• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2010

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні

1421 рет
көрсетілді

ДЕНІ САУ БАЛА ­– МЕМЛЕКЕТТІҢ БОЛАШАҒЫ, ЕЛДІҢ БАЙЛЫҒЫ

Егеменді ел болып, күннен-күнге экономикамыз артып келеді, мен соған қуанамын. Біз бай мемлекетпіз. Жеріміздің асты да, үсті де – байлық. Мұнайымыз, газымыз бар, үлкен өндірістеріміз бар. Десе де, соған қарамастан көңіл толмайтын жайттар да баршылық. Қалай десек те, осындай үлкен мемлекеттің келешегі – балаларында. Өзім балалар дәрігері болғандықтан, бүгінгі ана мен баланың денсаулығы, жағдайы қатты толғандырады. Жуырда көрші мемлекеттің басшысы “Қарттарға да үлкен қамқорлық керек, олар да бала-шағаларының қызықтарын көргісі келеді” дегені бар. Иә, менің бұған ешқандай да қарсылығым жоқ, жақсы өмір сүрсін, ұрпақтарының қызығын көре берсін, бірақ өмірдің заңдылығы, біздер қариялар өзімізге тиесілі өмірімізді сүрдік, жақсы-жаманды көрдік. Әлде де бұйырған жасын жасармыз. Алайда, елдік, ұлттық мүддеден келгенде, еліміздің болашағы – ұрпағында, яғни бүгінгі ана мен баланың денсаулығында. Сондықтан басты қамқорлықты алдымен ана мен балаға жасауымыз керек. Қазір елімізде аналардың денсаулығы бұрынғы жылдарға қарағанда төмендеп кетті, әсіресе, ауылды жердегі аналардың жағдайлары сын көтермейді. Дәлірек айтсақ, бүгінде өмірге бала әкелетін жастағы аналардың 80 пайызға жуығы қан аздығы (анемия) ауруына шалдыққан. Көп жылғы тәжірибе көрсеткендей, дені сау анадан дені сау бала, ауру анадан ауру бала туылады. Мұны күнделікті өмірден көріп-біліп те отырмыз. Сол аналардың денсаулығының нашарлығынан елімізде аурушаң, әлсіз, ағзалары жан-жақты жетілмеген сәбилер дүниеге келіп жатыр. Тіпті, соңғы кездері уақытынан ертерек босанатын болды. Бұл тек ауылды жерлердегі ана мен бала денсаулығына қатысты мәселе емес. Соңғы кездері мұндай жағдайлар қалада да бой көрсетуде. Әсіресе, нәрестелер арасында миына қан құйылып, көз жұмып жатқандары қаншама. Бұрындары миына қан құйылу ауруы тек ересек адамдар арасында ғана кездесетін. Осынау аурудың Қазақ елінде етек алуы бүгінде балалар дәрігерлерін аса қатты алаңдатуда. Ресейде, Украинада, т.б. елдерде мұндай аурулар сирек кездеседі. Бұл дерт – өте қауіпті. Аурудың ауыр-жеңілдігіне байланысты операция жасаймыз, болмаса басқадай тәсілдермен емдейміз. Нәтижесі кейде ойдан шықпай, көпшілігінде жарымжан, мүгедек болып қалып, ақыр соңында әке-шешелері ондай балаларды тастап кетуде. Елімізде жетім балалар саны көбейіп барады, олар қайдан шығады деп байбалам салып жатамыз. Қазіргі кезде жетім балалардың біраз бөлігін осындай мүгедек, жарымжан балалар құрап отыр. Тағы да айтатын бір мәселе, кемтар және ми қабілеті төмен болып туылатын нәрестелер саны күннен-күнге көбейе түсуде. Бұл жағдайды жан-жақты тексеріп, себебін анықтау, ертерек диагноз қойып емін қолдану үшін онымен үлкен ғалымдар айналысуы қажет. Оған тек балалар нейрохирургі емес, акушер-гинеколог, балалар невропатологы, өзге де көптеген мамандар қатысып, зерттеп бір шешімге келулері керек. Ол мәселені жоғарыдағы тараптарға айтсақ, ғылымға ақша жетпей жатыр дегенді алға тартады. Ал мүгедек