Қазақстаннан халықаралық бағытқа жөнелтілетін тасымал көлемі бір жыл ішінде 3 есеге артқан. ATI.SU статистикасы бойынша, автомобиль жүк тасымалы сыртқы бағытта да, Қазақстанның өз ішінде де көбейді.
Ресей мен ТМД-дағы көліктік логистикаға арналған сервистердің ірі экожүйесі – ATI.SU бағалауы бойынша Қазақстан транзиттік әлеуетін табысты дамытуда және жаһандық логистикалық шектеулер жағдайында Орталық Азиядағы транспорттық хаб рөлін сәтті атқарып жатыр.
«2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша ел территориясы бойынша жүктерді жеткізіп беруге қатысты өтінім саны екінші тоқсанмен салыстырғанда 20 пайызға, ал жылдық мәнде 2 есеге өсті. Осылайша, сұраныстың өсуі Қазақстанда Ресей және Беларусь компанияларының релокациясына әсер етіп, сәйкесінше бәсекенің артуына кері ықпал ететін нарықтағы жағымсыз факторлардың көзін жойды. Қазір жүк тасымалына деген сұраныс ұсыныстың алдын орап тұр. Бұл жүк иелерін ашық цифрлық платформаларда орындаушыларды іздеуге және сенімді тасымалдаушылар пулын кеңейтуге итермелейді», делінген хабарламада.
Сондай-ақ Қазақстаннан басқа елдерге тасымал жасау бойынша өтінімдер саны да екінші тоқсанмен салыстырғанда 29 пайызға, ал жылдық мәнде үш есеге артқан. Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдеріне және бірқатар алыс бағыттарға жүк тасымалы көбейген.
«Ресейлік және беларусьтық тасымалдаушылардың Еуропада жұмыс істеу мүмкіндігінің шектелуі де экспорттық тасымалдың өсуіне әсер етіп тұр. Нәтижесінде, кейбір қазақстандық тапсырыс берушілер осы елдердің тұрақты серіктестерімен жұмыс істеудің орнына биржада өтінімдер орналастырады және жергілікті тасымалдаушылар арасында жаңа серіктестер табады», дейді ATI.SU жүк тасымалы биржасы қазақстандық өкілдігінің директоры Ренат Зобов.
Импорттық тасымалдауға қатысты өтінім екінші тоқсанмен салыстырғанда 4 пайызға, жылдық мәнде 6 пайызға ғана өскен.