұдан не күту керек, бұлардың нәтижесінде кімнен нені сұраймыз деген сұрақтар төңірегінде көбірек ақпарат берген жөн», деді ол.

Ал белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы референдум – өте маңызды саяси науқан және ол тікелей демократияның құралы деген ойын жеткізді. «Өздеріңіз білесіздер, соңғы рет елімізде референдум 1995 жылы өткізілді. Содан бері бұл тәжірибе ұмытылды. Бұл – жай ғана демократия емес, тікелей демократияның құралы. Яғни, депутаттар арқылы емес, азаматтар өздері дауыс беріп, тікелей ойын білдіру арқылы Конституцияның қабылдануына ықпал етеді. Сондықтан кеш те болса осындай игі дәстүрдің оралғаны – өзі өз алдына маңызды дүние. Азаматтардың өз мемлекетіне қатысы бар екенін, осы елдің азаматы екенін, билікке ықпал ете алатынын сезінуі соңғы 10-20 жылда айтарлықтай әлсіреп кетті. Жалпы, жұртшылықтың сайлауға деген сенімінен гөрі күдігі басым. Соларды еңсеру тұрғысынан меніңше, референдумның маңызы өте жоғары», деді саясаттанушы.

Жиын барысында Miras рес­публи­калық қоғамдық кеңесінің мүшелері анимациялық фильмдердің дубляжын қамтамасыз етуге мемлекет­тік қолдау көрсету мәселелерін де талқылады.