балалар болса, күннен-күнге көбейе түсуде. Сонда не істеуіміз керек? Бүгінде ана мен бала денсаулығының нашарлауы әлеуметтік жағдайдың төмендеуінен орын алса керек. Қазақстанда жұмыссыз адамдар саны 6,4 пайызды құрайды дегенді айтады. Бұған ешкім сене қоймас. Мысалы, Испанияда 18, Америкада 10 пайыз жұмыссыздар бар. Біз шындықты айтуымыз керек. Мысалы, бір отбасында 4-5 қойы болса, ол адамды жұмысы бар деп есептейді. Мақұл делік. Сол 4-5 қойды сата ма, соя ма? Ал ол біткен соң не істейді? Міне, жалған ақпараттың аяғы қайда әкеліп тіреп отыр. Шалғай елді мекендердегі халықтың жағдайы да мәз емес, соған байланысты адамдардың да денсаулығы төмен. Өкініштісі, олардың ішінде өмірге ұрпақ әкелетін болашақ аналар да бар. Ел болашағын, ұлт келешегін ойласақ, олардың әлеуметтік жағдайларының дұрысталуына мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі керек емес пе? Балалар дәрігерлерін бүгінде алаңдатып отырған тағы бір мәселе, ол экологияға қатысты. Өйткені, ана денсаулығына экологияның үлкен әсері бар. Мысалы, Қызылорда облысындағы Арал төңірегі, ғарыш айлағы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы полигон қазақ халқына жылдар бойы ажал уын сеуіп келді, әлі де зардабын тигізуде. Оның қашанға созылары белгісіз. Мұның сыртында елімізде атом өндірісі бар. Мысалы, Степногорск, Шиеліде осындай өндірістер жұмыс істейді. Соның бәрі бүгінде адамзат баласын білдіртпей, біртіндеп жалмап жатыр. Дүние жүзінде жаңа туған баланың 1 жасқа дейінгі өлім көрсеткіші – осы мемлекеттің экономикасы мен саясатының көрсеткіші болып табылса керек. Осы көрсеткіш біздің елімізде 18,4 промиль. Бұл көрсеткіш Белоруссияда 6, Ресейде 10-нан, Украинада 9-дан жоғары. Өзбекстан мен Қырғызстандағы балалардың өлім көрсеткішімен салыстырғанда, бізден төмен. Жалпы, ТМД елдері бойынша Қазақстанда жаңа туған балалар өлімі жоғары. Тағы бір ескеретін мәселе, әйтеуір әр келген министр өзінше реформа жасауға әуес. Оның жақсылығын әзірге халық та, дәрігерлер де сезіне қойған жоқ. Соған қарамастан 3-4 жылдан бері дәрігерлер даярлайтын медициналық жоғары оқу орындарында білікті балалар дәрігерлерін даярлайтын пе­диатрия факультеттерін жауып тастады. Ал Ресейде, бүкіл ТМД-дағы медициналық оқу орындарында мұндай факультеттер жабылған жоқ. Тіпті, Санкт-Петербургте, Ташкентте педиатрларды даярлайтын жеке институттар бар. Украинада үш-төрт жылдан бері аталмыш факультетті жауып тастағанмен, қайтадан ашқан. Ал біз неге шетелдің жасағанын жасауымыз керек? Ондай дамыған мемлекеттердің экономикасы, халықтың әлеуметтік жағдайы, жүргізіп отырған саясаты, менталитеті, психологиясы, өмір сүру деңгейі бізбен салыстыруға келмейді. Оларда адамдардың өз денсаулығына, саламатты өмір салтын қалыптас­тыруға деген көзқарасы да, сауаты да басқаша. Оның үстіне бүгінде дүние жүзінің өркениетті елдерінің барлығы педиатрия саласына өте жоғары көңіл бөлуде. Себебі, олар мемлекеттің болашағының өсіп-өркендеуі ана мен баланың денсаулығына байланысты екенін жақсы біледі. Бізде ше? Бар нәрсені құртып, балалардың бо­лашағына жауапсыздық, немқұрайдылық көр­сету­деміз. Асы­лы, медицина саласына, ана мен бала