Астанада отандық өндірушілердің дәстүрлі Ulttyq ónim көрмесі ұйымдастырылды. Екі жылдық үзілістен кейін қайта жалғасқан ауқымды іс-шараға биыл 350-ден астам компания қатысты. Осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылып, үш күнге жалғасқан дәстүрлі көрмеде бәсекеге қабілетті отандық өнімдер паш етіліп, көпшілік назарына ұсынылды.
Көрменің ашылу рәсіміне Премьер-Министр Әлихан Смайылов арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ көрмені аралаған мәртебелі меймандардың қатарында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Райымбек Баталов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрайымы Гаухар Бөрібаева, мемлекеттік органдар мен бизнес қоғамдастықтың өкілдері болғанын атап өткен жөн.
Әлихан Смайылов жиналған жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Үкімет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау іс-шаралары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Соның нәтижесінде кейінгі 5 жылда шағын және орта бизнестің елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 27 пайыздан 35 пайызға дейін ұлғайды.
Сонымен қатар Премьер-Министр шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге Мемлекет басшысы енгізген мораторий елімізде бизнес жүргізуді жеңілдеткенін атап өтті.
– Импортты алмастыру – кәсіпкерлер үшін даму әлеуеті зор бағыттардың бірі. Тек өңдеу өнеркәсібіндегі импорттың үлесі өткен жылы 38 млрд долларды құрады. Бұл біздің отандық өндірушілерге өз ісін дамытуға және жаңа тауарлардың өндірісіне инвестициялар бағыттау үшін үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде Үкімет 717 инвестициялық жобаның пулын жасақтады. Олардың 286-сы – 9,9 трлн теңге сомасына импортты алмастыратын жоба, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы 2022 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 165 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Осындай әр жобаның айналасында шағын және орта бизнес компанияларының белдеуі дамитын болады.
Ә.Смайылов бизнеске әкімшілік жүктемені төмендетуге мүмкіндік беретін Кәсіпкерлік саласындағы реттеушілік саясат жөніндегі заң қабылданғанын жеткізді.
– Үкімет бизнес жүргізу және нарықтағы монополияларды жою үшін бәсекелестік аясын кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Отандық компаниялардың квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қол жеткізуді жеңілдету бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, билік пен бизнестің сындарлы өзара іс-қимылы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықтың негізін құрайды. Осы бағытта Үкімет кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен ашықтығын арттыру бойынша жұмысты белсенді түрде жалғастыратын болады, – деді Премьер-Министр.
Дәстүрлі көрмені әдеттегідей «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне қарасты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырды. Көрмеге қатысқан микро, шағын және орта бизнес субъектілерінің бәрі «Даму» қоры арқылы мемлекеттің қолдауына ие болғандар. Олардың қатарында қызылордалық «Сыр маржаны» компаниясы да бар. Күріш өсірумен һәм өңдеумен айналысатын компания директорының орынбасары Руслан Мнажадинұлының айтуынша, мемлекеттік қолдау кәсіпорынның жұмысын едәуір ілгерілеткен.
– «Сыр маржаны» «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 120 млн теңгеге несие алды. Бұл сома компанияның айналым қаражатын толықтыруға жұмсалды. Соның нәтижесінде компания жұмысы одан әрі жандана түсті. Ішкі нарықтағы белді ойыншылардың бірі ретінде Ulttyq ónim көрмесіне қатысқанымызға қуаныштымыз. Бұл біздің компания үшін үлкен мәртебе. Бәсекеге қабілетті отандық өндірушілердің қатарынан табылу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – дейді Руслан Мнажадинұлы.
Нарықта жиырма жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан «Сыр маржаны» серіктестігінде бүгінде 150-ден астам адам еңбек етеді. Компания жыл сайын 2 300 гектарға күріш егеді. Негізінен күріштің «Янтарь», «Лидер», «Кубань», «Ақмаржан», «Новатор» секілді түрлерін өсіруге басымдық берілген. Бұдан бөлек орташа есеппен алғанда күріштің әр гектарынан шамамен 45,2 центнерден өнім жинайды. Серіктестік толық технологиялық циклдан тұрады. Яғни дәнді қабылдап, өңдеп, дайын өнім шығарады. Оның өнімдері ішкі нарықтан бөлек, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Украина елдеріне экспортталады. Нарықта үлкен сұранысқа ие. Компанияның президенттік «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтарының иесі екенін де атап өткен жөн.
Журналистерге сұхбат берген «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева қазақстандық кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қолдау шаралары өз жемісін беріп отырғанын баса айтты. Ulttyq ónim көрмесіне қатысып отырған компаниялардың жетістігі соның анық дәлелі.
– Отандық өндірушілердің дәстүрлі Ulttyq ónim көрмесінің танымалдылығы артып келеді. Тиісінше, мемлекеттік қолдау шаралары да көбеюде. Жаңа өндірістер пайда болып, кәсіпкерлер саны артуда. Ulttyq ónim көрмесі мультипликативтік жақсы әсер етіп, шағын және орта бизнестің одан әрі дамуына жаңаша серпін берді деп ойлаймын. Шағын және орта бизнес елдегі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімді шетелге де шығара алатынын дәлелдеуде, – деді Гаухар Бөрібаева.
Осы орайда көрмені ұйымдастырған «Даму» қоры 2021 жылы жалпы сомасы 2,2 трлн теңге болатын 57,4 мың жобаға қолдау көрсеткенін еске сала кетейік. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда жобалар саны жағынан 74 пайызға артық. Биыл «Даму» қоры субсидиялау және кепілдік беру бойынша 42 мыңға жуық жобаны қолдауды жоспарлап отыр.
– «Даму» қоры 2010 жылдан бері шамамен 160 мың жобаға қолдау көрсетті. Оның көп бөлігі, яғни 92 пайызы микро және шағын бизнеске тиесілі. 2020 жылдан бастап қордың көмегі негізінен микро және шағын кәсіпорындарға бағытталды, – деп нақтылады қордың басшысы.
Елорда тұрғындары мен қонақтары үш күндік көрмені тамашалап қана қоймай, Made in KZ маркасымен шығатын тауарларды сатып алуға да мүмкіндік алды. Әсіресе, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика өнімдері, жиһаздар, ағаштан жасалған тауарлар, зергерлік бұйымдар және тағы басқалары келушілер тарапынан жоғары бағаланды.
Бұдан бөлек, келушілер үшін «Халық таңдауы» дегустациялық байқауы өткізілді. Сондай-ақ қазақстандық жетекші өндірушілердің әйелдер мен ерлерге арналған киімдерінің топтамалары көрсетілді. Билеттер бойынша көрме қатысушылары арасында күнделікті ұтыс ойындары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар Ulttyq ónim көрмесі қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік серіктестермен және инвесторлармен кездесуі үшін тамаша алаң. Көрме аясында кәсіпкерлерге Франчайзингтік компаниялардың форумы мен түрлі шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Онда танымал кәсіпкерлер өздерінің пайдалы білімдерімен, тәжірибелерімен бөлісті.