Өңдеу өнеркәсібіндегі экспортқа бағдарланған жобаларды қолдау үшін Қазақстан Даму банкі 100 млрд теңге бөлмек. Қаражат орта және жоғарғы шекті тауарлардың экспортын, яғни қосылған құны жоғары өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін қолдауға арналған.
Қарыздың ең төменгі сомасы 1 млрд теңгені құрайды, ол айналым капиталын толықтыруға, яғни шикізат пен материалдарды сатып алуға, сондай-ақ экспортталатын өнімді өндіруге байланысты ағымдағы шығыстарды төлеуге бағытталуы мүмкін. Қарыз мерзімі – қаржыландыруды ұзарту немесе бағдарламаларға қайта қатысу мүмкіндігімен 1 жылдан 3 жылға дейін.
«Шетелдік өткізу нарықтарында жұмыс істеуді жоспарлап отырған немесе осы жұмысты жаңадан бастаған орта кәсіпорындарға баса назар аударылады. Біз бизнеске қолжетімді қаражат беретін боламыз, бұл ретте бағдарламаларға қатысушыларға қызметкерлердің жалақысын өсіру, экспорттық түсім көлемі және қазақстандық қамту үлесі сияқты қарсы міндеттемелер ұсынылатын болады. Осылайша, біз өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын ғана емес, сонымен қатар ілеспе тауарлар мен қызметтердің отандық жеткізушілерін, яғни шағын және орта бизнесті де қолдай аламыз», деп түсіндірді ҚДБ Басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров.
Кәсіпорындарды қолдау бағдарламалары ұзақмерзімді және өңдеуші өнеркәсіптің экспортталатын өнімінің көлемін өсіруге, саладағы жұмыс орындарын сақтауға және ұлғайтуға, мемлекеттік бюджетке салық түсімдерін арттыруға мүмкіндік береді.
Даму банкі бағдарламаларға қатысуға өтінімді www.kdb.kz ресми сайты немесе клиенттермен жұмыс жөніндегі дирекцияның сайтта көрсетілген байланыс телефондары арқылы беруге болатындығын хабарлайды.