проблемасына көңіл бөлу еш уақытта күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселенің бірі деп білемін. Онсыз да біздің халықтың саны аз, территориямыз өте үл­кен, экономикамыз ол елдермен салыстыруға келмейді. Оның үстіне халықтың 47 пайызы ауылдық жерде тұрады. Егер осы жағдайды ескеріп, көп кешікпей балалар дәрігерін даярлайтын факультеттерді қайтадан ашпасақ, мұның арты қиынға әкеліп соғуы мүмкін. Өйткені, баланың организмі туған күннен бастап өте ерекше. Көп ағзалары жетілмеген, дамымаған. Ауырған жерін айтатын тілі жоқ. Оларға дұрыс диагноз қоюда білімді, кәсіби мамандар, оған қоса қазіргі заманға сай аппаратуралар, ондай технологияны жүргізетін, сондай-ақ бала организмінің өзгерісін жақсы білетін педиатрлар қажет. Соңғы мәліметтер бойынша балалардың іш құрылысы, өкпе, жүрек аурулары 1,5-2 есе көбейіп, көпшілігі созылмалы түрге ауысқан. Бұл жәйт те елімізде балалар денсаулығының төмендеп бара жатқанын көрсетсе керек. Тағы бір ерекше тоқталатын жәйт, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайы. Жалпы, дә­рі­герлік мамандықтың ерекшелігі десек те болғандай, басқа жоо-ға қарағанда оқу мерзімі ұзақ­тау. Мәселен, бүгінде болашақ дәрігерлер алдымен 7 жыл, одан кейін 2-3 жыл резидентурада тағы оқиды. Бұл аралықта басқа ма­ман­дық ие­ле­рі­нің 2-3 инс­титут бітіретін мер­зімі өтеді. Ал алатын жа­ла­қылары 30-40 мың теңге ара­лығында. Дүние жү­зін­дегі тә­жірибе бо­йын­ша, ең бай ма­ман­дық иелері – дәрігерлер. Кей­­бір аза­мат­тар дә­рі­гер­лердің бі­лім­сіздігін сынап жатады. Ол дұрыс та. Ауырған адамның диагнозын дұрыс қойып, соған сәйкес дұрыс ем қабылдау – ол дәрігерлердің білімділігіне және аппаратураның деңгейіне де байланысты. Мұның барлығы орасан көп қаражатты қажет етеді. Көптеген дамыған Батыс Еуропа елдері мен Америкада медицина саласына мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 15, Германияда 8-9, Францияда 10 пайызы бөлінеді. Бұл көрсеткіш бізде бар болғаны 2,5 пайызды ғана құрайды. Осыдан-ақ елімізде медицинаға деген қамқорлықтың қаншалықты дәрежеде екенін байқау қиын емес. Денсаулық сақтау мәселесі қашанда ғылымға тікелей байланысты. Бірақ, елімізде “Ғылым туралы” Заңы осы уақытқа дейін қабылданбай жатыр. Сала басшыларының айтуынша, біз Болон конвенциясына біртіндеп көшудеміз. Рас, көптеген елдер Болон конвенциясына қол қойған. Мәселен, Украина, Ресей қол қойғанмен, олар конвенцияны қолдаймыз, бірақ толық қосылмаймыз, өйткені, ұлттық мүддеміз жоғары дейді. Жақында “Нұр Отан” ХДП төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин мырзаның қабылдауында С.Зиманов, К.Сағадиев, Н.Айтқожина, т.б. ғалымдар болып, осы мәселені көтердік. Онда талантты жастардың дені ғылымға келмей, бизнеске кетіп жатқанын, біз сияқты жасы келген ғалымдардың ісін жалғастыратын, ғылымды дамытатын жастардың жоқтың қасы екендігін, оқып жүргендерінің тұратын жерлері жоқ, аспиранттар жатақханасын алып қойғанын, жалақыларының төмендігін, сондықтан жақсы мамандарды ұстай алмай отырғанымызды жеткіздік. Сондай-ақ қазір ТМД елдерінің бар­лы­ғында кандидаттық, докторлық диссертация қорғалып жатқанын, Ресей, Қазақстан Кеден