Соңғы жылдардағы түрлі қиындықтарға қарамастан, жүрісінен жаңылмай, алға ілгерілеген экономика секторларының қатарында отандық машина жасау саласы да бар. Мемлекет тарапынан көрсетілген жан-жақты қолдау мен жүйелі жұмыстың, кәсіпорындар ұстанған дұрыс стратегияның нәтижесінде салада айтарлықтай серпіліс байқалып отыр. Дегенмен, оң шешімді қажет ететін дүниелер де жоқ емес. Осы орайда біз Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам ПІШЕМБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Мейрам Құдайбергенұлы, машина жасау өте күрделі өндіріс екенін жақсы білеміз. Сондықтан оның түрлі қиындықтармен жиі бетпе-бет келетіні де белгілі. Соған қарамастан, сала ел экономикасына қомақты үлес қосып отыр. Жалпы, саланың қазіргі жай-күйі қалай?
– Рас айтасыз, машина жасау саласы үшін қолайлы кезең деген түсінік жоқ. Өйткені өзіңіз атап өткендей, бұл – өте күрделі өндіріс. Сондықтан саланың өнеркәсіптік әлеуетін ашып, лайықты өнім жасау, индустрияның сапалы әрі жаңа деңгейіне шығу үшін кадр тапшылығы, қаржыландырудың жетіспеушілігі, валюталық құбылмалылық секілді мәселелерді еңсеруге мәжбүрміз. Осындай қат-қабат дүниелермен қатар, өндірісті ғылымды қажетсінетін зерттеулермен тұрақты қамтамасыз ету, өндіріс инфрақұрылымы мен өткізу нарықтарын дамыту секілді ауқымды жұмысты да атқарып келеміз. Мемлекеттік органдардың бюрократиясы мен шамадан тыс нормативизмі де кейде тежеуші фактор болып алдан шығатынын жасырудың қажеті жоқ.
Міне, осындай кедергілерге қарамастан, отандық машина жасау саласы сенімді түрде алға басып келеді. Мәселен, бұл саладағы өндіріс көлемі 2010-2021 жылдары алты есе өсті. Яғни 376 млрд теңгеден 2,4 трлн теңгеге дейін айтарлықтай ұлғайды. Мұндай үрдіс биыл да байқалып отыр. Сегіз айдың қорытындысы бойынша машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 1,3 есе, яғни 1,4 трлн теңгеден 1,8 трлн теңгеге дейін өсті. Қазір саланы дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Аталған құжат машина жасауды дамыту мәселелерін ғана емес, жалпы өңдеу өнеркәсібін де қамтиды.
Саланың ел экономикасына қосқан үлесі де артып келеді. Айталық, 2010-2021 жылдары отандық машина жасау саласының экономикадағы, яғни елдің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 1,9 есе (1,5 пайыздан 2,8 пайызға дейін), өнеркәсіптегі үлесі 2 есе (3,1 пайыздан 6,3 пайызға дейін), өңдеуші сектордағы үлесі 1,4 есе (9,8 пайыздан 13,9 пайызға дейін) ұлғайды. Машина жасаушылар өндіріс тиімділігін арттыруға, әртараптандырылған әрі технологиялық сипаттағы ұлттық экономиканы қалыптастыруға жәрдемдесуге ниетті. Қазіргі таңда республикада 3,5 мыңнан астам машина жасау кәсіпорыны жұмыс істейді. Олар 115 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Қазақстанда отандық машина жасау саласын дамытуға тиісті алғышарттар бар. Мұның бәрі болашақта өнімділігі жоғары әрі экспортқа бағдарланған өңдеу секторын және жалпы өнеркәсіпті құруға берік негіз бола алады. Алғышарт деп отырғанымыз – энергетикалық және шикізаттық база, өндірістік және адами әлеует. Қазіргі жағдайда елде де, әлемде де экономиканы әртараптандырудың және оның ұзақ мерзімді перспективада тұрақтылығын арттырудың маңыздылығы шиеленісе түсуде. Мұндай іргелі міндеттерді шешу үшін ең алдымен, саладағы бәсекеге қабілеттілікті жандандырып, даму динамикасын қамтамасыз ету маңызды. Ол кең ауқымды технологиялық жаңғырту негізінде экономиканың басқа салаларындағы өсудің жоғары серпінін қамтамасыз етуге қабілетті. Оның үстіне бұл әрдайым ауқымды сұраныспен қамтамасыз етілген.
