Шарайна
Украинадағы учаскелік сайлау комиссиялары 25 мамыр күні өткен кезектен тыс ел президентін сайлау бойынша дауыстарды есептеп шығарды. Бұл туралы Украина Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Михаил Охендовский хабарлады. Сайлаушылардың дауыстарын санау барлық сайлау учаскелерінде аяқталды, деді ОСК төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, учаскелік сайлау комиссияларындағы барлық хаттамалар мазмұны туралы ақпараттар округтік сайлау комиссиялары олардың дұрыстығын тексеріп біткенше қолжетімсіз болатыны түсінікті. Осыдан кейін-ақ деректер «Сайлау» жүйесіне енгізіледі екен. Соңғы мәлімет бойынша, ОСК хаттамалардың 60,15 пайызын қарап болған. Бизнесмен Петр Порошенко 53,72 пайыз дауыспен жеке-дара көш бастап тұр. Таиландтағы әскери төңкеріс 22 мамырда Таиландта корольдік армиясының қолбасшысы генерал Прают Чан-Очаның тікелей басшылығымен әскери төңкеріс жүзеге асырылғаны белгілі. Бұған шеті-шегі жоқ саяси дағдарыс пен үкіметке қарсы және оны жақтаушы демонстранттардың келісімге келу мүмкіндігі жоқтығы себеп болды. Чан-Оча елде бейбітшілік пен тәртіпті ұстап тұру үшін өзі құрған ұлттық кеңеске басшылықты қолына алса, сәл кейінірек әскери үкіметтің премьер-министрі орынтағына да иелік ете бастады. Әскери төңкеріс салдарынан коменданттық сағат пен БАҚ-қа цензура енгізіліп, конституцияның іс-әрекеті тоқтатылды және елдің көрнекті саяси қайраткерлері тұтқындалды. Наразылық білдірушілердің лагерьлері қуылып, парламенттің жоғарғы палатасы – Сенат таратылды. Премьер-министр Чинаваттың қайда жүргені белгісіз. Обамамен кездесуден бас тартты АҚШ президенті Барак Обама Ауғанстанға күтпеген сапар жасаған еді. Ол өзінің ауғандық әріптесі Хамид Карзаймен Баграмдағы авиабазада кездеспек ниет танытқан-тын. Алайда Карзай Кабулдан Баграмға келуден бас тартқан. Бұл ақпаратты «Франс-Пресс» агенттігі таратты. Америка әкімшілігі мен Ауғанстанның мерзімі аяқталып, кетіп бара жатқан президенті Карзай арасындағы қарым-қатынас оның қауіпсіздік туралы екі жақты келісімге қол қоюдан бас тартқанынан кейін күрделеніп кеткені белгілі. Ал келісімге қол қойылған жағдайда АҚШ өзінің 2014 жылдың аяғына жоспарланған негізгі контингентін шығарғаннан кейін осындағы әскери қатысуын сақтап қалуға мүмкіндік алатын еді. Дегенмен, Обама «нөмірі бірінші борттан» Карзайға телефон арқылы хабарласып, пікір алысқан көрінеді. 14 маусым күні Ауғанстанда өтетін сайлаудың екінші турында президент лауазымы үшін бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла мен бұрынғы қаржы министрі Ашраф Ғани Ахмадзай таласатын болады. Войцех Ярузельский өмірден өтті 25 мамыр күні Польшаның соңғы коммунистік көшбасшысы Войцех Ярузельский қайтыс болды. Осы айдың басында ол инсульт алса керек. Содан бері өз-өзіне келе алмапты. Бұл туралы «Франс-Пресс» агенттігі ақпарат таратты. Алдағы 6 шілдеде Ярузельский 91-ге толатын еді. Ол 1980-ші жылдардың басында Шығыс Еуропаның социалистік елдеріне басшылық жасағандардың ішінде тірі қалған соңғы адам болатын. Ярузельский 1985 – 1989 жылдары Польша Халық Республикасы мемлекеттік кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл елдегі ең жоғары лауазым болатын. 1989 жылы Польша Республикасының президенті болып сайланды. 1990 жылы саяси сахнадан кетіп, билікті сайланған президент Лех Валенсаға тапсырған еді. В.Ярузельский кезінде елде жазаға да тартылмақ болған. Бірақ оның елге істегені артылған кінәдан салмақтырақ делініп, жаза қолданылмаған-тын. Тәуелсіздік партиясы көш басында Жалпыеуропалық сайлауда Біріккен корольдіктің тәуелсіздік партиясы көш басында келеді. Дауыс берудің аралық қорытындыларына сәйкес, барлық өңірлердің төрттен үшінде аталған партия 29 пайыз жинаған. Ал билеуші консерваторлар партиясы 29 пайызбен екінші орында келеді. Еуроскептиктердің серкесі Найджел Фарадж бұл жолғы сайлауды қазірдің өзінде Британия саясатында соңғы жүз жылдағы ең ерекше сайлау деп атады. Өйткені, тәуелсіздік партиясы Еуропарламентте өткен жылғыға қарағанда 9 орынды артық алып, мандаттарының санын 22-ге жеткізді. Премьер-министр Дэвид Кэмеронның консерваторлар партиясы 16-орынға ие болды. Ал негізгі оппозициялық партия – лейбористер 14-орынды қанағат тұтты. Фарадждың пікірінше, еуроскептиктердің жер-жерлердегі табыстары кәрі құрлықтағы одан арғы интеграция мәселесін тұйыққа тірей түспек. Қысқа қайырып айтқанда: *Еуропарламенттің жаңа құрамында көпшілік орын Еуропа халықтық партиясына (212 мандат) тиетін болды. 2009 жылы өткен сайлауға қарағанда бұл нашарлау көрсеткіш. Сол жолы ЕХП 274 мандатқа ие болған еді. Бірақ, ЕХП-ның шебі әлі де мықты деуге негіз бар. Үндістандағы темір жол апатынан кем дегенде 20 адам қаза тапты. Оқиға Уттар-Прадеш штатындағы Халилабад қаласына жақын маңда орын алды. Жүрдек пойыз жүк пойызы жүріп келе жатқан жолға шығып кетіп, екі пойыз соқтығысқан. Салдарынан 6 жолаушы вагоны аударылып қалған. *Ресей-Қытай әскерилерінің жаттығулары аяқталды. Ол «Теңіздегі өзара іс-қимыл-14» деп аталды. Оның алғашқысы 2012 жылдың сәуірінде Сары теңізде ұйымдастырылса, екіншісі былтыр Жапон теңізінде өткен еді. Жаттығуларға көптеген корабльдер мен сүңгуір қайықтар, ұшақтар мен тікұшақтар қатыстырылып келеді. Забайкалье ұшқыштары жыл соңына дейін Су-30СМ деп аталатын көпмақсатты жойғыш ұшақтардың жаңа партиясын алатын болды. Забайкалье Ресейдің Шығыс әскери округіне жатады. Аталған округке биыл 10 ұшақ жеткізілетін болса, келісімшарт жасалған олардың жалпы саны 30-ды құрайды. Интернет материалдары негізінде әзірленді.
•
27 Мамыр, 2014
Бизнесмен Порошенко – Украина президенті
380 рет
көрсетілді