одағын құрдық, оларда РhD жоқ, сондықтан араласуымыз қиындап кеткелі тұрғанын, ең болмаса бес-алты жыл қалдыра тұруды сұрап, ұсыныс жасадық. Оған ол кісі түсіністікпен қарады. Өйтпеген жағдайда жас ғалым­дарымыз Қырғызстанға, болмаса басқа мемлекеттерге барып қорғаймыз дегенді алға тартуда. Жалпы, медицина, оның ғылымы басқаларға қарағанда, күнделікті дамып, алға жылжып, өзгеріп отыратын күрделі сала. Жаңа технологиялардың бәрін енгізіп жатырмыз деп айту қиын. Әлі де аппаратуралар жетіспейді, біз бұрынғы кеңес дәуіріндегі ғылыммен, сол негізбен дамып келе жатырмыз. Үкіметтің ме­ди­ци­наға ғана емес, басқа да ғылымдарға қаржы бөлуі өте төмен. Мәселен, қаржының жоқтығынан рес­пуб­ликалық Тері-венерология ғылыми-зерттеу институты жабылды. Оны жапқаннан тері-венерология аурулары азайып кеткен жоқ. Жарайды, науқастар қалалық, облыстық тері аурулары диспансерінен көмек алсын, ал осы саладағы ғылымды қайтеміз? Жоғарыдағылар тығырықтан шығудың жолы деп, оны меду­ни­вер­си­теттің қарамағына берді. Өйткен жағдайда ғылыми-зерттеу институттарының барлығын ун­ив­ер­си­теттердің қарамағына берейік. Сөйтіп, қанша дәрігер даярланып, қаншасы ғылыммен айналысады, соны ертерек алдын ала шешіп алайық. Осындай бірқатар ғылыми-зерттеу институттарына қаржы бөлу жағы өте төмен. Мысалы, Балалар мен балалар хирургиясы ғылыми орталығында жаңа туылған нәрестеге ота жасайтын бөлімше ашқанбыз. Оған 4-5 жылдан бері шәкіртім Б.Тұрсынқұлов жетекшілік жасап, жақсы табыстарға жете бастаған. Қалай дегенде де, жаңа туған шақалаққа операция жасау өте қиын. Өзі медицина ғылымдарының кандидаты еді, 35-40 мың айлыққа отбасын асырай алмайтын болғандықтан, жұмыстан кетті. Сөйтіп, жақсы маманнан айрылдық. Жалпы балалар өлімінің көрсеткішінде жаңа туған нәресте үлесі жоғары. Соның салдарынан, балалар өлімінің көрсеткіші өсуде. Биылғы жылы Балалар мен балалар хирургиясы ғылыми орталығында орын алған “Гепатит С” вирусын жұқтыру жөніндегі шулы әңгіме баршаға аян. Ондағы гемотология бөліміне осы саланың кәсіби маманы, тәжірибелі ғалым Күлән Омарова жетекшілік жасайды. Міне, осы бөлімшенің дәрігерлері “тексеруден әбден шаршадық, жалақымыз болса да мардымсыз, жұмыстан кетеміз” деген сөзді жиі айта бастады. Қазір онсыз да елімізде 5-6 мың дәрігер маман жетіспейді. Осылайша дәрігерлер кетуін жалғастыра берсе оның арты не болады? Жалпы, қазір халық арасында дәрігерлердің абырой-беделі төмендеп кеткен. Көпшілік науқастар көріпкел, емші-домшыларға қаралып, ақыр соңында аурулары асқынғанда дәрігерлерге келіп жатады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың би­ыл­ғы Жолдауында: “Денсаулық сақтау нысандарын салу және жабдықтау, кадрларды даярлау, саламатты өмір салты жөніндегі мемлекеттік шаралар, 2020 жыл­ға қарай ана мен бала өлімін екі есеге төмендетіп, жал­пы өлімді 30 пайызға азайтып, туберкулезбен ауы­руды 20 пайызға қысқартуы тиіс” деп атап көрсетті. Сондықтан, ертеңгі күнгі болашағымыз үшін және халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында біз бел шешіп бірігіп, бүгіннен бастап іске кірісуіміз керек. Камал ОРМАНТАЕВ, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