Машина жасау лайықты жалақы деңгейі мен сапалы жұмыс орындарына сұраныс тудырады, білікті мамандардың дамуын ынталандырады. Жоғары қосымша құн мен экономиканың факторлық өнімділігін өндіруге, жаңа технологиялар мен өнімдерді бейімдеуге әрі өндіріске енгізуге қабілетті. Машина жасау саласы тұтастай өңдеуші өнеркәсіптің өсуіне барынша мультипликативтік әсер береді әрі экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысынан басты қозғаушы күш болуға қабілетті. Сайып келгенде мұның бәрі халықтың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді. Мысалы, машина жасау саласындағы бір жаңа жұмыс орны өзге салаларда шамамен 7-8 жұмыс орнын құруға жол ашады.
– Әлемдегі қазіргі геосаяси жағдай отандық машина жасау саласына қалай әсер етіп жатыр?
– Иә, әлемдегі геосаяси ахуал да, экономикалық жағдай да өте күрделі болып тұр. Өкінішке қарай, мұның кез келген елдің кез келген бизнесіне жақсы әсер бермесі анық. Оны бәрі біліп, түсініп отыр. Дамыған державалардың санкциялық текетіресі өмірдің барлық саласына тікелей әрі қатаң әсер етеді. Қазір болып жатқан жағдайлардың әлемдік экономикаға, мемлекетаралық шаруашылық және көлік-логистикалық байланыстарға қалай қаншалықты зиян әкелетінін болжау қиын. Қазіргі таңда өндірушілер мен жеткізушілер арасындағы өндірістік қатынастар зардап шеккен кезде ел ішіндегі тәуекелдерді есептеу де қиын. Шынында да, біздің салада мұның барлығы шетелдік серіктестермен жұмыс жүргізуде айтарлықтай маңызға ие. Бір ғана жиынтықтың жетіспеушілігі өндірушінің өндірістік циклін бұзуы мүмкін. Ал мұның салдары жаман. Мерзімді өткізіп алуы мүмкін, айыппұлдар арқалап, несиелік берешек өсуі ықтимал, клиенттік базаны жоғалтып алуы мүмкін.
Біздің кәсіпорындар АҚШ, Қытай, Түркия, Израиль, Ұлыбритания, Аустралия, Канада мемлекеттерімен, Еуропалық Одақ және ТМД елдерімен, әлемдік ірі компаниялар мен халықаралық даму институттарымен өндірістік тұрғыдан тығыз әріптестік байланыс орнатқан. Бұл ретте әлем назарындағы Ресей Федерациясы – Қазақстан үшін маңызды сауда-экономикалық әріптес. Екі ел арасындағы тауар айналымы ондаған миллиард долларға жетіп отыр.
Әрине, энергия ресурстарын (мұнай, газ, көмір) және металдарды (титан, алюминий, мыс, никель, палладий, темір кені), жоғары технологиялық тауарларды (микросхемалар, компьютерлер, бағдарламалық қамтамасыз ету, жартылай өткізгіштер), жасанды интеллект пен роботтехникамен, авиациямен байланысты технологияларды жеткізу тоқтаған кезде жұмыс істеу қиын. Десе де, Қазақстан билігі ел үшін, отандық кәсіпорындар үшін жаһандық процестердің ықпалын жұмсартуға күш салып жатыр. Біздің сала да әріптес елдердің барлығымен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылатын болады және әзірше бұл біздің қолымыздан келіп тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, осы жылдың 7 айында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 13,7 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 7,8 пайызға жоғары. Өсім экспорт (6,3 пайызға ұлғайды) есебінен қалыптасып отыр. Сол секілді біздің басқа елдердегі серіктестерімізбен де қарым-қатынасымыз жақсы. Өзара мүдделілік бар. Сырттағы байырғы әріптестеріміздің қиындықтарды бастан өткеріп отырғанына қарамастан, біз әлі де бірлесіп, экономикалық өзара іс-қимылымызды жалғастыру жолдарын іздеп жатырмыз. Өйткені бұл – бизнес. Сондықтан оны басқаша қабылдамау керек.
– Машина жасау – ауқымды сала. Оның үлкен бір тармағы темір жолмен байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?
– Машина жасау саласы дамыған елдердің экономикасының индустриялық қуатының өзегі екенін атап өткім келеді. Дәл осы салада экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік беретін технологиялық күрделілік қалыптасады. Экономика салаларының барлығын дамыту үшін өндіріс құралдары құрылады. Мәселен, машина жасау саласы Қазақстанда 37 кіші саланы қамтиды және өнеркәсіптің ең күрделі әрі сараланған саласы болып саналады. Мысалы, сіз айтқан темір жол машинасын жасаудың сала өндірісінің жалпы көлеміне қосқан үлесі 12 пайызға тең. Былтыр темір жол машинасын жасаудағы өсім 73 пайызға жетіп, 286 млрд теңгені құрады. Сектордағы оқшаулаудың орташа деңгейі 50 пайыздан жоғары.
