Тұмса табиғатымен, оның ішінде қарағайлы орманымен көрікті Бесқарағай ауданы туризмді дамытуға таптырмас жер. Мұнда Абай облысының інжу-маржаны саналатын Шошқалы көлі де орналасқан. Түрлі емге дәру болған шипалы көлдің маңынан инвесторлар емдік-сауықтыру кешенін салуды көздеп отыр.
Инвестициялық жобаның құны – шамамен 5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары екі кезеңнен тұрады. Жобаға сәйкес емдік санаторийді 2027 жылға дейін салу жоспарланған. Оның нәтижесінде көлдің жағажайы көркейтіліп, суға түсуге арналған глэмпингтер салынады. Ең бастысы, балшықпен емдеуді көздейтін арнайы бассейнмен жарақталатын сауықтыру кешенін іске қосу жобаланып отыр. Сондай-ақ дәл осы жерде эко-қонақүйлер, мейрамханалар және атпен серуендеуге арналған орталықтың жұмысын жолға қою көзделуде.
«Келер жылы құрылыс жұмыстарының бірінші кезеңі басталады. Екінші кезеңде күрделі құрылыс жұмыстарын іске асыру көзделіп отыр. Жобалау жұмыстарын бастап кеттік. Қазір демалыс аймағына барсаңыз, көлдің маңындағы бейберекеттілікті байқайсыз. Жер учаскесінің құжаты рәсімделген. Біз барлығын еуропалық сапаға сәйкес салғымыз келеді. Бірақ белгілі бір қиындықтар бар – 11 гектар жер инвестициялық жобаға кіргенімен, бұл аумақта жобаға кедергі келтіретін жекеменшіктегі екі учаске бар. Бұл орайда инвестициялық жоба бүкіл жағалауды қамту үшін тең құқылы айырбас жасауға ниеттіміз», деді жобаның жетекшісі Асқар Ижанов.
Әйтсе де Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев тең құқылы айырбасты тек мемлекеттің меншігіндегі нысанмен ғана жүргізуге болатынын жеткізді. Бұдан басқа инвестор жол мен тұщы судың мәселесі реттеуді қажет ететінін айтты. Өңір басшысының айтуынша, Бесқарағай ауданының туристік әлеуеті зор. Тек жол-көлік инфрақұрылымын жаңғыртып, инвестициялық климатты жақсарту қажет.
«Осыдан 15-20 жыл бұрын Моңғолияға сапарлап қайтқан едім. Аталған елде инфрақұрылым жақсы дамыған деп айта алмаймын. Бірақ соған қарамастан бұл мемлекетке баратын турист көп. Рюкзакты арқасына асып алып, көрікті жерлерді аралап жүре береді.
Алайда қазір қажетті инфрақұрылым қарастырылмаса, бұл бағытты дамыту қиын. Мысалы, Бесқарағайда инвесторлар Шошқалы көлінің маңынан емдік шипажайды салуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде ішкі және сыртқы туризмге қан жүгіртеді деп ойлаймыз. Әлбетте, қазір әлемде экологиялық туризмнің кең етек жайғанынан хабардармыз. Десе де экотуристерді өңірімізге тартқымыз келсек, олар аялдап тыныға алатындай орындарды жан-жақты ойластыруымыз керек деп есептеймін», деді Н.Ұранхаев.
Шошқалы көлі өзінің емдік қасиеттерімен ерекшеленеді. Жыл сайын көлге көршілес Павлодар облысы мен Ресейдің Рубцовск, Барнаул, Новосібір қалаларынан келетін туристер үзілмейді. Алайда көлдің маңы заман талабына сай абаттандырылмаған. Жергілікті халық осы мәселе қолға алынса, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауданның көркеюіне септігін тигізер еді деп санайды.
Абай облысы,
Бесқарағай ауданы