• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Наурыз, 2023

Күзет қызметі – қажет қызмет

640 рет
көрсетілді

Еліміз тәуелсіздік алып, на­рықтық экономикаға көш­кеннен кейін ішкі істер органдарымен қатар заңды және жеке тұлғалардың өмірін қорғау және мүлкін күзету қызметін ұсынған фирмалар құрыла бастағаны белгілі. Соң­ғы жылдары бұл қызмет түрі іс жүзінде бақылаусыз қалғаны белгілі.

Ішкі істер министрлігі Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары Серік Құспановтың айтуынша, 2000 жылғы 19 қазанда «Күзет қызметі туралы» заң қабылданды. Құжатта күзет қызметінің құқықтық негіздері белгіленді, оны жүзеге асыратын субъектілердің мәртебесі мен өкілеттіктері айқындалды. Ең бастысы, күзет қызметі лицензияланатын түрге жатқызылды, бұл мемлекет үшін Ішкі істер министрлігі атынан оған қажетті талаптар қоюға және олардың сақталуына мем­лекеттік бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

– Қоғам қарқынды дамыған сайын күзет қызметтері бойынша заңнаманы жетілдіру қажеттілігі артып келеді. Біз өз тарапымыздан қызметімізге қатысты заңнамаға үнемі мониторинг жүргіземіз және қажет болған жағдайда тиісті түзе­тулер енгізуге бастамашылық жасаймыз. Мәселен, күзет қызметі сала­сындағы заңнаманы жетілдіру, жеке және заңды тұлғалардың аза­мат­тық және мүліктік құқықтарын қорғау бойынша күзет қызметтерін көрсету сапасын арттыру мақсатын­да біз мүдделі мемлекеттік орган­дар­­мен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, 2021 жылы Мемлекет басшысы қол қойған сала­лық заңға түзетулер енгізуге бас­тамашылық жасадық. Бұл заң кү­зет қызметімен айналысатын кә­сіп­керлік субъектілерінің бәсе­кеге қабілеттілігін қолдауға және да­мытуға, террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету деңгейін арттыруға бағытталған, – дейді Серік Құс­панов.

Бүгінде қоғамда мектептегі қауіпсіздікті күзет фирмалары қамтамасыз етсе деген ұсыныс жиі айтылып жүр. Белгілі болғандай, күзет қызметтерін көрсетуге арналған шарттар жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы шеңберінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес дербес, тікелей білім беру ұйымдары мен жеке күзет ұйымы арасында жасалады.

– Бұл ретте, мектеп әкімшілігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету ша­ра­ларын жергілікті қаржы­лан­дыру есебінен жүзеге асырады. Лицензияланған күзет ұйым­дарының күзетшілерінің вахтерлерден, күзетшілерден және қауіпсіздік қызметтерінен айыр­машылығы атыс қаруы мен арнайы құралдарды пайдалануға құқылы. Сонымен қатар күзетшілер алдын ала мамандандырылған оқу орталықтарында атыс, құқықтық, физикалық дайындық және басқа пәндер бойынша емтихандар тапсырып, тәжірибесін арттырып отырады, – дейді Серік Құспанов.

Оның айтуынша, елімізде 3 298 мектеп пен 4 214 балабақшада ли­цен­­зияланған күзет қызметі жоқ.

– 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша тиісті лицензиясы бар күзет ұйымдары 3 404 мектеп пен 1 371 балабақшаны күзетеді. Оның ішінде дабыл жүйесі арқылы жедел әрекет ететін мобильді топтар арқылы 2 050-ге жуық мектеп пен 790 балабақша күзетіледі. Қалған объектілер физикалық күзетпен қамтылған. Оқу орындарында лицензияланған күзеттің болмауы күзет қызметтерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражатқа байланысты. Өйткені жеке күзет ұйымдары оларды ақылы негізде көрсетеді, – дейді спикер.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде филиалдары мен өкілдіктері бар 3 607 жеке күзет ұйымы тіркелген, оларда 94 511 күзетші жұмыс істейді.