• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2014

Елдер ынтымағы – халықтар ырысы

380 рет
көрсетілді

 Жақында Ереван қаласында Қазақстан Республи­­­касының Армения Республикасындағы елшілігінің бастамасы бойынша Жаһандану және өңірлік ынтымақтастық талдау орталығының жәрдемімен «Қазақстан мен Арменияның еуразиялық интеграция мәселесіндегі өзара іс-қимылы» атты конференция болып өтті.

Саяси егемендік мызғымайды

Аталған іс-шараға Еревандағы академиялық, сарапшылық және іскерлік топтардың өкілдері, сон­дай-ақ, Армениядағы елші­лік­тердің дипломаттары қатысты. Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Айымдос Бозжігітов өзінің кіріспе сөзінде Қазақстанның жетістіктері туралы және Кеден одағы (КО) шеңберінде интеграциялық үдерістерді дамытудың келешегі туралы қатысушыларға ақпарат берді. Оның сөздері бойынша, Президент Н.Назарбаев айтқандай: «Қазақстан абстрактілі геосаяси идеялар мен ұрандарды емес, экономикалық мүдделерді – интеграциялық үдерістердің басты қозғаушы күші санау» қағидатын басшылыққа алады. Сондықтан интеграцияны, ең алдымен, экономикалық прагматизм негізінде құру қажет. Қазақстан мен Арменияның КО шеңберіндегі ынтымақтастығының кең ауқымды келешегі бар, атап айтқанда, ақпараттық технология мен машина жасау салаларында. Өз кезегінде Жаһандану және өңірлік ынтымақтастық тал­дау орта­лығының басшысы Степан Григорян Еуразиялық экономикалық одақты құру кезінде Қазақстан үшін саяси егемендіктің мызғымайтындығын атап көрсетті, мұның өзі КО мен БЭК-ке кіру кезінде Армения үшін де өзекті және маңызды болып табылады. «Интеграция және даму» талда­малық қоғамдық ұйымының төрағасы Арам Сафарян өз ұйы­мының қызметі туралы ха­бар­лады. Ол басқаратын ұйым­ның Ереван мемлекеттік универ­си­тетімен (ЕМУ) бірге, армян-қа­зақ экономикалық аспектілерін зерт­теуі төмендегіні көрсеткен. Еуроодақпен және Кеден одағы елдерімен жақсы қарым-қаты­на­сы бар Армения ЕО мен КО мүд­делерін біріктіретін орын болуға қабілетті бірден-бір географиялық және саяси алаң болып табылады. ЕМУ проректорының орынбасары, баяндамашы Александр Маркаров Біртұтас экономикалық кеңістікті (БЭК) құру кезінде барлық қатысушы елдердің тең құқылығы ескерілетінін кон­ферен­цияға қатысушыларға хабарлады. Арменияның барлық интеграциялық үдерістерді өтуі қажет, өйткені, «Жол картасы» шең­берінде құжаттарға қол қою­­дың шапшаңдығының теріс сал­дары болуы мүмкін. Оның үсті­не қазір еуразиялық интегра­ция­ның қаншалықты табыс әке­леті­ні белгісіз. Сондай-ақ, оның пікі­рі бойынша, еуразиялық инте­гра­цияның тартымдылығы туралы оң сипатты ақпаратты жеткізу мақсатында беделді халықаралық алаңдарда КО мен БЭК мүдделерін тұрақты түрде жеткізу қажет. «Егемен-ақпарат».