2010-2020 жылдардағы Индустрияландыру кезеңінде темір жол машинасы саласында «Тұлпар-Тальго» вагон жасау зауыты, Локомотив құрастыру зауыты, Электровоз құрастыру зауыты және «Проммашкомплект» іске қосылды. Олар жоғары технологиялық өнімдер шығарады әрі экспорттайды. Біздің елге бұл бағытта жұмыс істейтін General Electric, General Motors, Alstom, JAC, «КАМАЗ», «Трансмашхолдинг» секілді трансұлттық компаниялар келді. Қазақстанда электровоздар, жолаушылар және рефрижераторлық вагондар, темір жол дөңгелектерінің жұптары мен осьтер шығару жолға қойылған. Рельсті бекіту элементтері мен бағыттамалы бұрмалар, ұзындығы жоғары рельстер және басқа да жиынтықтар өндіріледі.
Қазақстанның географиялық орналасуы, транзиттік әлеуеті, темір жол машинасын жасау нарығындағы артып келе жатқан сұраныс, жүргізіліп отырған индустрияландыру саясаты отандық темір жол машинасын жасаудың қалыптасуы мен серпінді дамуы үшін синергетикалық әсер берді. Теміржол жылжымалы құрамының паркінде 1 800-ден астам локомотив, 139 мың жүк вагоны және шамамен 2,6 мың бірлік жолаушылар вагоны бар. Олардың тозу деңгейі 46 пайызға тең. Бұл темір жол саласын да, сол сияқты темір жол машинасын жасауды да одан әрі дамыту үшін базалық алғышарттар болып саналады. Сондықтан Қазақстанда темір жол машинасын жасауды дамытуды және перспективалы жаңа жобаларды іске асыруды қолдау жалғасады деп сеніммен айта аламын.
– Жалпы, салада жедел шешуді қажет ететін қандай проблемалар бар?
– Әрине, қол жеткізілген нәтижелерге және дамудың жалпы оң серпініне қарамастан, салада машина жасауды тиімді дамытуға кедергі келтіріп отырған тежеуші факторлар да бар. Соның негізгі аспектілеріне тоқталайын. Біз шикізат пен жиынтықтауыштардың импортына қатты тәуелдіміз. Өйткені өзімізде базалық дайындау өндірістері жоқ. Мәселен, елдегі жалпы импорттың шамамен 17 млрд теңгесі машина жасау саласына тиіп отыр. Бұл – елдегі жалпы импорттың 45 пайызы, ал өңдеу өнеркәсібіндегі импорттың 52 пайызы. Соңғы 10 жыл ішінде металл өнімдерінің импорты 2 есе, жылына 1,2 млн тоннадан 2,4 млн тоннаға дейін өсті. Сонымен қатар былтыр болат прокатының бағасы бірден 60-80 пайызға ұлғайды. Машина жасау өнімінің өзіндік құнындағы металдардың үлесі 30-60 пайызды құрайды. Алайда қазіргі күні біздің металлургтер машина жасау кәсіпорындарын қажетті металл өнімдерімен толық қамтамасыз етпейді.
Сонымен қатар әлемдік нарықта машина жасау өнімдерінің 2 млрд долларға азайғаны байқалып отыр. Өйткені машина жасау саласындағы дайын өнімді экспорттауда кедергілер бар. Мәселен, қосылған құн салығын қайтару ұзақ уақытты алады. Сондай-ақ бізде қолайлы шарттар бойынша экспорттық қаржыландыру ұсынылмаған. Саланың негізгі қорлары жаңартуды қажет етеді. Машина жасауда жабдықтың тозуы 52 пайызды құрап отыр. Оларды реттеу үшін кредит керек. Ал кредиттің мөлшерлемелері тым жоғары. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 млрд долларға жуық қаражат жетіспейтінін айтты. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр. Қолжетімді қаржы ресурстарының жетіспеушілігінен өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының жүктемесі 50 пайыздан аспайды. Сала кәсіпорындары жеңілдетілген қаржыландыруды қажет етеді.
