• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Қараша, 2022

Өрт қауіпсіздігін сақтау – өзекті мәселе

446 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, жылыту кезеңіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі және заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды.

Бағаны бақылауда ұстау қажет

Бірінші мәселе бойынша сөз алған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, аталған кезеңде республикада ІЖӨ өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Атап айтқанда, экономиканың нақты секторы 2,8%-ға, қызмет көрсету саласы 1,6%-ға өсті. Салалар арасында ауыл шаруашылығы (8,2%), ақпарат және байланыс (7,1%), құрылыс (5%), өңдеу өнеркәсібі (4,3%), сауда (4,1%), көлік және қоймалау (3,9%) оң динамиканы көрсетіп отыр.

Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында елдің сыртқы сауда айналымы 35%-ға өсіп, 98,4 млрд долларды құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 47,5%-ға (63,8 млрд долларға), өңделген тауарлар экспорты 37,5%-ға (19,3 млрд долларға) өсті. Импорт 34,6 млрд долларды құрады (16,5%-ға өскен). Жалпы, Қазақстанның оң сауда теңгерімі 29,3 млрд долларға жетті. Яғни былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,2 есеге өсті.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша, мемлекеттік бюджетке 12 трлн 427 млрд теңге кіріс түс­ті (жоспар 104%-ға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджет 8,4 трлн теңгеге (102%), жергілікті бюд­жеттер 4 трлн теңгеге (108,5%) толық­ты­рылды. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,7%-ға, оның ішінде республикалық бюджет шығыстары 98%-ға (14,5 трлн теңге), жергілікті бюджеттер шығыстары 94%-ға (8,1 трлн теңге) орындалды.

Cонымен қатар Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шол­панқұлов та баяндама жасады.

Баяндаушыларды тыңдап болған Премьер-Министр бүгінгі таңда ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап отырғанын, нақты сектор экономиканы тұрақтандырудың негізгі факторы ретінде дамудың оң үрдісін көрсеткенін атап өтті. Мәселен, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,3%-ға, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 7,7%-ға, ауыл шаруашылығында 8%-дан астамға өсті.

Ә.Смайыловтың айтуынша, ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы. Жалпы, аталған кезеңде негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 6,7%-ды құрап отыр.

«Оның ішінде экономиканың шикі­заттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Инвестицияның жоғары өсімі жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда, сондай-ақ көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпте тіркелді», деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қы­зылорда облыстарында, Алматы және Шым­кент қалаларында өсім бар екенін қоса айтты. Тұрақты даму қарқынын ұс­тап тұру үшін экономиканы әрі қарай әр­та­раптандыру, инвестиция тарту және тұ­рақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.

«Өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз етіп, инвес­тиция тарту жұмыстарын жандандыруы қажет. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға тұрақты мониторинг жүргізілуге тиіс», деді ол.

Одан бөлек, бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауға назар аударды. Себебі азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияға айтар­лықтай әсер етіп келеді. «Бұл, бірінші кезекте, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді», деді Ә.Смайылов.

Сөз соңында өңірлер осы жылдың соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізіп, Мемлекет басшысы қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажетін атап өтті.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Қауіпсіздік талаптарын сақтауға назар аудару керек

Үкімет отырысында 2022-2023 жыл­дар­дағы жылу беру кезеңіндегі өрт қауіп­сіздігі шаралары туралы мәселе қаралды. Бұл мәселе жөнінде Төтенше жағ­дайлар министрі Юрий Ильин, Жам­был облысының әкімі Нұржан Нұржі­гітов және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар министрі кел­тірген статистикалық мәліметтер бойын­ша, елімізде жыл басынан бері 9 647 өрт тіркелді, онда 249 адам қаза тауып, 212 адам әртүрлі дәрежедегі күйіктер мен улануларға ұшыраған. «2021 жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда өрттердің 2,2%-ға, қаза тапқандар санының 18,6%-ға, жарақаттанғандар санының 40,8%-ға төмендеуі байқалды. Тұрғын үй сек­тор­ында 6 мыңға жуық өрт болды. Бұл олардың жалпы санының 61%-ын құрайды. Өрт кезінде қаза тапқандар саны Алматы, Астана қалаларында, Қостанай және Ақмола облыстарында артты», деді Ю.Ильин.

