• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 14 Наурыз, 2023

Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі

351 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудағы негізгі басымдықтарды белгіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жас қазақстандықтарды қолдау – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Осыған байланысты Тұжырымдаманы қабылдау осы бағыттың дамуына жаңа серпін беруі тиіс.

«Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастырудың жүйелі тәсілі қажет. Тұжырымдамада 2,3 млн-ға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл өте маңызды аспект, оны барынша тиімді жүзеге асыру керек», деді Әлихан Смайылов.

Жастарға арналған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға мемлекеттің бөліп отырған ресурстары қомақты, сол себепті жастардың мұндай бағдарламаларға қатысуын кеңейту NEET санатындағы жұмыс істемейтіндер мен оқымайтындар санын азайтуға ықпал етеді.

Ә.Смайыловтың сөзінше, елдегі мұндай жастардың үлесі 6%-дан асады. Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында NEET көрсеткіштері ең жоғары.

«Тұжырымдамада республика бойынша осындай жастардың үлесін 3,5%-ға дейін төмендету міндеті қойылған. Бірақ бұл үшін шаблонмен жұмыс істеуге болмайды. Әр өңірдегі жастармен жұмыс істеу ерекшелігіне барынша икемделу қажет. Сонымен қатар жастарды қолдау шараларын жақсарту үшін үзбей жұмыс істеу керек», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ақпараттық жұмысты күшейту және «жастардың әрқайсысына, әсіресе ауылдардағы және NEET санатындағы жастарға» көңіл бөлу қажет екенін айтты.

«Әркім табысқа қол жеткізу, жұмысқа орналасу, кәсіптік деңгейін көтеру мүмкіндігін сезіне білуі керек», деді Үкімет басшысы.

Одан бөлек Премьер-министр жастар ресурстық орталықтарының қызметін сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету және орталықтардың басшыларына нақты міндеттер мен KPI бекіту қажеттігін айтты. Үкімет басшысының айтуынша, орталықтар жастармен жұмыс істеудің аса маңызды буындарының біріне айналуы тиіс – жергілікті жерлердегі жастардың барлық проблемаларын біліп, оларды шешу жолдарын ұсынуы қажет.

Сөз соңында Ә.Смайылов волонтерлер қозғалысын одан әрі қолдаудың, оның ішінде волонтерлерді тарту аясын кеңейту, жаңа жобалар мен акцияларды іске қосудың маңызын атап өтті.