• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қазан, 2022

Әскери доктрина – қауіпсіздік кепілі

964 рет
көрсетілді

Әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп, кімге сенеріңді білмей отырған алмағайып заманда ел әскерінің қуатты болғаны қажет-ақ. Бұл ретте, әскери доктринаға өзгерістер енгізу мәселесі жиі айтылып жүрген-ді. 15 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекіту туралы» 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 Жарлыққа енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды.

Өзгерістер негізінен доктринаның негізгі тұжырымдамаларын қамтыды. Одан бөлек әскерлердің жауынгерлік әлеуеті, кибершабуылдар және әскери өзара әрекеттесу бағыттары да өзгеріс­ке түсті. Бірнешеуіне тоқталсақ, «әлем­де жаппай қырып-жою қарулары­ның көлемін ұлғайту, сондай-ақ жаңа физикалық қағидаттарға негізделген жаппай ықпал ету қаруларын жасау Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін» делінген. Сонымен қатар жаңа құжатта кибершабуылдардың мемлекеттің әскери ұйымының ақпараттық жүйе­леріне, мемлекеттегі жағдайды тұ­рақсыздандыру, оның әскери және әскери-экономикалық әлеуетін тө­мендету мақсатында елдің тыныс-тір­шілігін қамтамасыз ету жүйелері­не кері әсері бар екені көрсетілген. Осы ретте, қарулы күштер саласында ақпараттық-психологиялық және кибер әрекеттерге қарсы тұру үшін бөлімшелер құрылмақ. Доктринаға енгізілген өзгерістерде стратегиялық бағыттарда әскерлердің (күштердің), қару-жарақтың, әскери техниканың және материалдық қорлардың қажетті жиынтығын құру есебінен мемлекеттің әскери ұйымының құрлықтағы, әуедегі және әскери-теңіз құрамдас бөлігінің жауынгерлік әлеуетін ұлғайту туралы да айтылады. Әскерлердің ұтқырлығын арттыру және әскери қауіпсіздіктің қазіргі заманғы қатерлеріне ден қою үшін Ұлттық ұланның құрылымын жетілдіру, құрамын күшейту және инфрақұрылымын дамыту жөнінде шаралар дәйекті және жоспарлы түрде жүргізілмек.

Әскери доктрина деген не? Бұл құжат – ғылыми негізделген, ресми қа­былданған әрі ұзақ мерзімге арнал­ған басқыншылықты тойтару, қорға­ну, мемлекеттің соғысқа даярлығын, әскери саясаттың стратегиялық, техни­калық, экономикалық, құқықтық және басқа да маңызды қырларын қа­рас­тыратын, болашақ мүмкін болар соғыс­тардың мақсаты мен маңызын, мәнін айқындайтын көзқарастар жүйесі. Құжатта әскери міндеттердің шешілу тәсілдері белгіленеді, қарулы күштерді дамытудың әскери құрылысының бағ­дар­ламасын жүзеге асырып, әскери қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін саяси күш салу мен әскери құралдардың өзара әрекеті мен үйлесуі көрініс табады.

Қорғаныс министрлігі өкілдерінің айтуынша, жаңа құжатта 70-ке жуық өзгеріс орын алған. Оның бірқатары бұрынғы шарттарға түзетулер болса, іші-нара жаңадан енгізілген тұжырымдар да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, негізгі құжатты жаңа болмысқа бейімдеуге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырғанын атап өткен жөн. Соңғы өзгерістерге сәйкес, негізгі ұғымдар қатарына «дағдарысты жағдай», «резервтегі әскери қызмет» сынды тағы да басқа тың терминдер нормативті түрде енгізілмек. Оның бі­ріншісі ел аумағындағы әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы тө­тенше жағдайлардың салдарын білдір­се, екіншісінде резервтегі аза­маттарды жиын­дар мен арнайы дайын­дықтарға ша­қырту қарастырылған.

Резервтік қызмет дегеніміз – негізгі азаматтық қызметпен қоса ерікті түрде атқаруға болатын келісімшарт бойынша қызмет. Әскери есепті, мамандығы бар және денсаулығы жарамды ел азаматтары резервист атана алады. Жиындар жауынгерлік даярлық бағдарламасына сәйкес жыл сайын және екі реттен кем емес мерзімде өткізілетін болады. Өткізу мерзімі мен олардың жиынға тартылу жасы нормативтік-құқықтық актілермен айқындалады.

Доктринада ең бірінші рет Бак­те­рио­логиялық (биологиялық) және уыт­ты қаруға тыйым салатын конвенция­ туралы айтылған. Сонымен бірге бітім­герлік қызметті кеңейте түсу қарас­ты­рылған. Ұтқыр және тиімді ден қою күштерін құруды көздейтін «ақылды шекара» тұжырымдамасын жүзеге асыру ұсынылған.

