• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2010

БАЯНДЫ БАСТАМА – ҮЛГІЛІ ҮРДІС

491 рет
көрсетілді

Өмірге іңкәр сезіммен қарау, бастамашылдыққа ұмтылу қашанда жастарға тән, жастыққа жарасымды. Жасындай жарқылдайтын жастық жігердің алмайтын қамалы жоқ. Сондықтан ғой Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарды қолдап, оларды ел болашағының ертеңгі тізгін қағарлары ретінде бағалап келе жатқаны. Елбасы өзінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: “Үшіншіден, экономикалық өрлеу – әрқайсымызға қатысты бүкілхалықтық іс. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешу және баршамызды табысқа бастаудың кілті” деген болатын. Ал мұндай бүкілхалықтық істен жастардың тыс қалуы мүмкін бе, мүмкін емес. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өміршең үрдіс. Ақтөбелік жастардың “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” акциясына бастамашыл болуы да осындай өркенді өнегенің жемісі. Жыл басында “Нұр Отан” ХДП Ақ­төбе филиалы “Жас Отан” жас­тар қанатының белсенді мүшелері шалғайдағы елді мекендерді абат­тан­дыруға, әлеуметтік мекемелерді салу мен оларды жөндеуге атса­лы­суға бастама көтерген болатын. Баянды бастаманы облыс жастары іліп әкетті, ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан да қызу қолдау тапты. Оң бастама көп ұзамай-ақ республика жастарының кең ауқымды акция-эстафетасына айналды. Тек облыстың өзінде ғана студенттер мен құрылыс жасағы жалауының астында 70 мыңнан астам жас бірікті. Облыс әкімдігі алдындағы алаң­да өткен “Ауылдың гүлденуі – Қа­зақ­станның гүлденуі” жастар ма­ра­фон-эстафетасының салтанатты ми­тингісіне 20 мыңнан астам жас жиналды. Осымен бір мезетте аудан орталықтары мен ауылдық округтерде 30 мың ауыл жасы бас қосқан митингтер ұйымдас­ты­рыл­ды. Ақтөбе облысында жұмыс сапа­рымен жүрген “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин туған өлкені гүлдендіруге жұмылған облыс жас­тарының форумында сөз сөйлеп, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді, ел игілігіне бағытталған бастамаға қатысушыларға сәт сапар тіледі. – Тәуелсіздіктің 20 жылдығы­мен орайластырылған қалаларды және ауыл-аймақты көріктендіру-көркейту акциясы ақтөбеліктердің бастамасы­мен бүкіл ел аумағында өткізілуде. Бұл бастама Мемлекет бас­шысы, “Нұр Отан” ХДП Төр­аға­сы Нұрсұлтан Назарбаев тара­пы­нан да қолдауға ие болды. Ауқым­ды жоба тек аймақтардың тазалығын ретке келтіріп қана қой­майды, жас ұр­пақты отансүйгіш­тік­ке тәрбиелеуі­мен де маңызды, – деді ол. Жастар қозғалысын ұйымдас­ты­ру­шыларға алғысын жеткізген об­лыс әкімі Елеусін Сағындықов кез келген мемлекетте жастар қоғам­ның қозғаушы күші екеніне баса назар аударды. Облыс басшысының мәлімдеуінше, студенттер мен жастардың құрылыс және “Жасыл ел” жасақтары, мектеп оқушы­лары­ның отрядтары, қала және аудан жас­тары 385 елді мекендегі сая­бақтар мен скверлерді көркейтіп, гүл егеді, көгалдандырады. Аумағы 2200 гектар өзен-көл жағасын та­зарту және көгалдандыру мен сани­тарлық тазалау жүргізіледі. Ұзын­дығы 980 шақырым орман алқап­тарын қоқыс пен қураған шөп­тер­ден тазартып, жол бойы көгалдан­дырылады. Құрылыс жасақтары және жастардың қатысуымен 200-ден астам әлеуметтік нысандар бой көтеріп, жөндеу жүргізіледі. Ауыл­дар­да 216 жаңа спорт кешендері мен өзге де нысандар пайда болады. – Бұл бастамаға өз еңбегімен үлес қосуға тілек білдірушілер кө­бейе түсуде. Бұрынғы белгілен­ген­нен басқа тағы да 10 мектеп, 18 балабақша, 15 денсаулық сақтау ме­кемесі салынады және жөн­деледі, – деді облыс басшысы. Елеусін Наурызбайұлы аталған нысандардағы еңбек толыққанды жүзеге асырылуы үшін барлық жағдай жасалғанын, соның ішінде жұмыспен қамтамасыз ету, жалақы төлеміне кепілдік, көлікпен алып жүру, тамақ және өзге де керек-жарақтарды ұйымдастыру басты назарда екендігін жеткізді. Бұған дейін облыс басшысы жастар марафон-эстафетасының қорытындысы бойынша ең үздік дегендерге 50 жеңіл автокөлік пен 1000 ноутбук және Астана қала­сына 2000 жолдама табыс етілетінін айт­қан болатын. Митингте сөй­ле­ген кезінде жастардың құлшынысы мен жұмыс ауқымын саралай келе, тағы да он автокөлік бөлуді шеш­кенін мәлімдеді. Жастар дуылдатып үн қосты. Салтанатты митингте “Жасыл ел” жасағы мен орта мектеп және сту­денттер құрылыс отряды, сон­дай-ақ, жұмысшы жастар атынан Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты студенттік-құрылыс және “Жасыл ел” отрядының коман­дирі Бибігүл Ақжігітова, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жас мамандар кеңесінің төрағасы Ерлан Назаров және басқалар сөз сөйлеп, бұл бастаманы өнімді еңбекпен баянды ететіндеріне сендірді. Ел үшін, Елбасы үшін еңбек вахтасын табысты жүргізетіндіктерін жеткізді. Соғыс және еңбек ардагері Сұлтан Досмұратов жастарды аға ұрпақтың үлгі-өнегесін осылай сәтті жалғас­тыра беруге шақырды, ауылдарды көркейтуге аттанып бара жатқан жастарға сәттілік тіледі. Бұдан кейін “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықов Ақтөбе қаласы мен облыстың 12 ауданын­дағы жастар өкілдеріне салтанатты түрде еңбек жолдамасын табыс етті. Облыс жастарының “Ауылдың гүлденуі –Қазақстанның гүлденуі” атты марафон-эстафетасының бас­талуына арналған шараға қатысу­шы­лар осы сәтте қанаттас өтіп жат­қан Мұғалжар ауданындағы жастар митингісін тікелей желіде көрді. Салтанатты шараның соңында Ақтөбе жастарының Қазақстан жастарына үндеуі оқылды. Митинг жастар марафон-эстафетасының әнұранына айналған “Атамекен” әнін шараға арнайы шақырылған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ескендір Хасанға­лиев­тің өзі орындады. Жиыннан жігерленіп шыққан жастар қалалар мен ауылдарды абаттандыруға аттанып кетті. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.