БАЛҒЫН СУРЕТШІ ӘЛЕМІ

1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күнінің құрметіне Тә­уел­сіздік сарайында астаналық талантты жасөспірім суретші, “Мирас” мектебінің оқушысы Дана Әбдіғаниқызының “Менің шығармашылық әлемім” атты көрмесі ашылды. Көрмеге Дананың 30-дан астам майлы бояумен бейнеленген кескіндемелері қойылған. Өмір кімге де болса тылсымы мол дүние. Жасөспірім суретшінің қиялындағы өмірдің қызығы мен әсемдігі, сұлулығы мен қас-қағым сәттегі жүрек лүпілі ашық бояулармен сәтті сомдалған. Қыл­қа­лам шебері болуға талаптанып жүрген Дананың салған сурет­теріне қарап, осының бәрі небәрі 12 жас­тағы жеткіншек қолынан туғанына таң қалып, таңдай қақпасқа шара жоқ. Пейзаж, натюрморт, портрет жанрларында салынған суреттер көрмеге келушілердің жанын жа­ды­рат­қаны анық. Көрменің ашылу рәсімі басталмай тұрып, тала­н­ты­мен жұртшылықтың на­зарын өзіне аудартып отырған Дана Әбді­ғаниқызын әңгімеге тартқанбыз. – Данажан, жас болсаң да қаламың ұшталып қалғанын мына суреттерің байқатып отыр. Сурет салуға неше жасыңнан бастап әуестене бастадың? – Мен 5 жасымнан бастап қолыма қарындаш пен бояу ала бастадым. Келсін, келмесін, әйтеуір қағазға шимайлап, бояу­ларды жаққанды ұната­тынмын. Сосын үйдегі барлық нәрселердің, ойыншықтарымның суреттерін салу мен үшін ерекше қызық еді. – Көрмеге қойылған сурет­тердің ішінде қол өнеріне жататын жапсырма туындыларың да бар екен. – Мен өзіме ұнаған нәрселерді тек қана қарындаш, бояумен салмаймын. Көз алдыма келіп тұрған картинаны кейде бояумен салам, кейде түрлі-түсті қағаз­дармен жабыстырам. Кей кездерде үйде жатқан керегі жоқ мата, шүберектерді де қолданып, су­рет­теріме пайдаланамын. Бояудың да, жапсырма жұмыстардың да бір-біріне ұқсастығы сол, жұмысты аяқтағандағы қуанышың. – Салған суреттеріңнің ішінде өзіңе ерекше ұнайтыны бар ма? – Суреттерімнің бәрін ұна­тамын, жақсы көремін. Оларды мен ешнәрсеге де айыр­бас­та­май­мын. Ең бастысы, сурет салған кезде мен бәрін ұмытамын. Содан да кейде байқаусызда бояу төгіліп те қалады.  Сонда мен бояудың менің салған суреттеріме төгіліп қалмағанына қатты қуа­намын. Ал кей кездерде бір суретті бастап оны соңына жет­кізіп шық­қанша үсті-басыма бояу жа­ғылып қалады. Мен сонда да ренжімеймін. – Суретті көбінде қай кезде саласың? – Сабақтарымды қарап, үй тап­сырмаларын орындап, қо­сымша әдебиеттер оқып біткеннен кейін бос уақытта сурет саламын. Менің біраз суреттерім ертегі ке­йіпкерлері. Ертегі кітаптарды оқып, он­дағы сөзбен бейнеленген образдарды мен қиялыммен қа­ғазға түсіремін. Сосын демалыс күндері де мен үшін өте сәтті өтеді. Осындай күндерде сурет са­латын уақытым да көп болады. Ұстазым Гүлмира Құ­дай­бер­ген­қы­зына алғысым шексіз. Дананы тұңғыш рет болып жат­қан жеке көрмесімен құт­тық­таймыз деп достары, туған-ту­ыс­тары да келген екен. Олар Данаға гүлдерін, ойыншықтарын табыстап жатты. Шығармашылық ізденіске толы көрменің ашылуы кезінде Тәуел­сіздік  сарайының ұйым­дас­тырушы -жетекшісі Гауһар Жүнісова “Менің шығармашылық әле­мім” атты көрменің ашы­луы­мен құт­тықтай келе, “Дананың бо­ла­ша­ғынан зор үміт күтеміз. Көп же­тіс­тіктерге жететін, елімізге ғана емес, күллі әлемге әйгілі қыл­қа­ла­м шебері, Ота­ны­мыздың мақ­танышы болады деп сенеміз” деп өзінің лебізін білдірді. Содан кейін Тәуелсіздік сарайының бас ди­ректоры, профессор Т.Қыш­қаш­­­­баевтың алғыс хатын табыс­тады. Салтанат барысында Алматы қа­ласы Ұлттық өнер акаде­миясының аға ұстазы Гүлнәр Бекебаева мен Шәкәрім атын­дағы Семей мемлекеттік уни­верситетінің аға оқытушысы  Айсұлу Алданаеваның жеке коллекцияларының көрсетілімі өткізілді. Сонымен қатар ол­ардың ізбасарлары әрі шә­кірттері Әйгерім Нұр­мұ­хам­бетова мен Әлия Ма­лай­са­ро­ваның сәнді киім кол­лек­ция­сы жиналған қауымның назарына ұсынылды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.