Оның мәліметтеріне қарағанда, қаза тапқандардың 43%-ы, яғни 107 адам мас күйінде болған. Қаза тапқандардың 60%-ы жұмыссыздар мен зейнеткерлер. Яғни жұмыс немесе оқу орын­дарын­да­ғыдай өрт қауіпсіздігі ережелерін сақ­тауға тартылмаған адамдар қаза тауып отыр.

«Биыл жылыту маусымы 1 қазаннан басталды және осы уақыттан бастап тұр­ғын үй секторында 835 өрт болды. Айта кетейік, бүгінгі таңда тұрғын үй сек­то­рында топтық өлім мен жарақат алу фак­тілері тіркелген», деді ТЖМ басшысы.

Мәселен, осы жылдың 30 қыркүйегінде Ақтөбе облысында уақытша тұрғын үй құрылысында өрт салдарынан төрт адам күйік алып, ауруханаға жатқызылды. 25 қыркүйекте Жетісу облысында тұрғын үйдегі өрттің салдарынан үш адам қаза тапты, оның біреуі – бала.

Ведомство басшысы әлемнің неғұрлым дамыған елдерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық тәжіри­бесін зерделегендерін, өрт шығуының әлемдік статистикасын талдағандарын атап өтті. Өрт қауіпсіздігі саласындағы ғылыми зерттеулер өрт кезінде адамның өлімі өрт шыққаннан кейін 5-6 минуттан кейін болатынын көрсетті. Бұл ретте елімізде өрт сөндіру бөлімшелерінің келу уақыты қалада – 10 минутты, ауылдық елді мекендерде 20 минутты құрайды.

Қазақстанда адам өлімі әрбір 30-шы өртте тіркеледі. Бұл Ресейге қарағанда 2 есеге аз (18 өрт, бір адам қайтыс болады) және Беларуське қарағанда 3 есеге аз (12 өртте бір адам қайтыс болады). Алайда бұл көрсеткіш АҚШ-қа қарағанда 11 есеге (360 өртте бір адам қайтыс болады), Ұлыбританиядан 14 есеге, Франциядан 32 есеге жоғары.

Министрлік басшысының айтуынша, аталған елдердегі бұл нәтижелерге өртке қарсы қорғау саласындағы екі бағыттың бірін іске асыру арқылы қол жеткізіледі.

Біріншісі – өрт сөндірушілердің көзделген жерге 5 минут ішінде келуі. Өрт сөндіру бөлімдерінің санын 2 есеге ұлғайту қажеттілігіне байланысты Қазақстанға бұл көрсеткішке қол жеткізу экономикалық тұрғыдан қиындау тимек.

Екінші бағыт және біздің жағдайы­мызға қолайлысы, яғни өртті ерте анық­тауға, адамдарды құлақтандыруға және тиісінше олардың қауіпті аймақтардан уақтылы шығуына арналған «пассивті» халықты қорғау жүйелерін белсенді енгізу.

«Адамдардың жарақаттануы мен қаза болу фактілерін болдырмау, сондай-ақ өрттен болған нұқсанды барынша азайту мақсатында былтыр ТЖМ сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік нормативтерге, биіктігі 10 қабатқа дейінгі тұрғын үйлерді өрт сигнализациясы қондырғыларымен жабдықтау, сондай-ақ барлық газдандырылған үй-жайлардың газдануын талда­уыш­тармен жарақтандыру жөніндегі талаптардың міндеттілігі бөлігінде тиісті өзгерістер енгізілді», деді Ю.Ильин.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үйлерді жобалау жаңа нормативтерге сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ өрттің алдын алу және жою жұмыстарына қазіргі заманғы технологияларды енгізу бо­йынша жұмыстар жалғасуда. Кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖМ аумақтық бөлімшелерінде сәтті іске асырылды. Алматы, Қызылорда, Павлодар, Ұлытау, Жетісу, Түркістан облыстарындағы жұмыстар әзірге цифрлық технологияларды әзірлеу және енгізу сатысында тұр.

