Белгілі қаламгер, қонаевтанушы Ораз Қауғабай «Алматы облысының құрметті азаматы» атанды. Оны танымал публициске Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында тапсырды.
Бұл марапаттың қаламгерге Қонаев қаласында беріліп отырғаны тегін емес. Ораз Қауғабай ұзақ жылдан бері мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолын зерделі зерттеп, жұртшылыққа біраз дүние ұсынды. Соның ішінде қаламгердің «Таңғажайып Қонаев» атты роман-эссесін ерекше айтуға болады. Аталған туынды 2008 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді. 2014 жылы оқырмандар сұранысымен қайта басылды.
Бұл кітапта тұғырлы тұлғаның ата-анасы, балалық шағы, қызыққа толы студенттік өмірі, қызмет жолы көркем баяндалған. Сонымен бірге қайраткердің былайғы жұртшылық біле бермейтін кісілік, қарапайымдылық, па-расаттылық қасиеттері де көрініс тапқан. Әсіресе отыз бес тараудан тұратын романдағы «Кемеңгердің кітапханасы» атты бөлімінде ардақты азаматтың қасиетті Құран кіта-
бын қалай сақтағаны туралы шынайы сыр шертеді.
Биыл Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толды. Осы айтулы жыл аясында қайраткер өмірін зерттеп жүрген қаламгер еңбегінің ескерілуі – ел құрметінің белгісі.