Батыс Қазақстан облысында ел Президентінің жүлдесі үшін ІV халықтық спорт ойындары басталды. Жарысқа облыстың барлық 12 ауданынан және Орал қаласынан командалар қатысуда. Спортшылардың жалпы саны мың жарымнан асады. Сайыстар волейбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, кір тасын көтеру, қол күресі, қазақ күресі, үстел теннисі, жазғы президенттік көпсайыс, отбасылық жарыстар, бильярд және самбо күресі бойынша жүруде.
– Шараның басты мақсаты – халық ойындарын көпшілікке тарату және дамыту. Әсіресе, отбасылық жарыстар бүтін бір шаңырақты спортқа ден қоюға жетелейді. Осындай жарыстарды көп өткізу арқылы спортпен айналысатын көпшіліктің қатарын арттыруға болады. Бұқаралық спорт пен халықтық ойындар Қазақстанды мекендейтін ұлт пен ұлыстар арасындағы достықтың нығая түсуіне септігін тигізері сөзсіз, – дейді Батыс Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы Тұрарбек Бекарыстанов. – Бұған дейін әр ауданда іріктеу ойындары өткен болатын. Осы себепті мұнда ең мықты командалар қатысуда. Бұл жарыстарда жүлде алғандар шілде айының 3-6 күндері өтетін республикалық ІV халық спорты ойындарына қатысады. Орайы келгенде айта кетейік, ел Президенті жүлдесі үшін жүретін республикалық сайыс Орал қаласында өтеді.
Сонымен, барлық спорт базаларында бір мезгілде бірнеше сайыс түрлері басталып та кетті. Облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің мектебі спорт залында кеше Тасқала мен Жаңақала аудандарының командалары волейболдан күш сынасты. Нәтижесінде 2:1 есебімен Жаңақала командасы жеңіске жетті. Біз осы жеңімпаз команданың капитаны Тимур Байтеновпен тілдескен едік.
– Біздің ауданымызда спорттық шараларға өте жақсы көңіл бөлінеді. Тұрғындар арасында спортпен айналысатындар көп. Командамыз аудандағы жарыста да айқын басымдықпен жеңіске жеткен еді. Енді облыстық жарыста да жүлделі орыннан көрінеміз бе деген үміт бар. Осындай халықтық ойындардың жиі өткені дұрыс. Сонда жастардың спортқа деген қызығушылығы артады, – дейді ол.
Қызу жүріп жатқан сайыста өзге этнос өкілдері де көзге көп шалынды. Тасқала ауданынан келген Сергей Образков отбасындағы төртінші бала екен.
– Менің қазақ достарым көп. Олармен осы волейболмен айналыса бастағаннан таныстым. Ұйымшылмыз. Бір отбасының балаларындай татумыз. Біраз жылдан бері жеңісті де, жеңілісті де бірге көріп келеміз. Бүгінгі кездесу біздің пайдамызға шешілмеді. Бірақ, жүлделі орындардан үміттіміз, – дейді Сергей Образков.
Халықтық спорт ойындарының ашылу салтанаты ертең өтеді деп күтілуде. Біз оқырмандарды алдағы нөмірлердің бірінде оның өту барысымен таныстыратын боламыз.
Темір ҚҰСАЙЫН. ОРАЛ.