Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту арқасында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру барысы қаралды.
3,7 мыңнан астам жоба іске асырылды
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша республикада 6 293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,8 млн-ға жуық адам тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін елдегі ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары, ауыл тұрғындарының 90%-ы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұл ауылдарды дамыту бойынша жұмыс 2019 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде жоспарлы түрде басым тәртіппен жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту есебінен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу.
Бұл үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысаны және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы нысанын жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды.
«2022 жылы 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94%-ын игерген», деді Ә.Қуантыров.
Қаражаттың жоғары игерілуі Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалды. Сонымен қатар қаражаттың ең төмен игерілуі Ұлытау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында тіркелді.
Ұлттық экономика министрі өңірлерде құрылыс және жөндеу жұмыстарын талап ететін бірқатар мысалды көрсетті. Оның мәлімдеуінше, нысандардың басым бөлігі – әлеуметтік салада. Аталған мәселелерді шешу үшін облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жобалардың тізімі қалыптастырылды.
Алдағы уақытта республикалық бюджетті нақтылау барысында тиісті өтінім ұсынылады. Соның ішінде жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарына ерекше көңіл бөлу қарастырылған. Министрлік жыл сайын ауылдардың өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізеді. «Өңірлік стандарттар жүйесінің мақсаты – ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамыту және қолдау арқылы ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға жағдай жасау», деді Ә.Қуантыров.
Жобаның өткен жылдарда іске асырылуы нәтижесінде өңірлердің көрсеткіштері стандарттар жүйесінің талаптарына сәйкес жоғарылады. Мәселен, орташа қамтамасыз ету 2021 жылы 64,1%-ды құрады, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда, 9,3%-дық пунктке жоғары.
2023 жылы министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 736 ауылдық елді мекенде 143 млрд теңге сомасына 1,5 мың жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 102 млрд теңгесі жалпы сипаттағы трансферттерде есептеліп, жергілікті бюджеттердің шығыстар базасына берілді. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 119 жобаны, әлеуметтік инфрақұрылымның 275 жобасын, оның ішінде 91 білім беру, 45 денсаулық сақтау, 139 мәдениет және спорт саласындағы жобаларды іске асыруға және ауыл ішіндегі жолдарды жақсартуға бағытталған 1,1 мың жобаны орындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта сапалық көрсеткіштерді енгізуді ескере отырып, өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа форматы әзірленді. Өңірлік стандарттар жүйесінің жаңа форматына әкімшілік-аумақтық бірліктердің мәртебесін қосуды ескере отырып, цифрлы көрсеткішпен бірге сапалық сипаттама жүйесін енгізу арқылы интегралдық бағалау енгізілді. Сонымен қатар 12 бағыт бойынша санаттау және бағыттар бойынша қамтамасыз етуді есептеу көзделген.
Бұдан басқа, министрлік өңірлік стандарттар жүйесінің әлеуметтік объектілермен және қызметтермен қамтамасыз етілу көрсеткішін ескере отырып, жалпы сипаттағы трансферттің шамасын айқындау қағидаларын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес қазіргі уақытта Ұлттық экономика министрлігі «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын әзірледі.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – институционалдық қамтамасыз етуді ілгерілету арқылы ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ ауыл халқының өмір сүру сапасын жоғарылату және жайлы өмір сүру ортасын құру. «Жалпы тұжырымдама мынадай тәсілдерден тұрады: ауылдың институционалдық дамуын қамтамасыз ету, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын қарқынды дамыту. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін, кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы ауыл халқының табыс деңгейін арттыру көзделген», деді Ә.Қуантыров.
Оның айтуынша, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру – Ұлттық экономика министрлігінің тұрақты бақылауында.
Өңірлер бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев баяндады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-министр 2027 жылға қарай әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отырғанын атап өтті. «Оған сәйкес ауылдарда сапалы жолдар мен мәдениет, спорт және денсаулық сақтау нысандары, мектептер міндетті түрде болуға тиіс, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға баса мән беріледі. Біздің басты мақсатымыз – ауылдағы өмір сапасын жақсарту. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы екенін атап өтті. Бұл орайда Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстары осы көрсеткіш бойынша артта қалып отыр. «Аталған өңірлердің әкімдері бұған ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар іске асыру мерзімдері бойынша артта қалуға жол бермеу керек», деді Ә.Смайылов.
Премьер-министр барлық жоспарды жүзеге асыру 40 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріп, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін айтты. «2027 жылға қарай ауылдық елді мекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарады, инженерлік желілер жөнделіп, әлеуметтік, мәдениет және спорт нысандары салынады», деді Ә.Смайылов.
Сөз соңында Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу барысында болашағы бар ауылдарды айқындау әдістерін өзектендіріп, Өңірлік стандарттар жүйесін жетілдіру жөніндегі жаңа тәсілдерді ескеруі қажет екенін атап өтті.
Жайылымдық жерлердің қолжетімділігі өзекті
Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, бүгінгі таңда жайылымдық жерлер 183,4 млн гектарды құрайды, оның ішінде 82,4 млн гектары – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 63,9 млн гектары – босалқы жерлер, 21,2 млн гектары – елді мекендерге іргелес жерлер, 15,9 млн гектары – басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).
Министрдің айтуынша, 15 өңірде, әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жеке қосалқы шаруашылықтарда мал жаю үшін жайылымдардың тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, бұл ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Кейінгі 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 16%-ды құрайды.
Былтыр мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп (0,4 млн га). 2022 жылы тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті.
Биыл 16 қаңтарда елімізде мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Бұл азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар және жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға негіз болады.
Сонымен қатар интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық үдерістерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді деп күтілуде.
«Жергілікті халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 млн гектардан асады, оның 29,3 млн гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде», деді Е.Қарашөкеев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді. Бұл республиканың 272,5 млн гектар аумағының 75%-ын құрады. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрін қамтиды, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтермен толтырылып, жергілікті халықтың жайылымдарға байланысты мәселелерін шешу үшін жерлердің жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады.
«Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады», деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Тақырып бойынша Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев баяндама жасады.
Премьер-министр жайылымдық жерлермен қамтамасыз етпейінше, мал шаруашылығын толық дамыту мүмкін емес екенін атап өтті. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе.
«Осыған байланысты, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы Комиссия былтырғы сәуір айынан бері жұмыс істеп келеді. Нәтижесінде, өткен жылы мемлекет пайдасына 5,2 млн гектар жер қайтарып алынды. Оның ішінде 4,8 млн гектары – жайылымдық жерлер», деді Ә.Смайылов.
Бұған Мемлекет басшысының Агроөнеркәсіп саласындағы микро және шағын бизнес субъектілеріне қатысты тексеру жүргізуге мүмкіндік беретін Жарлығы ерекше серпін берді.
«Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Бұл орайда елді мекендердің маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңызды. Оларды қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажет. Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Ә.Смайылов жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту және шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. «Жер қоры шектеулі аудандарда әкімдіктер жеке қожалықтарды кооперативтерге біріктіріп, малды қолда ұстау мәселесін пысықтауға тиіс. Жалпы, өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді бөлуді ерекше бақылауда ұстауы қажет», деді ол.
Сөзін қорытындылай келе, Премьер-министр ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізу керек екенін айтты. Ол үшін жерді ұтымды пайдалану мониторингінің «JerInSpectr» платформасын енгізу жұмыстарын, сондай-ақ жерді пайдалану үдерістеріне бақылауды күшейту қажет.