• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бизнес 26 Тамыз, 2022

Бизнесті қорғау – кәсіпкерлерді қолдау

463 рет
көрсетілді

Елімізде кәсіпкерлердің арыз-шағымдары жерде қалмай, әр дерек бойынша жедел әрекет ету үшін облыстық, тіпті аудандық деңгейге дейінгі прокуратураларда Бизнесті қорғау жөніндегі мобильді топтар жұмыс істейді. Жыл басынан бергі 7 айдың ішінде осы топтарға 1,7 мыңнан астам кәсіпкер жүгінген екен.

Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, мобильді топтарға келіп түскен осыншама арыз-шағымның әрбір төртіншісінде заң бұзушылық расталған. Мысалы, Алматы облысында білім беру органдары тарапынан 251 жекеменшік балабақшаны заңсыз тексеруге жол берілген жоқ. Әдетте, мұндай тексерулер мемлекеттік тапсырысты орындау мәселелері бойынша жүргізіледі. Ал Қостанай облысында прокурорлардың араласуынан кейін NPO DSK ЖШС-ның 15 қызметкеріне жалақы бойынша 3,4 млн теңге мөлшерінде 2 айлық берешек төленді.

Жамбылдық прокурорлар Т.Рысқұлов ауда­ны­ның Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының әрекетін тексеріп, оның кәсіп­керлерге мемлекеттік сатып алу саласындағы 10 млн теңге сомасындағы кепілдік жарнаны қайтармағанын анықтаған. Осы фактіні тексеру кезінде прокурорлар бөлім басшысының бұдан басқа 39 кәсіпкерге 40 млн теңгеден астам берешегі барын да әшкерелеген. Бұл фактілерді аудандық прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында (сеніп тапсы­рыл­ған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейін­гі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркеген.

Арнайы прокурорлар жүргізген сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша аудандық соттың үкімімен кінәлі адам өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан, сондай-ақ 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал бизнес субъектілеріне келтірілген залал толық өтелді.

Мобильдік топтар шешетін мәселелердің ауқымы жеке жағдайлармен шектелмейді, көбіне про­курорлар құқықтық актілерге өзгерістер енгі­зуді талап ететін жүйелі проблемалармен күре­седі. Ал бұл жұмыс «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасымен өзара тығыз іс-қимылда жүр­гі­зілуде. Бас прокуратураның мәліметіне қара­ғанда, прокуратура органдарының көмегімен биз­нес­тің 28 өңірлік проблемасы нақты шешімін тапқан.

Мысалы, Павлодар және Маңғыстау облыс­тарында мемлекеттік органдардың коммер­ция­лық нысандарды заңсыз тексеру тәжірибесі тоқ­татылса, Шымкент қаласында шаруа қожалық­тарын суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Ал Жамбыл өңірінде прокурорлар қабылдаған шаралардың арқасында электр желілерінің тіректерін жалға алып отырған кәсіпкерлерден ақша алынбайтын болды.

Осы деректердің өзі-ақ прокурорлардың уәкілетті органдардың заңсыз тыйым салу және шектеу шараларын жою жөніндегі жаңа құзыреті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудағы тиімді құралға айналғанын айғақтай алады. Мысалы, Қостанай облысының прокуратурасының салық саласында жүргізілген талдау қорытындысы бо­йынша 141 салық төлеушіге банктік шоттар­дың заңсыз бұғатталғанын анықталған. Прокурату­ра­ның қаулысымен тыйым салулар кері қайтарылды.

Жалпы, жыл басынан бері кәсіпкерлік сала­сындағы бұзушылықтар бойынша оның ішінде Мобильді топтардың жұмысы шеңберінде 893 қадағалау актісі енгізіліп, 143 мыңнан астам бизнес субъектісінің құқықтары қорғалған. Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, 534 млн теңгеден астам қаржыға 5,9 мың әкімшілік жаза алып тасталып, 6,4 мыңнан астам заңсыз тексеру мен бақылаудың өзге де нысандарының жолы кесілді. Сондай-ақ 1 139 тыйым салу-шектеу шарасы мен мемлекеттік органдардың 702 актісінің күші жойылса, 669-дан астам адам жауапкершілікке тартылған.

Естеріңізге сала кетейік, кез келген кәсіпкер өз құқықтарын бұзу фактілері туралы прокуратура органдарына 115 (Call-орталық), 30-18-30 (Бас прокуратураның мобильді тобы) нөмірлері немесе облыс прокуратураларының сайттарында көрсетілген нөмірлер бойынша хабарласа алады.