«Біз өрт туындаған кезде мұқтаж азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқартудың барлық ықтимал жолын қарастырамыз. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінде мүмкіндігі шектеулі 94 172 адамның тұратын жері туралы деректер енгізілді. Бұл өрт объектісінде азаматтардың неғұрлым осал санаттарының болуы туралы ақпаратты құтқарушыларға автоматты түрде жеткізуге мүмкіндік береді», деді Ю.Ильин.

Күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі талаптарын азаматтарға жеткізудің неғұрлым қолжетімді тәсілі әлі де ауқымды үгіт-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып қала береді. Мәселен, биыл сәуірден тамызға дейін ТЖМ 3 республикалық ақпараттық акцияны орталықтандыра отырып өткізді. Қараша және желтоқсан айларына «Улы газдан сақ бол» және «Қауіпсіз Жаңа жыл» ақпараттық кампаниялары жоспарланған.

Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша екпінді шаралар қабылдау мақсатында 15-30 қыркүйек аралығында ішкі істер органдарымен бірлесіп «Жатақхана» республикалық алдын алу іс-шарасы өтті. Биыл 10 айда ғимараттардың осы санатында 22 өрт болып, 6 адам қаза тапты. Кең ауқымды іс-шара жаппай түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және заңсыз жұмыс істейтін жатақханаларды анықтауға бағытталған. Тұрғын үй құрылыстарын жатақханаға заңсыз қайта жоспарлаудың 38 фактісі бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін тұрғын үй инспекциялары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы, сондай-ақ салық органдары хабардар етілді.

«Әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топ­тарының 106 224 тұрғын үйі есепке алынды. Бүгінгі таңда ТЖМ қызметкерлері 600 мыңнан астам тұрғын үйді аралау барысында миллионнан астам азаматқа нұсқама берілді және өрт қауіпсіздігі талаптарының жүз мыңнан астам бұзушылық анықталды», деді Ю.Ильин.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр жалпы республика бойынша өрт оқиғалары мен одан зардап шеккендер пайызға шаққанда төмендегенін атап өтті. Дегенмен Абай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау облыстарында және елордада өрт оқиғаларының саны өскен. Көп жағдайда өртке қарапайым қауіпсіздік талаптарының бұзылуы себеп болады.

«Осыған орай, қауіпсіздік талаптарын сақтауға, өрттің алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Инспекциялардың өкілеттіктерін күшейту бойынша жұмыс жүргізу керек. Адамдар анықталған бұзушылықтарды жоюға және болашақта оның алдын алуға өздері мүдделі болуға тиіс», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ ол автономды қазан­дық­тарды тұрғын үйлерден қауіпсіз қашық­тыққа шығару мәселесі осыған дейін бірнеше рет көтерілгенін атап өтті. «Өңір әкімдері бұл жөнінде тиісті шаралар қабылдауы керек», деді Премьер-Министр.

Сөзінің соңында Ә.Смайылов жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу бо­йынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын нақты үйлестіруді қамтамасыз етуді, әлеу­меттік объектілердің жұмысын ерекше ба­қылауға алуды, сұйытылған газды сату кезінде талаптарды қатаңдату жөнін­де шаралар қабылдауды, сондай-ақ ха­лыққа профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

2023 жылы 34 заң жобасы әзірленеді

Үкімет отырысында Заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды.

Әділет министрі Қанат Мусин келесі жылы мемлекеттің басым міндеттерін орындауға бағытталған 34 заң жобасын әзірлеу жоспарланып отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, Қала құрылысы және Бюджет кодекстері, жер қойнауын пайдалану, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі, көші-қон, мемлекеттік сатып алу, салық салу,  қылмыстық іс жүргізу жә­не әкімшілік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобалары дайын­далады. Сонымен қатар Су кодексі, тұты­нушылардың құқықтары мен аквамә­дениетті қорғау бойынша жаңа редакциядағы заң жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет ұсынылған Жоспар жобасын мақұлдады.фс