Мәдени байланыстар нығая түсті

Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының басшысы Нәзира Табылдинованың айтуынша, Ресейдің көршілес өңірлері, оның ішінде, әсіресе, шекаралас Орынбор облысымен өзара мәдени байланыс пен ынтымақтастық негізінен үш бағытта өрбіп келеді. Атап айтқанда, өңірлердегі әуесқой және этномәдени бірлестіктер жанындағы танымал шығармашылық ұжымдар арасындағы, кәсіби өнер мен театралды-концерттік қызметтегі және мұражайлар ісін жүргізу мен мәдени-тарихи мұраларды сақтау, дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Халықтық, Үлгілі атағы бар ұжымдар арасындағы көршілес Ресей Федерациясы өңірлерімен шығармашылық байланыс жыл өткен сайын нығая түскен. Тек 2013 жылы ғана Ақтөбе облысы ЭМБ жанындағы ұжымдар, оның ішінде облыстық Достық үйінің «Достық сазы» ансамблі мен жекелеген өнерпаздар халықаралық «Достықта шекара жоқ» фес­тивальдарына қатысқан. Атап айтқанда, шекаралас өңірлердің РФ-ның Омбы қаласында өткен «Да будет дружба искренней и честней», Атырауда Астрахан облысымен «Дос жүрегін шекара бөле алмайды» 5-халықаралық фестивальдарында табысты өнер көрсетті. Ақтөбеде ұйымдастырылған ірі мәдени шаралар – ЭМБ-лер мен олардың халықтық ұжым­дары атаулы мерекелеріне және қатарынан үш жыл өткізіліп келе жатқан ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Мәдениет үндестігі – Созвучие культур» республикалық фестиваліне еліміз өңір­лерімен қатар Орынбор, Орск қа­­лаларының өнерпаздары мен шығарма­шы­лық ұжымдары қонақ ретінде қатысуда. Сонымен бірге, Орынбор облысымен мәдени ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мақсатында 2013 жылғы қыркүйекте Ақтөбе облысының мәдениет басқармасы мен Орынбор үкіметінің мәдениет және сыртқы экономикалық байланыстар министрлігі арасында 2014-2019 жылдарға арналған келісім жасалған. Облыс аудандарының, әсіресе, Мәртөк, Қобда, Қарғалы және Әйтеке би аудандары шығармашылық көркемөнерпаздар ұжымдарының Орынбордың өздерімен көршілес аудандарымен мәдени байланысы тұрақты дамуда. Ал Ақтөбе қаласының «Рюкзак» бард клубы халықтық ұжымы РФ-ның және басқа да көршілес өңірлерде 2011-2013 жылдары өткізілген «Кувандык», «Илмены» авторлық, Переволоцк «Наполним музыкой сердце» атты басқа да төрт облысаралық, қалалық, шекаралас өңірлераралық фестивальдарда айрықша өнерімен көзге түсті. Көршілес өңірлердің ансамбльдері мен жекелеген өнерпаздары Ақтөбеде ұйымдастырылатын бард әндері фестиваліне ұдайы қатысып жүр. Бұдан басқа «Әлия гүлі» достарын шақырады» ІV және V халықаралық балалар-жасөспірімдер шығармашылығы халықаралық фестивальдарында РФ-ның көршілес өңірлерінен, оның ішінде Орынбор облысынан бірнеше шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Соңғы жылдары кәсіби өнердегі театралды-концерттік қызмет саласын­дағы өзара байланыс та нығаю үстінде екен. Мәселен, облыстық филармония ұйымдастырып, жыл сайын немесе екі жыл сайын дәстүрлі өткізілетін халықаралық «Жұбанов көктемінде» «Классика», «Ақтөбе JAZZ» джаз музыкасы фестивалінде ерекше өнер көрсетіп, ақтөбелік көрермендердің ыстық ілтипатына бөленген орынборлық және Ресейдің басқа да өңірлік, қалалық кәсіби ұжымдары қатары жыл сайын арта түсуде. Ақтөбе мен Орынбор қалалары арасындағы шекаралық мәдени ынтымақ­­­тастықты нығайтудағы облыстық филар­­­мониялардың тәжірибе алмасу бағдар­­ламалары өз алдына бір төбе. Филар­­­монияның А.