• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Басты ұстаным – бейбіт саясат

469 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған нұсқауларға сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасының Сыртқы саясат тұжырымдамасы көп векторлы саясат қағидатын ұстанатын ел екенімізді көпшілікке тағы бір дәлелдеп берді. Осы ретте біздің тілшіміз еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі, сыртқы саясат саласындағы ардагерлердің бірі Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВКЕ жолығып, Тұжырымдама турасында ой бөлісуін өтінген еді. – Төлеутай Ысқақұлы, сыртқы саясатқа қатысты құжаттар негізі­нен жалпы жұртшылыққа жария еті­ле бермейді. Бірақ осы жолы Тұжы­рымдама баспасөзде жарияланып, халық оқып, қандай тұсқа басымдық берілген, қандай міндеттер қойылған екен деп қызығушылық танытқаны анық. Сіз мол тәжірибесі, кәсіби дипломатсыз, осы құжаттың бұрынғылардан айырмасы, ерекшелігі неде деп білесіз? – Бұл – маңызды, құнды құжат. Тарих дөңгелегі айналған сайын, заман да өзгереді, өмір де өзгереді. Қазіргі құжат Елбасының қаңтар айындағы Жолдауында қойылған көп міндеттерге қатысты туып отыр. Ол міндеттер өздігінен іске аспайды ғой. Рас айтасыз, бұл Тұжырымдама 2006 жылғы, 2009 жылғы тұжырымдамалардан өзгеше (олар типтік, теориялық тұрғыда жасалған), яғни ол – Жолдауда қойылған міндеттердің сыртқы саясаттағы рөлінсіз жүзеге асырылмайтыны ескеріліп барып байыпталған құжат. Біз алдымызға әлемдегі аса дамыған 30 елдің арасына ену міндетін қойсақ, оны ешқашанда жеке өзіміз атқара алмаймыз. Сондықтан да мұны үлкен мақсат жолындағы құжат дегеніміз жөн. Сыртқы саясатта СІМ-нің елшіліктері, өкілдіктері, консулдықтары бар, олардың барлығы осы Тұжырымдама бойынша нақты жұмыстар атқаратын болады. Тұжырымдама 6 жылға бағытталып отыр, осы мезгілде озық елдердің инновацияларын, үздік технологияларын, инвестицияларын тартып, елге алып келіп, халықтың игілігіне айналдырсақ, ол құжатта көрсетілген міндеттердің нақты орындалуы болмақ. Сонда біз діттеген межемізге тіпті ойлағаннан да бұрынырақ, 20-25 жылдың ішінде жетуіміз әбден мүмкін. Сыртқы саясат осы бағытта жұмыс жүргізуі тиіс. Тұжырымдаманың ерекшелігі дегенде біздің сыртқы саясатымыздағы бұрынғы басымдықтарымыз Ресей, АҚШ, Қытай, Еуропа елдерінен өзге жаңа бағыттар, атап айтқанда, Оңтүстік-Шығыс Азия, Тынық мұхиты бассейніндегі елдер қосылып отыр, мұнда, сонымен қатар, экономикаға да баса назар аударылған.  – Қазіргі күні бүкіл әлем мойындап отырған мықты державалар бар. Мысалы, біз өз елімізді алып қарайтын болсақ, геосаяси орналасу тұрғысынан бір жағынан Ресей, екінші жағынан Қытай, үшіншіден, Еуроодақ елдері, төртінші жағынан АҚШ сынды төрттағанның ортасында жатыр. Сондықтан осындай мүдделердің тоғысқан тұсында Қазақстанның Сыртқы саясат тұжырымдамасында көрсетілгендей, интеграцияға мейлінше енуі, оның ішінде Еуразиялық одақ, Ресей, Беларусьпен Кеден одағында бір құрамнан табылуында мүдде қайшылықтары қаншалықты деп ойлайсыз? Оның елімізге қаншалықты әсер-ықпалы болуы ықтимал? – Өте жақсы сұрақ. Бұл өзі теория­лық аспектілері бар мәселе. Неге десеңіз, біз ерекше мемлекетпіз, теңізге шығатын жолымыз жоқ, жан-жағымыздан құрлықтағы мемлекеттер қоршап жатқан елміз. Мұны тарихтың, табиғаттың, Жаратқанның қазақ халқына лайықтағаны десе де болады. Сондықтан бізге қарым-қатынастарды ұлғайту арқылы осы қоршаудан шығу керек. Жол табу керек және сол жолдардың сан тарау, тарам-тарам болғаны елімізге өте тиімді. Шын мәнінде салынып жатқан Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолы, мұнай-газ құбырларының жүргізілуі, теміржолдарымыз географиясының кеңеюі осы кемшілікті толтырудың қадамдары. Біз әлемге өзімізге қаржылық жағынан болсын, басқадай түрде болсын қиындық туғызбай шығуды ойлаймыз. Себебі, тынбай қозғалыста, даму үстіндегі әлемнің белді өкілі