“БАЛАПАН” БАҒДАРЛАМАСЫ ОРДАБАСЫДА

Елбасымыздың биылғы Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақ­станның жаңа мүм­кін­діктері” атты Жолдауында ерекше аталған “Балапан” бағдарламасы халық ара­сында үлкен қолдау тапқаны анық. 2020 жылға қарай аудандағы барлық баланы мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқумен қамту мақсатында ауданда бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Әлемдік тәжірибе көр­сет­кеніндей, мектепке де­йінгі тәрбие мен білім берудің маңызы өте жоғары. Осы орайда “Балапан” бағдарламасы аясында қыз­меті тоқтаған 90 орындық бұрынғы “Бүлдіршін” бала- бақшасын жөндеу жұмыс­тарына бюджеттен 24,0 млн. теңге қаржы бөлініп, 1 қыркүйек күні қайта пай­далануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, Темірлан ауылында “Арайлым-2” жекеменшік бала­бақ­шас­ы­ның филиалы ашылатын болады. Игі істің ұйытқысы бол­ған кәсіпкер Мұсаев Мұхтар да аудан бүлдіршіндері мен ата-аналарын ерекше қуантпақ. Бұрынғы зейнетақы төлем орталығының кеңсесі болған балабақша ғимараты қазіргі таңға толық жөндеуден өтіп, заманауи тұрғыдан жабдықталды. 6 топқа лайық­талған балабақшада 100 бүлдіршін тәрбиеленіп, 15 адам жұмыспен қамтылатын болды. Аудандағы 10 мектептің ба­засынан мамыр айында шағын орталықтар ашылып, 270-ке жуық бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Республикалық бюджеттен бөлінген 19 млн. 288 мың теңге қаржы орталықтағы 72 тәрбиешінің жалақысы мен орталықтың шаруашылық шы­ғындарына, ағымдағы жөн­деу жұмыстарына арналды. Ш.КЕНЖЕЕВ, Ордабасы ауданының әкімі.

“ТАҢШОЛПАН” КОНКУРСЫ

талантты жеткіншектердің қанатын ұштайды

“Біз – сенің балаларыңбыз, Қа­зақ­стан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!” атты бүкілқазақстандық іс-шара аясында жетім балалар мен ата-анасының қам­қор­лығынсыз қалған жеткіншектерге  ар­налған білім беру ұйымдарының тәр­биеленушілері ара­сында V рес­пуб­ликалық “Таң­шол­пан” балалар вокалдық конкурсы бүгін, яғни халықаралық балаларды қорғау күні – 1 маусымда Қарағанды қаласында ашылды. Балалар шығармашылығына ар­нал­ған бұл конкурс алғаш рет 2006 жылы өткізілген болатын. Конкурстың мақсаты – қабілетті, шығармашылық жағынан дамыған және кәсіби тұрғыда бола­шағынан мол үміт күттіретін балаларды анықтау, өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуға деген талпынысын тәрбиелеу. Конкурсқа негізінен өз өңірлерінде жүлдегер болған үздік жеке орын­дау­шылар мен вокалдық топтар қатысады десек, биыл олардың жалпы саны 250 баланы құрап отыр. Бір айта кететін жәйт, конкурсқа қатысушылар қазылар алқасының назарына мемлекеттік тілде айтылатын екі туындыдан  ұсынбақ. Жеңімпаздар плазмалық теледидар, компьютер және т.б. бағалы сыйлық­тар­ға ие болатынын да айта кетсек дейміз. “Егемен-ақпарат”.