Жұбанов атындағы оркес­трі РФ-ның Уфа қаласында 2012 жылы өткен 1-халықаралық ұлт-аспап­тар оркестрі байқау-фестивалінде 1- дәре­желі дипломант атанса, 2013 жылы Ресей­де өткізілген «Еуропа-Азия» ІV-фес­тивалінде «Арайлы Ақтөбе» фольк­лорлық ансамблі бас жүлдеге ие болды. Облыс пен РФ-ның көршілес өңірлері театрлары арасындағы өзара байланыс та жақсаруда. Ақтөбе драма театрында мәскеулік А.Сарбасовтың режиссерлігі­мен «Детектор лжи» спектаклі сахнаға шығарылды. «Алақай» қуыршақ театрында ресейлік режиссерлар Р.Рахимовтың және С.Балыковтың қоюымен «Журавль в небе», «Қайдасың, анашым», «Тізгінді босат та құстай ұш» балалар қойылымдары сахнаға шықты. Облыс театрлары мен филармония ұжымдары және жекелеген өнерпаздар, облыстық Достық үйі ЭМБ-і шығармашылық ұжымдары 2012 жылы шілдеде Ақтөбеде өткен республикалық «Сабантой» татар-башқұрт мерекесін әсерлі өнерімен биікке көтерсе, Сабантойға ресми делегациялардан тыс Татарстанның аудандарынан өкілдер келуі оны халықаралық деңгейге көтерді. Облыстық «Алақай» қуыршақ театры репертуары сондай-ақ 2013 жылы РФ-дан шақырылған Г.Гипиковтың қоюымен «Бір-ақ уыс» атты жаңа қойылыммен толықтырылып, дәстүрлі екі жыл сайын өткізілетін «Ассалаумағалейкүм – ІІІ» халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне 2013 жылы барлығы 8 театр, оның ішінде Ресей қалалары қуыршақ театрлары қатысып өнер көрсетті. Сонымен бірге, өткен жылы РФ-ның Қазан қаласында өткен түркітілдес халықтардың ХІ халықаралық «Науруз» фестивалінде «Алақай» театр ұжымы дипломант атанды. Ресейдің көршілес өңірлерімен мәдени-тарихи мұраларды сақтау, зерттеу және дамытудағы, мұражайлар ісінде өзара байланысты нығайтудағы іс-шаралар да қалыпты жүргізілуде. Атап айтқанда, 2011 жылы 14-17 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында «Арал-Каспий аймағы – Еуразия тарихы мен мәдениеті аясында» атты ІІ халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Конференцияға шетелдерден 50-ден аса, оның 40-қа жуығы Ресейдің Мәскеу, Астрахан, т.б. қалаларынан, Кавказ, Каспий бойы, Орынбор, Татарстан, Башқұртстан және басқа өңірлерінен белгілі ғалымдар, тарихшылар қатысты. Оның аясында секциялық жұмыстар мен Әбілқайыр хан тарихи тұлғасын анықтау мақсатында симпозиум ұйымдастырылды. Ақтөбе облысының тарихи-өлкетану мұражайы мен Орынбор облыстық мұражайының шығармашылық байланысы нәтижесінде 20 жылдай уақыттан бері жыл сайын наурыз-сәуір айларында «Орынбордың түбіт шәлісі» дәстүрлі көрмесі Ақтөбеде өткізілуде. Оның мақсаты өңірімізге қолөнерді дамытуға шеберлер тарту болып табылады. Сонымен бірге, Ақтөбе облыстық өнер мұражайы тарапынан көршілес өңірлермен, оның ішінде Орынбормен де шығармашылық байланыс күшейіп, Орынбор және Ақтөбе суретшілері көрмелері кезектесіп өткізілуде. Бұл жұмыстар биыл Орынборда өтетін «Еуропа-Азия» Шекаралық ынтымақтастық» форумы аясындағы фест­ивальда жалғаспақ. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.