екеніңді танытуда, осыдан пайда көруде өзіңнің ілкімділігіңнің атқарар рөлі зор, әр қазақ осыны жете ұғынуы тиіс. Ал осының барлығы интеграция. Бұл – бір. Екіншіден, сіз айтып отырған төрт бұрышқа жақындаудың жақсы да, жаман да тұстары бар. Жақсылығы интеграция арқылы олардан тартылатын инвестициялардың тынысты аша түсетіндігі. Олар әзірше бізден гөрі қуаттырақ және нарық заңы сол, кім-кімнің де пайда тапқысы келеді. Бұрын біз олардан ақша сұрайтын болсақ, қазір тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай ешкімге кіріптар емеспіз. Олар бізге келіп, пайдасын шығарып, зауыттар салып, кәсіпорындар ашады, бірақ өз жұрттарына кеткенде солардың барлығын өңгеріп алып кетпейді ғой, халықтың, елдің игілігі болып қалады. Ол Еуразиялық экономикалық одақ шартында анық көрсетілген. Мұндағы интеграция тек экономикалық тұрғыда, елдікке, саяси егемендікке, дербестікке ешкім қол сұға алмайды деп ашып айтылғандықтан, тәуелсіздігімізге мықты болуға тиіспіз. Жалпы, экономикалық интеграция түпсіз, шексіз жүре береді, ал саяси интеграцияның шегі бар. Неге десеңіз, ол біздің бостандығымызға, тәуелсіздігімізге тікелей қатысты. Сондықтан, Қазақ­станның саяси интеграцияға бармайтыны айқын көрсетіліп отыр. Сұрағыңыз орынды, дегенмен, үнемі есте ұстайтын мәселе, ол – көршілермен тату болу. Қазақта «Көршің жаман болса, көшіп кет, бірақ жанжалдаспа, жамандаспа» деген сөз бар. Құдайға шүкір, көршілеріміз жаман емес, менің айтайын дегенім, тіпті ана дүниеге барғанда да «Көршіңмен қалай болдың», деп сұралады дейді. Қазақ көрші хақысын жемеген. Сыртқы саясат тұжырымдамасында біздің көршілермен де, өзгелермен де араластығымызды айқындайтын көпвекторлы сыртқы саясатымыз анық көрсетілген. – Көршімен тату болу керек деген сіздің сөзіңізден шығады, Қазақстанның өзге байлығы жетіп артылғанымен, келешекте бір мәселенің қиындығын ұрпағымыз тартуы мүмкін. Ол тағы да осы Тұжырымдамада көрсетілген трансшекаралық өзендер жайы. Бұл жайында не айтар едіңіз?  – Су мәселесі сонау Кеңестер Одағы тұсында да бар болатын. Бірақ оны Мәскеу реттеп отыратын. Қазір тәуелсіздік алғалы Тәжікстан болсын, Қырғызстан болсын жерлеріндегі су ресурстарын өздеріне тиімді етіп, пайдасын көбірек алуға тырысады. Судың бағасын көтеріп, электр стансаларын салып, қуатты да қымбатқа сатқылары келеді. Бұл – нарық заңы. Оларға да даму керек, құр жеміс-жидекпен алысқа бара алмайсың. Менің ойымша, бұл ретте өте тиімді, екі жақ та қызыға іске кірісетін келісімдер қажет, Қытаймен де, қырғыз көршімізбен де. Шын саясаткер қандай қиын түйінді де келіссөз арқылы шешеді. Сусыз тіршілік жоқ, біздің далаларымызда бірнеше жүздеген шақырым жүріп келе жатып, су ішетін құдық таппайсыз. Сондықтан су мәселесінде ойланатын тұстар баршылық.  – Тұжырымдамада сіздің ең бір көңіліңізден шыққан, мына тұстың қамтылғаны өте жақсы болды деген жеріңіз бар ма? – Бұл – нағыз практик үшін таптырмайтын құжат. Әшейін жәй сөз емес, атқарылатын іс осылай жасалып, жобалануы керек. Мен өзім қолмен атқарғанды ұнататын практик адаммын, 11 елде елші болдым. Сондықтан Тұжырымдама сыртқы саясат саласында жұмыс істейтін әрбір қызметкердің үстелінің үстінде жататын, күнделікті ісін атқаруға бағыт беретін құжат деп ойлаймын. Мен министр болғанда министрліктің штаты 15 адамға жетпейтін. Бұл салада білікті адам саусақпен санарлық еді. Елшіліктерді ашу, келіссөздер жүргізу, іссапарларға бару – барлығы қиын, елде ақша жоқ, қаражат қыспағы адымды аштырмайтын. Нанасыз ба, сол уақыттарда шетелге іссапарға шыққанымызда бізге берілетін тәуліктік сома 2 доллар еді. Қазір бәрі бар, Қазақстан танылды, елдің байлығы еселенді, жыл сайын бұрын табанымыз тимеген жерлерде елшіліктер ашылуда. Тек еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздіктің туы жоғары болсын дейік.  – Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан Омаров.