Жобада кибершабуылдан сақтануға көбірек назар аударылғаны байқалады. Құжатта бұл мәселе бірнеше жерде айтылған. Сонымен бірге ғарышқа назар аударылыпты. Бұрынғы құжатта бұл жоқ еді. Жаңа құжатта жазылғандай, Қазақстанға әскери қатер «ғарыштық кеңістікте басым түсу үшін күресуді кү­шейту» салдарынан да төнуі мүмкін. Өйт­кені еліміз Орталық Азияда жал­ғыз Бай­­қоңыр ғарыш айлағына ие. Мәсе­лен, еліміз үшін ғарыш саласындағы мүм­кіндігін шектеуге, сондай-ақ ға­рыш­тық кеңістіктен ықпал ету арқылы мем­лекеттің әскери әлеуетін төмендетуге бағытталған әрекет те қатерлі саналатыны айтылған. Доктринада зымыран шабуылы туралы ескерту және ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінің базалық элементтерін құру» елдің қорғаныс қабі­летін нығайтуға бағытталған шаралар қатарына қосылған.

Қазақстанның әскери қауіпсіздігіне ықпал етуі мүмкін факторлар арасын­да биологиялық қатер мәселесіне көбі­рек көңіл бөлінген. Құжатта «Мәскеу, Лондон және Вашингтон қалаларында 1972 жылғы 10 сәуірде жасалған Бакте­риологиялық (биологиялық) және уытты қаруды жасауға, шығаруға және оның қорын шоғырландыруға тыйым салу және оларды жою туралы конвен­ция­ның ережелері шеңберінен тыс шы­­ғатын процестер мен оқиғалар» елге қауіп төндіруі мүмкін екені жа­зылған. Біз сөзбен айтқанда, сарапшылар жаңашылдықтар арасынан гибридтік соғыс ерекшеліктеріне, ғарыштағы үстемдікке, биологиялық қару қаупін тойтаруға және зымыранға қарсы қор­ғаныс мәселелерін айрықша атап отыр.

Қорғаныс саласы ардагерлерінің айтуынша, бүгінде әуе-ғарыштық қару­лар өте жоғары дәрежеде дамып жатыр. Ұшақтар да, зымырандар да үнем­ді отынмен қамтылған әрі алыс қа­шықтыққа қысқа уақытта ұшып бара ала­ды. Жауға күтпеген жерден соққы бере алады. Сондай-ақ бұл шараларды өз жерінде даярлап жатқан кезінде оны жасырын түрде өткізуге мүмкіндік береді. Оның үстіне, ұшқышсыз аппараттар жаңа дәуір қаруына айналып үлгерді. Оның көп байқалмай жау тылына еркін өтіп кетіп жойқын соққы бере алатыны әлдеқашан дәлелденген. Жау ұшқышсыз аппараттарды жойса да, адами шығын жоқ. Міне, бізге осындай әуе шабуылына қарсы тойтарыс бере алатын шынайы жағдайға дайын болу керек.

Жаңа құжат – Қазақстанның тәуел­сіздік алғалы бергі 6-доктринасы. Мез­гіл-мезгіл қауіпсіздік мәселесін қайта қарап, уақыт талабына бейімдеп тұр­ған дұрыс-ақ. Алыстан мысал іздеп керек емес. Түріктердің «Байрақтары» әлемдегі соғыс жүргізу ісіне деген көз­қарасты түбегейлі өзгертіп, Ресейге Әскери доктринасын қайта қарауға мәжбүр еткен еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи жабдықталған әскер мемлекеттігіміздің берік қорғаны екенін жиі айтады. «Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға да­йын болуымыз керек. Сондықтан қор­ғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады», деген еді ел Президенті.

Әлбетте, тәуелсіз ел болудың бас­ты шарты сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуымен тікелей байланысты. Кез келген мемлекет өзінің қалыптасуын ұлттық әскерсіз, қауқарлы армиясыз құра алмайтыны айқын. Қазақтың ілгерідегі тарихына үңілсек, бір кездері бодандық бұғауынан құтылудың, азат ел болудың мүмкіндігі байқала бастаған тұста дербес елдікті көксеген Алаш қозғалысының қайраткерлері де ең алдымен ұлттық әскер құруды кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне бірінші шығарғанын білеміз. Айталық, сол Алаш қозғалысындағы ардақты тұлғалардың бірі Міржақып Дулатов ұлт көсемсөзі саналған «Қазақ» газетінде «Қайтсек жұрт боламыз?» деген мақала жазады. Сол мақаласында ойын түйіндей келе, Міржақып Дулатов: «Жауап біреу-ақ, біз әскеріміз болса ғана жұрт бола аламыз», деп қайырады.

Тәуелсіз Қазақстанның айбынды әскері жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие. Әлемнің бе­делді әскери сарапшыларының пайы­мынша, Қазақстан әскері ТМД елдері әскерлерінің ішінде үшінші орында тұр. Ұлттық әскердің ең жаңа үлгідегі техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы. Десе де, әскердің айбыны асқақ болуы үшін әлі де атқарылар іс-шаралар аз емес. Бұл жайында Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз­дің мақ­сатымыз – шекарамызды, тәуел­сіз­дігімізді және халқымыздың тыныш­ты­ғын бұзуға бағытталған кез келген әре­кетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуат­ты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберлігімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керек», деген болатын. Жаса, Қазақстан әскері!