• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Ақпан, 2023

Сапалы өнім – саулық кепілі

376 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркен­деуінің берік негізі» атты Жолдауында ветеринария саласына айрықша көңіл бөліп, бұл сала қазіргі заман талабына сай болмаса, ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес екенін атап өткен еді. Ветеринария саласының жүйелі жұмысына мал саулығын бақылауды жақсарту ғана емес, оның өнімдерінің халыққа зиянсыздығын тексеруді арттыру да қосылатыны айдан анық. Тек сау малдың еті, өсімдік өнімдерінің зиянсыздары ғана дастарқанға тартылса, халқымыз сау болады.

Арам өлген малдың етін сатып жіберуге тырысатын жылпостардың көп екенін өмірде көріп жүрміз. Ал мұн­дай еттің бойындағы зиянды ви­рус қайнатқанда өлмей, тұ­тынған адам­ның бойына тарап, түрлі ауру­ды қоздыруы мүмкін екені сөзсіз. Сондықтан базарға са­туға әкелінетін малдың тұтас етін арнаулы зертхана­да тексеріп, білікті сарап арқылы оның тұтынған халықтың денсаулығына залалы жоқтығын анықтау да – маңызды міндет. Бұл да – ветеринарлық саланы жетіл­дірудің бір саласы.

Бір кезде «эпизоотия – экономика­лық қана емес, әлеу­меттік және саяси да жау» деген ұран көтерілген еді. Эпизоотия дегенің – жануарлардың бір немесе көп түрінің ортақ инфек­циялық ауруларға ұшырауы. Ондай кеселдер бір аумақтарда тіркеледі. Халық арасында оны эпидемия деп атайды. Осындайға ұшыраған малдың етін халық тұтынатын болса, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Осының өзі базарға сатуға әке­ліне­тін малдың, құстың барлық еті, өсім­дік тектес азық-түліктер зертхана­­да мұқият тексеріліп, арнайы сарап арқы­лы зиян­сыздығы анықталған соң ғана сатуға рұқсат етілетін белгі соғылады.

Петропавл қаласындағы бес базар­­дың ветеринарлық-санитарлық зерт­ха­налары Талшын Тұрлыбекова мен оның қызы Гүлнәр басқаратын «Мо­ноцит» ЖШС-ға қарайды. 20 шақ­ты адамға жұмыс беріп отырған бұл ұйым 2006 жылдан бері жұмыс іс­теп келеді. Осы уақыт аралығында ұйымның зертханалары тексеріп, сатуға келісім берген ет, өсімдік өнім­де­рінен ешқашан ауру белгісі табылып, адам­дарға зиян келтірді де­ген арыз-шағым болған емес. Осының өзі үлкен же­тістік, жұмыс сапасының жо­ғары екенін көрсетеді. Соның айғағындай бұл ұжым Ұлттық рейтинг орта­лығының 2015 жылы «Сала көшбасшысы» сертификатын, 2016 жылы «Экономика мақтанышы» төс­бел­гісін, мерейтойлық медальдар, төс­­бел­гілер, Құрмет грамоталарын жиі алып жүр. Бұлар ұжымның еңбек са­па­­­сының көрсеткіштері екені даусыз.

– Бізге осы бизнесті бас­тау оңайға түскен жоқ. Қым­бат әрі күрделі құрал-жабдықтар алу үшін несие алуға тура келді. Ұжымға білікті, жоғары білімді вете­ринар дәрігерлерді іздеп таптық. Қазір тек олардың саны 16-ға жетіп, берік ұжым қалыптастырдық. Әри­не, мәселелер де жоқ емес. Зерт­хана­ларға орынды базарлардан жалға аламыз. Замана талабымен жалдау ақы­сы құбылып тұрады, бірақ ор­тақ тіл табу­дың нәтижесінде олар­­мен келісімге келеміз, – дейді Т.Тұр­лыбекова.

Зертхананың жұмысын жергілікті билік тарапынан аумақтық ветери­нарлық қызметтің инспекторлары тұрақты бақылап отырады. Зерт­ханалар бекітілген нормативтік құ­жат­тардың талабы негізінде жұмыс істейді. Нор­мативтік құжатқа сәйкес малдың тұтас етінен 200 грамдық сынамалар бас, жүрек, бауыр сияқты үш жерден алынып, зертханада сарапқа салынады. Жоғары сапалы құрал-жабдықтар арқылы алынған сынамалар ең көп дегенде жарты сағатта сараптан өтеді. Осыдан кейін ғана аурудың белгісі жоқ еттерге сатуға рұқсат беретін белгі салынады.

Т.Тұрлыбекованың өзі Ресейде туып-өсіп, Ростов қаласының ветери­нарлық институтын бітірген. Еңбек жолын жолдамамен барған Омбы облысында бастаған. Одан 70-жылдары Қазақстанға келіп, алдымен Булаев қаласындағы вете­ринарлық стансаға орналасып, ке­шік­­пей оның басшылығына та­ғайын­далып, сол жерде 20 жылдан артық қызмет істейді. Кейін облыстық сарап зерт­ханасына ауысады. Мемлекет зерт­ханалық сараптау жұмысын жеке­меншік нарыққа бергенде ашылған бірнеше зертхананы көріп, Талшын Хакімқызы да бұл істі қолға алған. Содан бері 17 жыл өте шығыпты. Қазір қызы Гүлнәр екеуі, жоғарыда айтқанымыздай, «Моноцит» ЖШС құрамында қала­ның жаңадан ашылған 5 базарында сараптау зертханаларын ұстап отыр.

Ұжымның демеушілік қызметтері де көп. Қатарынан бірнеше жыл бойы облыстағы Балалар үйінің 25 адамдық 8-отбасына демеушілік жасап келген. «Мерекелерде балаларға сыйлықтар жасап, тәттілер апарып отырдық. Сол «отбасы» мүшелерімен әлі күнге байланысып тұрамыз. Осы отбасындағы бір талапты қыздың кітабын да шығарып бердік», дейді Гүлнәр Тұрлыбекова.

Бұл ұжымда ветеринар­лық маман­дықта оқитын Астана мен Петро­павл­дың студенттері де тәжірибеден өтеді. Білікті ветеринарлар жастарға өз тәжірибесін үйретеді. Ал Есіл ауда­нындағы ауылшаруашылығының жоға­ры колледжі «Моноциттің» дәрі­гер­лерін өздеріне шақырып, кездесулер өткізіп тұрады. Міне, осындай шағын ұжымның да үлкен пайдасы халыққа тиіп отыр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы