Түркістан облысына «Рухани өлке – 2022» мәртебесі берілді. Әсіресе өңір халқы үшін қуанышты хабар мәдениет және өнер саласының ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2022» фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жария етілді.
Еліміздегі мәдениет және өнер саласы ұйымдарының шығармашылық жетістіктерін анықтап, талантты, өзіндік ерекшелігі бар ұжымдар мен орындаушыларға қолдау білдіру мақсатындағы «Рухани қазына – 2022» фестивалінің республикалық кезеңі Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Түркістанда өтті. «Farab» кітапханасында өткен фестиваль-конкурстың ашылу салтанатында «Қазақ әуендері» АҚ президенті Ғалымжан Өтелбайұлы мұндай іс-шаралар қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттырып, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыруға, қызметкерлердің өзара тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік беретінін айтты. Бірнеше кезеңнен тұратын республикалық фестивальдың алғашқы күндері мәдениет қызметкерлері мұражай, кітапхана, мәдени-демалыс қызметі саласында бақ сынаса, кейінгі күндері лекторлар конкурсқа қатысушыларға дәріс оқып, шеберлік сабағын өткізді. Түркістан өңіріндегі киелі орындарға саяхат жасалды. Биылғы фестивальдың ерекшелігі – конкурсқа мемлекеттік мекемелермен қатар жекеменшік мәдениет ұйымдары да қатысты.
Қазылар алқасы еліміздің 17 өңірінен келіп түскен кітапхана саласы бойынша – 125, мәдени ойын-сауық саласы бойынша – 87, музей саласы бойынша 73 өтінімді қарастырды. Бір аптаға созылған байқау нәтижесі ресми жарияланып, фестивальдың 44 жеңімпазы арнайы сыйлықтармен марапатталды. Фестивальға қатысушыларды марапаттау рәсімінде Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев барша мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұдан бөлек жеңімпаздарды министрліктің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Бахытжамал Оспанова, «Бозоқ» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Сәуле Бөрібаева, «Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова марапаттап, қаржылай сыйлық табыстады. Жеңімпаздар арасында Түркістан облысының өкілдері де барын айта кетелік. Мысалы, музей саласы бойынша «Үздік мәдениет, өнер музейі» аталымына Түркістан облыстық «Бейнелеу өнері музейі» лайық деп танылды. Жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Кітапхана саласы бойынша «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері» аталымын Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ жеңіп алды. «Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығы құрметіне кітапханалар арасында» номинациясы бойынша облыстық А.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы үздік атанды. Жүлде қоры – 500 000 теңге. Сондай-ақ фестиваль аясында бірқатар мәдениет саласының майталманы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Фестиваль соңында Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев «Қазақ әуендері» АҚ-ның телеграм каналында дауыс беру нәтижесінде Түркістан облысы «Рухани өлке-2022» мәртебесіне лайық деп танылғанын жария етіп, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевқа арнайы белгісін табыстады.
ТҮРКІСТАН