• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Мамыр, 2010

БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ – ТІРЛІК БАР

874 рет
көрсетілді

Үкімет “Ел бірлігі доктринасын” іске асыру жолдарын талқылады Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы болып өтті. Онда Қазақстанның “Ел бірлігі доктринасын” іске асыру жөніндегі 2010 жылға арналған іс-шаралар жоспары талқыланды. Күн тәртібіндегі осы мәселе бойынша Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндама жасады. 2008 жылғы 23 қазанда өт­кен Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның ХІV сессиясында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев “Ел бірлігі док­тр­инасын” әзірлеуге тапсырма бер­ген болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде “Біз Қазақстан қоғамы­ның әрі қарай дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын “Ел бір­лігі доктринасын” әзірлеуіміз ке­рек. Бұл құжаттың негізгі қағи­дат­тары 2020 жылға дейінгі страте­гиялық даму жоспарына енуі тиіс” деп атап көрсетті. Доктринаның алғашқы нұсқасы 2009 жылдың қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясында тұңғыш рет та­ныс­тырылды. Осы сессияда Елбасы аталған құжатты мұқият тал­қы­лауды, қоғамдық сараптау жүргізуді және оны жетілдіру үшін арнайы жұмыс комиссиясын құруды тап­сыр­ған еді. Баяндамашы атап көр­сеткендей, доктринаның алғашқы жобасы баспасөзде жарияланғаннан кейін еліміздегі әртүрлі қоғамдық ұйымдар, жалпы жұртшылық тара­пынан үлкен қызығушылық туып, барынша кең талқыланды. Осы талқылаулардың нәтижесінде ар­найы құрылған жұмыс тобы аза­мат­тардан келіп түскен 500-ден астам ұсыныстарды жинақтады. Со­нымен бірге, құжатты әзірлеу ба­ры­сында түрлі қоғамдық ұйым­дар­дың да ұсыныстары назарға алын­ды. Доктринаның жетілдірілген нұсқасы биылғы жылдың 19 сәуі­рінде Қазақстан халқы Ассам­блея­сы кеңесінің отырысында қаралды. Кеңес мүшелері жобаны талқылау барысында бұл құжаттың Елба­сы­ның “Қазақстан-2030” Стратегия­сын­да басымдық берілген тәуел­сіз­дік, тұрақтылық, патриотизм және бәсекеге қабілеттілік тұжырым­да­ры­мен тікелей үндесіп, интел­лектуалды ұлт жөніндегі шешімге сабақтасатындығын атап көрсете келіп, бір ауыздан мақұлдап, Елбасының қарауына ұсынды. Бүгінде, бұл маңызды құжат Елбасы тарапынан мақұлданды. Мәдениет министрі Үкіметтің тапсырмасына сәйкес министрлік Қазақстанның “Ел бірлігі док­тринасын” іске асыру жөніндегі 2010 жылға арналған іс-шаралар жоспарын жасағандығын атап өтті. Оған барлық министрліктер мен ведомстволардың өкілдері кеңінен тартылған. Іс-шаралар жоспары доктринаның негізгі қағидаттарына сәйкес келетін үш тараудан тұрады. Бірінші тарау “Бір ел – бір тағ­дыр” деп аталады. Бұл тарауға бай­ланысты белгіленген іс-шаралар ел бірлігін және қазақстандық пат­риотизмді нығайтуға бағытталған. Сонымен бірге, доктринаны қол­дауға арналған ақпараттық медиа­жос­пар әзірленген. Бірқатар инсти­туттық шаралар белгіленіп, ақса­қалд­ар кеңесі, діни тақырыптарды жариялауға арналған әдістемелік кеңес құрылатын болды. Этно­сара­лық қатынастар мәселелері бой­ын­ша үздік сарапшы-журналистер клубының, діни лидерлер кеңесі қыз­метінің тұжырымдамасы әзір­ленді. Белгіленген іс-шараларға сәй­кес халық бірлігіне қауіп төн­діретін кез келген құбылыстар­дың алдын алу және сауықтыру жұмыс­та­ры күшейтілетін болады. Осы орайда ЮНЕСКО, Өркениет алян­сы, Еуропа кеңесі, Ислам Кон­фе­ренциясы Ұйымы, Араб мемлекет­терінің лигасы сияқты халық­аралық ұйымдармен дінара­лық, этносара­лық және мәде­ниет­аралық үндес­тікті дамыту мақсатында кешенді шара­лар жоспарланған. Екінші тарау “Тегі басқа – тең­дігі бір” деп аталады. Бұл орайда атқарылатын іс-шаралар алдымен өмірдің барлық саласындағы әрбір қазақстандық азаматтарға өзін-өзі таныту үшін бірдей мүмкіндік қам­тамасыз ететін әлеуметтік маңызды бағдарламалар кешенін жасауды және оны жүзеге асыруды көздейді. Бұл іс-шаралар аясында 2009-2012 жылдарға арналған адам құқығы саласындағы ұлттық жоспар, 2010-2014 жылдар аралығындағы Қазақ­станды индустрияландыру картасы, 2004-2010 жылдарға арналған ауыл­ды аймақтарды дамыту мақса­тын­дағы мемлекеттік бағдарлама, “Нұрлы көш” бағдарламасы одан әрі кешенді түрде іс-жүзіне асыры­латын болады. “Ұлт рухының дамуы” атты үшін­ші тарауда рухани, ұлттық бірліктің басты факторы мәдениет, тіл, дәстүр болып табылатындығы ерек­ше ескерілді. Осыған байла­ныс­ты белгіленген іс-шараларға мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, “Мәдени мұра” ұлттық стра­тегиялық жобасының нәтиже­ле­рін насихаттау, ұлттық мәдени бірлестіктердің мемлекеттік және этнос тілдеріндегі бұқаралық ақпа­рат құралдары қызметін кеңінен пайдалану жөніндегі мәселелер өзек болған. Биыл мемлекеттік тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жыл­дар­ға арналған мемлекеттік бағдарла­ма­сының жобасы жасалу­да, деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Осыған байланысты жаңадан қа­зақ тілінде хабар тарататын теле­ар­налар құры­лады, қазақ тілді ба­сылымдар мен интернетресурс­тарының бәсекеге қабілеттігін арттыру жөнінде ке­шенді шаралар жүзеге асырылатын болады. Осы орайда доктринада “Қазақ тілін меңгеруге шешуші басымдық бері­леді. Мемлекеттік тіл рухани және ұлттық бірліктің не­гіз­гі факторы” деп атап көрсе­тіл­ген, деді Мәде­ниет министрі. Үкі­мет мүшелері ұсынылған іс-ша­ралар жоспарын бірауыздан бекітті. Отырысты Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қорытындылап, жоспарды жасауға барлық ми­нистр­ліктердің қатысқандығын, док­тринаны іс жүзіне асыру жө­нін­дегі іс-шаралар еліміздің 2010 жыл­ғы даму стратегиясымен то­лық сәйкес келетіндігін атап көр­сетті. Елбасының тікелей тапсыр­масы бойынша жасалған доктрина ел бірлігіне қызмет етеді. Сон­дықтан әрбір министр­лік, әрбір министр бұл құжатта көр­се­тілген шараларды мінсіз орындауға мін­детті. Осыған байланысты Үкі­мет мүшелері ар­найы есеп беріп оты­рады. Шара­ның орындалуы ті­келей менің ба­қылауымда бо­ла­ды, деді Пре­мьер-Министр сөзі­нің қорытын­дысында. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.