Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстағы жылу беру маусымының басталуына байланысты әкімдік отырысы өтті. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстағы жылу беру маусымының басталуына байланысты әкімдік отырысы өтті.
Қыркүйектің 24-інен бастап Солтүстік Қазақстан облысында 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымы басталды. Қыркүйектің соңғы күндері мен қазанның басында қылышын сүйреткен қыстың алғашқы ызғары түсті. Алайда қазанның осы күндері қайта жайланып, қазір ауаның температурасы күндіз 7-8 градустық жылылық көрсетіп тұр. Мизамшуақ та әлі алда сияқты. Бірақ түннің ызғары бар. Қазан айын теріскей өңір суықтан күшене беретіндіктен «күшеншек» айы деп те атайды. Сол «күшеншектің» түнгі ызғары адамды бүрістіріп жібереді.
Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаевтың айтуына қарағанда, облыс орталығында әлеуметтік саланың барлық 177 нысанына жылу берілді. Орталық жылу жүйесіне қосылатын 1 115 көпқабатты үйдің 1 109-ына жылу берілді, тек дайындық паспортын алмаған 6 үйге ғана жылу берілген жоқ. Жағаны жайлауға салған үйлердің тұрғындары ертең суық қыса бастағанда шулайтыны белгілі. Өзін өзі басқаруға үйрене алмай келе жатқан осы іспетті үйлер әлі де баршылық.
Петропавл қаласында 4 мыңға жуық жекеменшік тұрғын үй секторы бар. Оның біразы орталық жылу жүйесіне қосылған. Бірақ басым бөлігі от жағады. Жылу маусымында 70 мың тоннадай көмір тұтынады. 4 қазандағы мәліметке қарағанда, қаланың темір жол тұйықтарында 35,1 мың тонна көмір қоры бар. «Қалғаны маусым бойына жеткізіліп тұрады», деді Р.Аңбаев. Қолдағы қорда жиналған көмірдің 910 тоннасы – «Шұбаркөл», 811 тоннасы – «Майкөбе», 300 тоннасы – «Екібастұз» кендерінен. Ал қала тұрғындары жоғары бағалайтын, қызуы жақсы «Қаражыра» көмірі әлі жеткізілмеген.
Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басшысының міндетін атқарушы П.Шилов өңірдегі 285 шақырымдық жылу жүйесі түгел дайындық сапында тұрғанын айтты. Соның 6,3 шақырымына биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 602 шақырымнан тұратын су жеткізу жүйелері де толығымен дайын. Облыстағы 324 автономды қазандық та іске қосылуға әзір. Білім саласының – 604, денсаулық сақтау саласының – 369 және мәдениет саласының 167 нысаны жылуға қосылған.
Облыстағы бу қазандықтарымен жылытылатын барлық бюджеттік мекемелерге қажетті 141 мың тонна көмір жеткізілген. Алайда тұрғындарға қажетті 419 мың тонна көмірдің әзірге 249 мың тоннасы ғана жеткізіліпті. Аққайың, Мамлют аудандары қажетті мөлшердің жартысын ғана қамтамасыз еткен. Сонымен бірге барлық елді мекенде жылу жүйесіне қосылмаған 12 көпқабатты үй бар. Оның жартысы – Петропавл қаласында, қалған алтауы – Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында. «Саумалкөлдегі үйлердің жылуға қосылмауы жаңа орталық қазандықтың іске қосылмауына байланысты болып отыр. Бұл қазандық алғаш рет сыналды, егер ақау болмаса тұрақты түрде қосылады», деді Павел Шилов.
Наурыз айында Петропавл қаласының ЖЭО-2-де болған апаттан халық құлағдар. Әкімдік отырысында осы кәсіпорынға қарайтын «Севказэнерго» АҚ бас директоры Олег Перфилов жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуына қарағанда, қазір ЖЭО-2-нің 12 бу қазандығының бесеуі жұмыс істейді, біреуі резервте, тағы бесеуіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тағы біреуіндегі жөндеу жұмыстары тоқтатылған. О.Перфилов жөндеу жұмыстарының кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Ал ортан белінен омырылған мұржаның толығымен бұзылғанын айтты. Бұл нөмірі бірінші мұржа болатын. Екінші мұржаның жөндеу жұмыстары 18 қазанда аяқталатын көрінеді. Үшінші мұржа жөндеуден өткен, қазір қалыпты жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорын Екібастұз көмірін жағады. Бүгінде қордағы көмірінің көлемі – 124 855 тонна. Бұл 21 тәулікке жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысы