Елбасымыз жақында ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында «ХХІ ғасырдың ең басты заңы ─ татулық!» деген болатын. Жақында Түркістан қаласында ОҚО әкімі жанындағы «Ырыс алды ─ ынтымақ» қоғамдық форумы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлескен жиыны ұйымдастырылды. Бұл басқосу «Тұрақтылық тұғыры ─ татулық» деп аталды. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті мәдениет орталығының үлкен мәжіліс залы ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстіктің барлық аудандары мен қалаларынан жиналған жұртшылыққа лық толды. Олардың ішінде қазақтан бастап өзбек, орыс, түрік, тәжік, корей, татар, неміс, украин, грузин, әзербайжан, грек, күрд, тағы басқа да көптеген ұлттардың өкілдері бар.
Мәдениет орталығындағы жиын басталғанға дейін бірнеше сағат бойы аудандар мен қалалардан барған делегациялар Түркістан шаһарындағы жаңадан іске қосылған құрылыс нысандарын тамашалаған болатын. Әсіресе, Әзірет Сұлтан кесенесінің қарсы бетіндегі бұрынғы қиқы-жиқы құжыралардың орнына еңселене бой көтерген заманауи көрмелер залы, қолөнер үйі, зияратшылар мейманханасы сияқты ғимараттар керемет ұнады. Рухани орталықтардың көнелері қатарында саналатын шаһардың көркеюі қай қазақстандықтың да мақтаныш сезімін туындатары сөзсіз.
Сонымен, бірлескен жиын да басталды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Тұрақтылық тұғыры – татулық» атты баяндамасында Елбасының: «Бейбітшілік пен келісімді нығайту – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың басты критерийі» деген қағидатынан бастап, облыста атқарылып жатқан ізгі істер, сондай-ақ, ынтымақ пен бірлікті, татулықты, сайып келгенде, Тәуелсіздікті күн сайын нығайту жөніндегі міндеттерге кеңінен тоқталды.
Жиынға қатысушылар, жарыссөзге шыққандар «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының облыстық ассамблеямен, өзге де ұйымдармен бірге жүзелеген жақсы істері туралы ағынан жарыла айтты. «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы облыс басшысының бастамасымен 2009 жылғы 22 наурызда – Ұлыстың ұлы күнінде, осы Түркістанда тұсауын кескен еді. Бес жылдың ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Қазығұрт тауының баурайында, Мәртөбеде, Ордабасы тауында, Жетісайда, Төле би ауданында, Ақсу-Жабағылы қорығы маңында, сондай-ақ, облыс орталығында бірнеше рет ұзын саны жиырмадан аса жалпы жиын ұйымдастырылып, оларда алуан түрлі тақырыптар талқыланды. Қазір барлық аудандар мен қалаларда, көптеген ауылдар мен мектептерге дейін «Ырыс алды – ынтымақ» форумдары жұмыс істейді.
Форумның бес жылдығына арналған Түркістан жиынында Астанадан келген сенатор Икрам Адырбеков, Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов аса бағалы пікірлерін ортаға салды. Ұлтаралық достықтың бағасын білу, қазақ халқының меймандостығы мен кеңпейілділігін қадірлеп, бүгінгі жас ұрпаққа, әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің жастарына ұғындыру жөніндегі ұсыныстары жұртшылыққа ұнады. Басқа да сөз алған түрлі ұлт өкілдері қоғам қайраткерлерінің ойларын ықыласпен қолдады. Форум мен жергілікті ассамблеяның бірлескен басқосуында маған да сөз берілді. Мен Президентіміздің: «Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар», деген сөзін қатты қастерлеймін. Шіркін, қазағымның кеңдігіне ешқандай кереметті теңгере алмаймын. Біз қазақ халқының төзімділігін, ақжүректілігін қашан да қадірлей білуге тиіспіз. Оңтүстіктің қай ұлтының зиялылары да мұны терең түсінеді деп ойлаймын. Шаңырағымыз биік, уықтары берік бола берсін.
Акабай ХУДАЙКУЛОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы
төрағасының орынбасары, облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы, Мақтарал ауданының құрметті азаматы.