• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2014

Адам өмірі мен бостандығы – ең қымбат қазына

12136 рет
көрсетілді

Елімізде құқықтық мемлекеттің ұстанымдарын әрі қарай дамыту мақсатында оның бар күш-жігері адамның конституциялық құқығы мен бостандығын жүзеге асырудың мүмкіндігіне кепілдік беруге, барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен жеке тұлғалардың конституциялық міндеттерін толық орындауына бағытталған. Қазақстанда зайырлы мемлекеттегі секілді татулық пен келісім бекітілген, барлық азаматтардың құқығы бірдей деңгейде сақталады. Сондықтан да біздің Ата Заңымызда: «Қа­зақ­стан Республикасы өзін демо­кратиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретін­де орнықтырды, оның ең қым­бат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілді. Ал біздің мемлекеттің адамды және адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазынасы деп тануы мемлекеттің адамға үнемі қамқорлық көрсетіп, адам жақсы өмір сүруі үшін оған қажетті барлық жағдайды жасайтынын, оның денсаулығын қорғау үшін шаралар қабылдайтынын, мемлекет адамның өмірін қолсұғушылықтан қорғайтынын білдіреді. Міне, осы орайда кеше Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2013 жылғы қызметі туралы есептің тұсаукесері өтті. Іс-шараны Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мекемесі және Қаржы полициясы мен Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Аталған іс-шара барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров қатысушыларға есепті жылы қол жеткізілген оң нәтижелерді егжей-тегжейлі баяндап, ұлттық құқық қорғау мекемесі жұмысының негізгі бағыттарымен таныстырды. Жоғарыда айтқанымыздай, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесінің 2013 жылғы жұмысында бірнеше негізгі бағыттарға, оның ішінде балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға, құқық қорғау органдарының қызметіне, халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына, әлеуметтік, еңбек, жер, тұрғын үй құқықтарының сақталуына ерекше мән берілген екен. Бұл орайда А. Шәкіровтің өзі де: «2013 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі Омбудсменнің үйлестіруші рөлі ретінде жабық мекемелерде адам құқықтарының сақталуына азаматтық қоғамның мониторинг жүргізу жүйесін құрған Ұлттық алдын алу тетігі туралы заңын қабылдаумен күшейтілгенін»,  атап өтті. Омбудсменнің бұл Есебі заңмен белгіленген үдерістерге сәйкес Елбасыға ұсынылып, мақұлданғаннан кейін, қарау нәтижелері бойынша орындалу үшін жергілікті және орталық мемлекеттік органдарға жолданған еді. Қалыптасқан дәстүр бойынша аталған құжаттың көпшілік алдындағы тұсаукесер шарасы жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда, жоғары оқу мекемелерінде Омбудсменнің қызметі, оның ішінде оның негізгі бағыттары туралы ақпараттандыру мақсатында өткізіледі, ал бұл да өз кезегінде адам құқықтары мен оларды қорғау тәсілдері туралы білімді таратуға ықпалын жасайды. Тұсаукесерге Парламент Мәжілісінің депутаттары, дипломаттар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, халықаралық және қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, Омбудсмен жанындағы Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің үйлестіру кеңесінің және сараптамалық кеңес мү­шелері, сондай-ақ ғалымдар, профессорлық-оқытушылық құ­рам және студенттер қатысты. Кездесу барысында қатысушылар арасында орынды пікірлер айтылып, құқық қорғау мәселелері де талқыға салынды. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».