• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өндіріс 28 Ақпан, 2023

«Айбарыс»: май шығару – пайдалы іс

419 рет
көрсетілді

Күнбағыс майы – күнделікті тұтынатын азық-түліктердің тізімінен ажырамайтын өнім. Азықтың бұл түрі жергілікті на­рық­қа көбіне Ресей Федерациясынан жеткізіледі. Айма­ғы­мыз­да жыл сайын мыңдаған тонна күнбағыс тұқымы жинал­ға­ны­мен, оны стандартқа сай өңдеу, майын сығып алу ісі мандымай тұр. Бұл кемшілік отандық кәсіпкерлер тарапынан ескерусіз қал­ма­ғанға ұқсайды.

Шарбақты ауданында «Ай­ба­рыс» компаниясы рафи­над­талған күнбағыс майын шыға­ра­тын өндірісті жолға қоймақ ниетте. Инвестор қазіргі күні қажетті жер телімін рәсімдеп, іске кірісе бастаған. Өндірісте ең озық технологияларды қолданамыз деп құлшынып отырған кәсіп­кер күнбағыс тұқымын терең­де­тіп өңдеу арқылы сапалы май айырып алатынына сенімді. Жаңа кәсіпорынды салу мен жаб­дық­тау­дың құны 20 млрд теңгеге баға­ланады. Бұл қаражат­тың 60 пайызы – «Айбарыстың» жеке инвес­тициясы.

Павлодар облысы әкімі­нің орынбасары Серік Батырғо­жи­новтың сөзінше, жобаның нәти­жесінде, аймағымыз сапалы күн­­бағыс майымен өзін толық қам­та­ма­сыз етеді.

– Компанияның жобаны жүзеге асыруға деген іскер­лік ние­ті бізді қуантып отыр. Біз қажет қаражаттың 43 пайы­зын жеңілдетілген несие немесе даму институттары а­р­қылы алуды ұсындық. Мұнда қолда­нылатын технология дамыған мем­ле­кеттердің зауыт­та­рын­дағыдай болады. Инвес­тор­дың Шарбақты ауданын таңдап отыр­ға­ны да тегіннен тегін емес. Бұл аудан астықты аймақ бол­ған­дықтан күнбағыс дәні молынан өсіріледі. Екіншіден, Ресей Федерациясы жақын. Кә­сіпорын өз қуаттылығына шық­қанда жер­гі­лікті нарықтан ар­тылған өнімді іргеде тұрған Ресей еліне де экс­порттай алады. Жер­гі­лік­ті ди­қан­дар зауытты қа­жет ши­кі­затпен қам­тамасыз етуге қау­қар­лы, дейді ол.

Келешекте зауыт орын тебетін жерде қазіргі күні теміржол тар­тыла бастаған. Күнбағыс тұқымынан май ажырататын өн­діріс толық іске қосылғанда ол айына 50 тонна өнім береді деп күтіледі. Нәтижесінде, аймағымыз өзін өнімнің бұл түрімен толықтай қамтамасыз етуге қол жеткізеді.

Павлодар облысы агроөнер­кә­сіп кешеніне инвестициялар тарту бойынша соңғы екі жылда республикада алдыңғы орын­да тұрғанын айту керек. 2022 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығының негізгі капиталындағы инвестициялар 1,2 есе өсіп, 136 млрд теңгені құраған. Ал азық-түлік тауарлары өндірісіне енгізілген инвес­тиция көлемі 1,4 есе артып, 6,7 млрд теңгені көрсетіпті. Жалпы құны 22 млрд теңге тұратын 16 ірі инвестициялық жоба іске асып, өңірдегі агросекторда жа­ңа кәсіпорындар, жүздеген жаңа жұмыс орындары пайда болды. Ауыл шаруашылығына жауаптылар биыл да бұл үдеден төмендемейміз деп отыр.

Өңірде өрге баспай тұрған жобаның бірі – қант зауытының құрылысы. Қазақстандағы қант тапшылығын шешеді деп сенім артылған бұл жоба әу бастан-ақ шетел инвесторларының көме­гі­мен жүзеге асуы керек делінген. Алайда шетелден келіссөзге ке­ліп жатқан бизнесмендер ҚР заңнамасында қарастырылмаған ұсыныстарды алға тартып, жер беруді сұрап отырған көрінеді. Ал Жер туралы заңнамада ауыл шаруашылық жерлерін шетел аза­мат­тарына беруге тыйым са­лынған.

«Павлодар» ӘКК бүгінде болашақ қант зауытының жобасын әзірлеу үстінде. Жуықта корпорация франциялық инвестормен алғашқы келіссөз жүргізген.

– Жобаны қаржыландыруға ниет танытқан шетелдіктер өз ин­вес­тициясын қорғауды және ши­­кізатпен қамтамасыз етуді талап етеді. Кейбірі ауыл шаруа­­шылық мақсатындағы жер те­лім­дерін беруді сұрайды. Шикі­зат­пен қамту тұрғысында біз компанияларға өңірде қанша суармалы жер барын, қандай мүмкіндіктер қарастырылғанын баяндадық. Қазірдің өзінде үш-төрт инвестормен келіссөздер жүруде. Оның үстіне болашақ за­уыттың жобалық-сметалық құ­жат­­тамасы әлі де әзірлену үс­тінде. Сондықтан қазір нақты ше­шімін айту қиын, дейді С.Батырғожинов.

 

Павлодар облысы