• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2010

АЗАМАТТЫҚ БОРЫШТЫ ӨТЕУ — ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ

2168 рет
көрсетілді

Жастардың Отан алдындағы міндетін өтеуге жаппай құлшынысы осыны айғақтайды, дейді Солтүстік Қазақстан облыстық қорғаныс ісі жөніндегі департаментінің бастығы Мұратбек Зейнуллин. – Мұратбек Бегайдарұлы, міне, жас­тарды көктемгі әскер қатарына шақыру мерзімі де аяқталып қалды. Тұтастай ал­ғанда, оның қорытындысы қалай аяқталғалы отыр? – Кең байтақ Отанымыздың тыныш­тығын кірпік қақпай күзету, тәуелсіз мемлекетімізді көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандық үшін зор абы­рой. Бұл орайда, еліміздің ертеңі, бо­лашағы – жастарға, жас ұрпаққа үлкен мәр­тебе болары анық. Ата Заңымызда “Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті” деп айқын жазылған. Демек, елі­міздің азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскер қызметін атқару барысында бір ғана мақсатты көз­дейді. Ол – Республика қызметінің түбегейлі қағидалары болып табылатын қоғамдық татулық пен саяси тұрақ­ты­лыққа, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуға, қазақстандық патриотизмге адал қызмет ету. Қазақстан өзге елдермен ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тарту саясатын жүргізе отырып мемлекет аума­ғының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді. Мұндай мәртебелі іс Қазақстан Қарулы Күштеріне жүктелген. Бүгінде Қызылжар өңірінің 1500-ге жуық жастары еліміздің әр қиы­рында мерзімді әскери борыштарын адал атқарып жүр. Бұдан тысқары келісім-шарт бойынша әскер қатарында шыңдалуға 200-ге жуық жас өз қалауларын білдірді. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштер қатарын рухы мықты, отан­шыл­дық сезімі күшті, елін, жерін жан-тәнімен сүйетін, қиындықтан қаймықпайтын, сана-сезімі жоғары жауынгер-сарбаз­дар­мен толықтырып отыру күнделікті әде­тімізге айналған. Көктемгі жауапты шара кезінде әскер қатарына 750-дей жас іріктеліп алынды. Олардың алғашқы легін Абылайханның резиденциясы алдында салтанатты түрде шығарып салдық. Бұдан кейін республикалық гвардия мен аэро­мо­бильдік бөлімшелерге жолдама алған жас­тар қала орталығындағы еліміздің мем­лекеттік рәміздері бейнеленген компози­циялық алаңнан асқақ кейіппен аттанды. Соңғы топты жуырда пайдалануға берілген Жеңіс саябағынан есте қаларлықтай аттандыруды көздеп отырмыз. – Жасыратыны жоқ, бұрындары жастар әскер қатарына барудан қашқақтайтын. Лажы болса, түрлі жолдармен қалып қоюға тырысатын. Бұл әдеттерін намыс, ар көрмейтін. Қазір керісінше, сіздің сөзіңізден де аңғарылып отырғандай, Отан алдындағы міндетті борыштарын өтеуге ұмтылыс өсе түскен тәрізді. Мұны немен түсіндірер едіңіз? – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­дағы ауыртпалықтар Қарулы Күштерге де өз салқынын тигізбей қойған жоқ. Әскерден қашу, әлімжеттік жасау секілді келеңсіз жайттардың орын алғанын бәрі­міз білеміз. Еліміз уақытша қиындық­тар­дан сүрінбей өтті. Қазір жағдай мүл­дем өзгеше. Еліміздің Тұңғыш Пре­зи­денті, республика Қарулы Күш­те­рінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назар­баевтың сарабдал саясатының арқа­сын­да әскери ре­формалар жүйелі жүргізіліп, өз жемісін берді. Темірдей тәртіп орнап, әскери-патриоттық тәрбие жолға қойылды. Әске­ри құрылымдар кәсіби білікті офицер кадр­лармен толықты. Сарбаздардың отан­шылдық рухын көтеру мақсатында да көп жұмыстар атқарылды. Қазір жастардың бойында Қазақстанға, елге, жерге деген сезім күшті. Отан қор­ғауды биік сын, аза­маттық белес деп түсінеді. Жалпы, әскери бөлімдердің солтүстікқазақстандық сар­баздарға деген ілтипаты ерекше, құрметі жо­ғары. Оны алғыс хаттардың жиі келуі­нен де аңғаруға бола­ды. Департамент те, ата-аналар да жиі хабарласып, жан-жақты мағлұмат алып отырады. “Нұр Отан” ХДП жастар қанаты, соғыс, еңбек ардагерлері, қадірменді ақсақалдарымыз, қоғамдық ұйымдар да белсенді жұмыс істейді Мұның бәрі, сөз жоқ, әр жастың көңіл-күйіне ерекше әсер етері сөзсіз. – Әскерге шақырылушылар арасында денсаулығы сыр беріп, жарамай жататын­дары көп пе? Негізінен қандай аурулар жиі кездеседі? – Бұрындары жастар салмақтың азды­ғынан, бойдың кемдігінен зардап шегіп жататын. Араларында майтабандары да кездесіп қалатын. Қазір бұл келеңсіздік толық жойылмаса да сиреді деуге болады. Бәлкім, мұны тұрмысымыздың жақсаруы­мен, тіршілігіміздің оңалуымен түсіндіруге болар. Десек те, асқазан аурулары әлі де ұшырасады. Соңғы кездері көз аурулары, қозғалыс-тірек мүшелерінің кемістігі пайда бола бастады. Бұлар – дұрыс тамақтан­баудың, компьютерді шамадан тыс пайдаланудың салдары. Тұтастай алғанда, әскерге шақыры­лушылар арасында денсаулығы жақсы, спортқа үйір, саламатты өмірге бейім ұлан­дар мол. Оларды жоғары және орта арнаулы әскери оқу орындарына іріктеу де қатаң тәртіп бойынша жүргізіледі. Бола­шақ офицерлер Қазақстанмен қатар, Ре­сей­де, Әзірбайжанда, Беларусьта, Түркия­да, Германияда, АҚШ-та, Үндістанда даяр­ланады. Оларға тілек білдірушілер көп. Биылдан бас­тап бір айлық әскери жиын өт­кі­зуді қол­ға алға­лы отыр­мыз. Ал­ғашқы лекте 75 адам қам­тылатын болады. Біздің алдағы мақсатымыз — Отан алдын­дағы азаматтық бо­рыш­ты өтеу қа­сиет­ті парыз еке­нін жас ұрпаққа ұғындыра беру. — Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ. ПЕТРОПАВЛ.