Азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, заңға құрмет сезімін ояту – барлық мемлекеттік органның стратегиялық бағыттарының бірі. Ал заңды жетік біледі деген қызметкерлердің қателікке жол берген кемшіліктері кешіруге жатпайтын әрекет екені анық.
Түркістан облысы бойынша бүгінде 193 нотариус, 172 адвокат, 200 заң кеңесшісі қызмет атқарады. Облыстың әділет департаменті нотариаттық іс-әрекеттердің заңдылығына және нотариаттық іс жүргізу ережелерінің сақталуына 8 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 3 нотариустың лицензиясын тоқтатқан. Екі нотариус тәртіптік жауапкершілікке, 5 нотариус әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 2 адвокаттың лицензиясы тоқтатылған. «Әділет департаменті коммерциялық емес заңды тұлғаларды, азаматтық хал актілерін, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуді бақылауда, зияткерлік меншік құқығын қорғау саласы бойынша және құқықтық көмек көрсету және түсіндіруді қамтамасыз етуде, сондай-ақ сот актілерін орындау қызметінде көптеген жетістікке қол жеткізді.
«Өткен жылдары жұмысты жаңа болмысқа икемдеп, жүзеге асырдық. Бұдан бөлек департаментке жүктелген міндеттерді нәтижелі атқару өз жемісін берді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі онлайн көрсетілуде, сондай-ақ жергілікті волонтерлер мен әділет саласының қызметкерлері бірлесіп халыққа байланыс құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы кеңес беруді іске қосып, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруда аянбай еңбек етуде», дейді департамент басшысы Мұхит Тұрғараев.
Өңірде «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі бойынша 172 адвокат қызмет атқарады. Ал мемлекеттік кепілдік берген заң көмегін көрсетуге келісілген адвокаттардың саны – 122. Жалпы 6 076 азаматқа тегін заң көмегі көрсетіліпті. Оның ішінде қылмыстық істер бойынша – 1 611, азаматтық іс – 20, әкімшілік іс – 160, құқықтық кеңес берілген азаматтар саны – 4 285. Департамент басшысының айтуынша, облыс көлемінде 1 311 заңды тұлға мемлекеттік тіркеуден өткен. Қызметтің 11 түрі бойынша 2 044 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша біліктілікті арттыру курстарынан 5 қызметкер өтті. Департаменттің АХАТ және апостильдеу жұмыстарын қамтамасыз ету, бақылау бөлімінің мұрағатына 2 015 акт жазуларына өзгерістер, толықтырулар, түзетулер енгізу туралы хабарламалар келіп түсіп, орындалды. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу бағыты бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы 106 917 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Зияткерлік меншік құқығы саласы бойынша департаментке заң талаптарын бұзу фактілеріне қатысты 6 арыз түсіп, оның ішінде 4 арызға Президенттің «Тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығына сәйкес тексеру жүргізілмейтіндігі туралы жауап берілген. Ал 2 арыз авторлық құқықтың бұзылуына байланысты құзыреттілігіне қарай Әділет министрлігіне жолданыпты. «Биылғы 8 айда мемлекеттік сот орындаушылар саны – 15, жеке сот орындаушылары саны – 150. Жалпы аяқталған атқару құжаттары – 161 445. Аяқталған атқарушылық өндірістердің үлесі 8 айдың қорытындысы бойынша 32 пайыз болған. Алимент өндіру санаты бойынша 22 672 орындауда болған. Оның 2 982-і аяқталған, 19 690-ы орындалу барысында. Сот актісі талаптарын орындаудан жалтарып жүрген 214 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыстық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімімен мүлік тәркілеу бойынша 156 атқару өндірісі орындауға түскен, оның ішінде 129 атқару өндірісі орындалып, атқару құжаттарының орындалуы – 83 пайыз болды. Жалпы, Түркістан облысының әділет департаменті биылғы 8 айда Әділет министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған Даму жоспарының орындалуы бойынша нысаналы индикаторлардағы межелі көрсеткішке қол жеткізуді, адвокаттардың заңгерлік көмек көрсетуін одан әрі жандандыруды, проблемалық алимент санатындағы атқару өндірістері бойынша облыстың жеке сот орындаушылар өңірлік палатасымен және аудандағы жеке сот орындаушылармен жұмыстарды, әділет органдары қызметіне қатысты халық арасында құқықтық насихат жұмыстарын жандандыруды басым міндеттер қатарына қойып отыр», дейді департамент басшысы. Яғни департамент қызметкерлері халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен дамытуға да басымдық беріп келеді.
Түркістан облысы