Павлодарда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жиналыс өтті. Жиынға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Кешенді жоспар шеңберінде Павлодар облысында мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау экожүйесі құрылды. «Жаңа мамандықтар атласы» мектеп түлектеріне еңбек нарығында заманға сәйкес қабілеттерді игеруге мүмкіндік береді. Аталған жоба білім алушыларға өмірде өз орнын табуға бағытталған. Осылайша, өткен оқу жылында 20 мың жоғарғы сынып оқушысы кәсіби диагностикадан өтті.
«Бағдарлама, ең алдымен, халықтың табысын арттыруға және нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібінде 126 мың жаңа жұмыс орны құрылатын 713 жоба жүзеге асырылады. 50 ірі кәсіпорынның жанынан шағын және орта бизнес белдеулері құрылады. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің табысын арттыруға, тауарларды кепілді түрде сатуға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді», деді Е.Тоғжанов.
Вице-премьер бағдарламада жастардың құзыреттілігін дамыту, олардың жұмыспен қамтылуын арттыру, жұмыс істейтін халықтың, оның ішінде, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарының дағдыларын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.
«Жаңа оқу жылында өңір мектептерінде кәсіби бағыттаушы педагог штаттық бірлігі енгізіледі, колледждер мен Өзекті мамандықтар орталығының, оның ішінде жастар өкілдерінің жұмысы күшейтіледі. 15 колледжде 15 жаңа мамандық пен 25 жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту енгізіледі», деді облыстық білім беру басқармасының басшысы С.Айтқазина.
Жалпы алғанда, білім берудің үздіксіз моделі болашақ мамандарға өз кәсібін дұрыс таңдауға мүмкіндік береді.
Е.Тоғжанов «Жаңа мамандықтар атласы» түлектер мен жұмыс берушілер үшін басты бағдар болатынын атап өтті. Өңірде жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жоба еліміздің басқа облыстары үшін сәтті мысал болуы керек.
Қазіргі кезде өңірде «бір терезе қағидаты» бойынша жұмыс істейтін және 5 мыңға жуық адамды, оның ішінде NEET жастарын қамтитын 14 Өзекті мамандықтар орталығы қызмет етеді. Осы санаттағы 2,5 мыңға жуық жас өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеді.
«Сонымен қатар өңірде Мобильді жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Шалғай ауылдарға 237 шығу сапары ұйымдастырылып, 9 мың адам кеңестермен қамтылды. Жыл басынан бері облыста 10 мың жұмыс орны құрылса, олардың жартысынан көбі – 54%-ы тұрақты. Жұмыспен қамту орталықтарының жұмысы HR-агенттіктерге сәйкестендіріліп қайта құрылды», деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары А.Құрманова.
Жалпы алғанда, 2022 жылы елімізде 165 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 16,3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ең басты өсім Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында болады деп күтілуде.
Жыл басында Павлодар облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов қиын өмірлік жағдайға тап болған отабсыларға кешенді қолдау көрсетуді қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар берген болатын. Қазіргі кезде облыс әкімдігіндегі Жағдаяттық орталықта отбасының әлеуметтік статусы туралы деректерді қанатқақты режімде нақты көруге болады. Жобаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырып, еліміздің барлық өңірінде апробациядан өткізеді. Павлодар облысы – жобаны проактивті форматта жүзеге асыру деңгейі жоғары өңірлердің бірі. Жұма күні Үкіметтің цифрлық кеңсесінің базасында Отбасының цифрлық картасы іске қосылады.
Жиналыс қорытындысы бойынша Е.Тоғжанов бірқатар тапсырма берді. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, «Жаңа мамандықтар атласын» енгізуді жалғастыруы керек. Вице-премьер бағдарламаны жүзеге асыру тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Вице-премьердің облысқа сапары жалғасуда.