Бұл ретте орын алған проблемаларды шешіп, өңдеу өнеркәсібі мен машина жасауды дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, Қазақстан машина жасаушылар одағы Үкіметпен және салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, отандық өндірушілерді қолдау бойынша тұрақты және жүйелі жұмыс жүргізуде. Айталық, индустриялық сертификаты бар отандық тауар өндірушілерге бірқатар басымдық берілді. Машина жасау өнімін экспорттаушы кәсіпорындарға қосылған құн салығын қайтарудың оңайлатылған тетігі әзірленді. Енді заңнамаға және нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі.
2022 жылдан бастап елде өндірілмейтін технологиялық жабдықтың импортына есепке алу әдісімен қосылған құн салығын төлеу жеңілдігі 3 жылға ұзартылды. Биылғы ақпаннан бастап шетелдік өндірушілерден мемлекет мұқтажы үшін лифтілер, трансформаторлар, автобустар, газ, сұйықтық және электр энергиясын есептеуіштер сатып алуға екі жылға тыйым салынды. Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша өңдеуші өнеркәсіп жобаларын несиелеу құралы енгізілді. Өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қосымша мемлекеттік қаржыландыру қамтамасыз етілді. Нақтырақ айтсақ, 2022 жылға – 285 млрд теңге, 2023 жылға 135 млрд теңге қарастырылды. Отандық тауар өндірушілердің биржалық сауда-саттыққа қолжетімділігі кеңейтілді. «Тауар биржалары туралы» Заңға биржалық емес тауарлар саудасының жаңа тәртібі, отандық тауар өндірушілердің сауда-саттығына қатысуына делдалдарсыз тікелей қол жеткізу бөлігінде өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ базалық өндірістер құру, жер қойнауын пайдаланушыларды сатып алу кезінде отандық өндірушілерге басымдық беру бағытында мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Біздің одақ мүдделі тараптармен бірлесіп экономиканың түрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу жұмысына белсенді араласып отыр.
– Алда қандай мақсат-міндеттер тұр? Жоба-жоспарлармен бөлісе отырсаңыз.
– Одақ саланың және отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін дамытуға, арттыруға одан әрі жан-жақты жәрдемдесуді көздеп отыр. Машина жасау саласы – экономиканың негізгі драйвері. Жаһандық сауданың 40 пайызы осы саламен тікелей байланысты. Сондықтан біз өз кәсіпорындарымызға ішкі нарықта ғана емес, әлемдік нарықта да өз орнын табуға көмектесу үшін нақты міндеттер қойып отырмыз. Мемлекет те ел мен қоғамның орнықты дамуына тікелей байланысты машина жасау сияқты жоғары технологиялық салалардың дамуын қолдауды жалғастыруы керек. Егер назардан тыс қалып қойса, мұның салдары бірден байқалмақ. Бұл экономикалық базаның беріктігінің төмендеуіне, экономиканың сыртқы күйзелістерге төтеп бере алмауына, жұмыспен қамту деңгейінің төмендеуіне, макроэкономикалық тұрақсыздыққа және азаматтарымыздың әл-ауқатының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Сол себепті әлемде жергілікті өндірушілерге деген қолдау ерекше.
Бәсекеге қабілеттілікті арттыру мәселелерін шешу бізден машина жасау саласын одан әрі дамытуға деген кешенді көзқарасты талап етеді. Біз бұл мәселені келесі ұрпаққа қалдыра алмаймыз. Лайықты болашақ біздің бірлескен күш-жігеріміз бен бүгінгі нәтижелі жұмысымызға тікелей байланысты. Қазіргі жағдайлар мен сын-қатерлер отандық машина жасауды озыңқы әрі сапалы дамыту үшін жаңа тәсілдер мен жүйелі шешімдер әзірлеуді талап етеді. Сондықтан саланы дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін арттыратын, жаңа серпін беретін бірыңғай және кешенді саясат қажет. Онда инвестициялар тартуға, өндірістік және экспорттық мүмкіндіктерді дамытуға, ойластырылған сауда саясатына, ішкі нарықты қорғау (техникалық реттеу) арқылы отандық өнім үшін өткізу нарықтарын кеңейту саясатына айырықша мән берілуі керек. Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет және бұл тиісті мәртебесі бар құжат шеңберінде ғана жүзеге асырылуға тиіс.
Біз қазіргі уақытта Үкіметпен отандық машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеу мәселесін пысықтап жатырмыз. Саланы дамытудың мұндай тәсілі саланың өндіріс көлемі мен экспортын бірнеше есе ұлғайтуға, отандық кәсіпорындардың өндіріс көлемі мен экспорттық түсімін ұлғайту есебінен салық салынатын базаның өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»